ИХСАНДАҒЫ КӨРКЕМ МІНЕЗДІ ҚАЛАЙ ТҮСІНЕМІЗ?

Рамазан айы өте қасиетті де мәртебелі. Бұл айда жасалған намаз, зікір, садақа және ғибадаттарға берілетін сауап басқа айларда жасалатын парыздардың сауабына тең. Осындай уақытта барынша рухани дүниемізді байытып, пайдалы дүниелер оқыған абзал. Осы тұрғыда Талдықорған қаласы Жетісу қалалық мешітінің имамы Б.Жұмағалиев аяттар негізінде дайындаған сұрақ-жауаптарды ұсынамыз.

Қасиетті Құранда көркем мінез туралы не дейді?

— Алла Тағала Құран Кәрімде көркем мінез пенделері жайында: «Олар кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында мал сарып қылғандар. Олар ашуын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық етушілерді сүйеді. Ал олар қашан арсыздық істесе, не өздеріне зұлымдық қылса, Алланы естеріне алып, күнәларының жарылқануын тілейді. Күнәларды Алладан басқа кім жарылқайды? Олар істеген істерін біле тұра қасарыспайды»( «Әли- Имран» сүресі, 134- 135- аяттары).

Міне, қасиетті Құранда осылай дей отырып, «Сендерге Алланың Елшісінде көркем үлгі- өнеге бар» («Ахзаб» сүресі, 21- аяты) деп, көркем мінез эталонын көрсетіп берді. Айтқандай Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) жақсылыққа шақыруда шешендігімен, сөзінің анықтығымен, жүйелі әдіс- тәсілімен, нұсқауының нәзіктігімен, нұрға тұнған рухымен, дарқандығымен, жүрегінің жұмсақтығымен, мейірімділігімен, қайраттылығымен, терең сезгіштігімен, қабілеттілігімен, ерекше қамқорлығымен, жұмсақтығымен, жайдары, көркем мінезімен ұстаз- тәлімгер болды. Сондықтан ол бізге Құран Кәрім көрсеткендей көркем мінез үлгісі, көркем мінезді толықтырушы және кемеліне жеткізуші ретінде жіберілді.

Пайғамбарымыздың  мінез-құлық кемелдігі жөнінде не айтар едіңіз?

— Қысқаша тоқталып өтсек, Пайғамбарымыздың көркем мінез- құлық кемелдігі 6 қасиеттен тұрады. Біріншісі- пайым- парасаты, алғырлығы, көрегендігі. Екіншісі- қауіп- қатерге төтеп беруі. Таршылыққа, қиындыққа сабыр етіп, ешқашан мойымаған. Үшіншісі- Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеге қызықпаған, одан бас тартқан, азға қанағат қылған. Ұрпағына, отбасына мал- мүлікті мирас етіп қалдырмаған. Тақуалықтың шыңын көрсетті. Төртіншісі- әрдайым кішіпейіл болған. Қарапайым күй кешиі, базарға да баратын, жерге де отыратын. Иә, айта берсек, Пайғамбарымыздың көркем мінез қасиетін санап біте алмаспыз, санағанмен шегіне жетпеспіз. Бесіншісі- өте ұстамды, байсалды болды. Алтыншысы- уәдеге беріктігі, келісімді бұзбауы. Опасыздықты үлкен күнә, уәдені бұзуды мінез- құлық жамандығы деп білді. Осы 6 сипаты арқылы ол бізге көп нәрсені көрсетіп кетті. Бұл қасиеттер баладан бастыққа дейін керек мінез- құлықтар болатын. Пайғамбарымыз тек жақсы сөз сөйлейтін. Ол, сөз жоқ, теңдесі жоқ Құдай заңыеюн алып келді. Айтқан сөзінен жаңылмады, сөзі амалына қайшы келмеді. Артық сөз сөйлемейтін. Адамзатты надандық шеңгелінен босатты. Алла Елшісі (с.ғ.с) жақсы мінез- құлыққа дағдылануға бұйырған. Әдептілікті ұмытпауға, әрі туысқанмен байланысты нығайтуға шақырды. Міскіндер мен жетімдерге қамқорлық көрсетуді өсиет етті. Ізгілік пен адамгершілікті насихаттап, әдептіліктің дәнін егіп, қайырымды қоғам қалыптастыру үшін әзіз жанын аямады. Біз бүгін сол құндылықтарды, Пайғамбарымыздың көркем мінезін жаңғыртуымыз керек.

Хадистерде көркем мінез қалайша көрініс тапты?

— Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өсиет- хадистерінде көркем мінез жайында көп айтты. Солардың бір- екеуіне тоқталып өтейік. Алла Елшісі (с.ғ.с.) :»Сендердің иман жағынан кәміл, толық болғандарың- мінезі жақсы болып, адамдарға жақсылық жасағандарың» деп, тіпті иманның өзін мінездің жақсылығымен, адамдарға деген жақсылықпен, пайдалы болумен өлшеген. Тағы бір хадисінде:» Қиямет күні маған ең жақын болатындарың- көркем мінезді болғандарың» десе, келесі хадисте:» Қияметте таразыға ең ауыр басатын амал- Алладан қорқу мен көркем мінез». Енді бірде:» Адамдар мінез- құлықтары жағынан бір- бірінен ерекшеленеді. Кім көркем мінезімен Алла Елшісіне жақындаса, онда ол Алла Тағалаға жақындаған саналады» деп, тамаша жол көрсетті.

Ал ислам ғұламаларының жақсы мінез-құлық жайындағы ойлары қандай?

-Ислам ғұламалары қасиетті Құран, Пайғамбарымыздың өнегелі хадистеріне сүйеніп, жақсы мінез- құлыққа мынадай сипаттама берген: адамдармен жақсы мәміле жасау, кішілерге насихат айту, дүниелік нәрсе үшін ешкіммен жауласпау, өзінен бұрын өзгені ойлау, дін және дүниелік істерде адамдарға көмектесу, мейірімді, қарапайым болу, ешкімді ренжітпеу. Жақсы мұсылман- көркем мінезді болу керек.

Сөзіңізді немен түйіндер едіңіз?

— Қасиетті Құран, хадис, ғұламалар кеңесін түйіндеп, өз ойымды қорыта отырып, темір тәрізді надандықты алтындай пайдалы да құнды қылатын- тек көркем мінез бен ізгілік. Ислам- әдептілік және көркем мінез діні. Пайғамбарымыз бір кісінің «Дін дегеніміз не? деп 3 рет сұраған  сауалына «Дін дегеніміз – көркем мінез» деген екен. Көркем мінез – екі дүние бақытына бастайтын жол. Ол жолды ұстану – біздің міндетіміз.