Қазақтың ұлттық ойындары бес түрге бөлінеді. Олар: аңға байланысты, малға байланысты, түрлі заттармен ойналатын, зеректікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін, соңғы кезде қалыптасқан ойындар. Олардың негізгілерінің өзі жүзден астам. Бұл ойындардың көбісінің ежелден қалыптасқан арнайы өлеңдері бар. Өлеңдер ойынның эстетикалық әсерін арттырып, балалардың өлең-жырға деген ыстық ықыласын оятып, көңілін көтереді, дүниетанымын арттырып, еңбекке баулиды, ширықтырып, шынықтырады.
Этнограф – ғалымдардың пайымдауынша, ата-бабаларымыздан бізге жеткен ұлттық ойындарымыздың тарихы Қазақстан жерінде б.з.б. бірінші мыңжылдықта-ақ қалыптасқан. Олардың ішінде тоғызқұмалақ, қуыршақ, асық ойындары Азия елдерінде тайпалық одақтар мен алғашқы мемлекеттерде кеңінен тарады. Біздің қоғамыздағы ұлттық ойындардың негізі, шығу тегі халқымыздың көшпелі дәстүрлі шаруашылық қаре- кеттерінен бастау алады.
Ұлттық ойын – тәрбиенің бастауы.
«Аламан бәйге», «Алтыбақан», «Арқан тарту», «Ақ сүйек», «Теңге алу», «Аударыспақ», «Қыз қуу», «Жамбы ату»… Санай берсеңіз, қазақтың ұлттық ойындары осылай жалғаса береді. Біздің алға қойған мақсатымыз халқымызға тән осынау ұлттық ойындарымызды тізіп шығу емес. Керісінше, ата-бабаларымыз бұдан сан ғасыр бұрын ойлап тауып, уақыт өте ұрпағына қалдырған ұлттық ойын түрлерінің маңызы мен мәнін саралап, дәл осы ойындарды жаңа ғасырда жаңаша пайдалануды бұлжымас дәстүрге айналдырсақ деген ой-пікірді иісі қазақ басшылардың есіне салсақ деген ниеттен туындап отыр.
Этнограф-ғалымдардың зерттеулеріне жүгінсек, қазақтың ұлттық ойындары аңға, малға байланысты, алуан түрлі заттармен ойналатын, зеректікке, ептілік пен икемділікке, батылдыққа баулитын ойындар деп бірнеше түрге бөлінеді. Қайсыбір ғалымдар қазақ халқының ұлттық ойында-ры түрінің жүзден асып жығылатынын айтады. Мұның өзі қазақ халқының ежелден-ақ айрықша дарынды һәм білімді болғанының дәлелі. Тағы бір ерекшелігі, ұлттық ойындардың, әсіресе, жасөспірім балаларға арналған түрлері әдетте өлеңмен «өрнектеліп» те отырған. Өлең-жыр арқылы ата-бабаларымыз ойынның эстетикалық әсерін арттырып қана қоймай, бүлдіршіндердің өлең-жырға деген ықылысын оятып, дүниетанымын арттыра білген. Тіпті қайсыбір ойын арқылы жас ұрпақты еңбекке баулып, шынықтыруды мұрат еткен. Демек, халқымыз ұлттық ойындар арқылы жастарды өмір сүруге дағдыландырып, қиындыққа төзе білуге, қиын сәттен жол таба білуге машықтандыруды басты мақсат еткен. Мысалы, «Аламан
бәйге», «Аударыспақ», «Арқан тарту» ойындары адамды төзімділікке үйретуге, ерік-жігерді игере білуге, білек күшін дамытуға бағытталған. Ұлттық ойындардың тағы бір ерекшелігі, әр ойын жас ұрпақты салиқалы да салмақты, шебер әрі епті болуға баулиды. Өйткені әрбір адам өзінен өрбіген ұрпақтың ынжық, бойкүйез болып қалмай, жан-жақты, білікті де күшті болып өсуін өмірдің мәңгі мәні ретінде қабылдаған.
- Жалпы, қазақтың ұлттық ойындарының қай-қайсысының да қоғамдық және әлеуметтік мәні зор. Бұған қоса, ұлттық ойындар қазақ халқының о бастан ерекше мәдениетті болғанын айқындайды. Ата-бабаларымыз ұлттық ойындар арқылы ұрпақтың береке-бірлігі мен ынтымағын жарастырып отырған. Шындығына келсек, адамның өмір сүруінде қазақтың ұлттық ойын-дарының атқаратын маңызы ерекше. Басқаны былай қойғанда, әр ұлттық ойын оған қатысушыны өмір сүруге бейімдеп ғана қоймай, қиындықтан қорықпай, қарсы тұра білуге үйретеді. Мысалы, бір ойын шеберлік пен ептілікке, енді бір ойын талғампаздыққа, ал енді бір ойын қиын-қыстау кезеңде тез шешім қабылдап, оңтайлы жол таба білуге баулиды. Оның үстіне ұлттық ойындардан спорт пен патриоттық тәрбие айқын аңғарылады. Мұның өзі қазақтың ұлттық ойындарының тәрбие берудің таптырмас құралы екендігін дәлелдейді. Өкінішке қарай, қазіргі күні біз маңызы зор ұлттық ойындарымыздың тек бірен-саранын («Аламан бәйге», «Көкпар», «Алтыбақан») ғана игере алдық. Осы тұрғыдан келгенде, қазақтың ұлттық ойындарының ішінде «Тоғызқұмалақ», «Жамбы ату», «Аударыспақ», «Көкпар», «Хан дойбысы» секілді түрлерін спартакиада, олимпиада ойын-дарына қысылмай-ақ қосуға болады. Мысалы, қазақтың ұлттық ойыны «Жамбы ату» бүгінгі күні олимпиада құрамындағы биатлоннан еш кем емес. Тек біздің Спорт және туризм министрлігі дәл осы «Жамбы ату» тәрізді ұлт-тық ойнымыздың мән-мағынасын терең түсініп, оны шетелдіктерге жеткізе білсе болғаны. Әйтпесе, біздің қаншама ұлттық ойындарымыз әлемдік додалы жарыстар өткізуге сұранып-ақ тұр. Ең бастысы, өзіміздің ұлттық төл ойындарымыздың беделін көтере білсек болғаны. Амал не? Бұл тұста әлі күнге қимылымыз шабан. Бізді бәрінен бұрын мәселенің осы жағы толғандырады, — дейді тарихшы-этнограф ғалым Бабақұмар Ғинаят.
Жастардың ұлттық сана-сезімінің дамуында қазақтың ұлттық ойындарының алатын орны айрықша. Оның ішінде қазақтың ұлттық спорт түрлерiнiң қатарына жақында қосылған қазақтың «хан дойбысы» ойынын атап өтуге болады. «Хан дойбысы» — мемлекет тiзгiнiн ұстаған хандардың, билердiң арасында кең тараған ойын түрi. Хан, би секiлдi лауазымды билікте болған бабаларымыз өздері өмір сүрген кезеңде бұл ойынды тек ойын тұрғысынан емес, ел басқарудағы саяси құрал ретiнде де пайдалана білген. Табылғанына көп уақыт болмаса да, «Хан дойбысы» ойыны қазақы«мiнезiмен» бiраз жанның жүрегiн жаулап алды. Бір қуантарлығы, қазіргі уақытта ойынның осы түрiн насихаттауға Қазақ ұлттық аграрлық университетінің жастары атсалыса бастады. Үстіміздегі жылы «Азиада-2011» ойындары шеңберінде Қазақ ұлттық аграрлық университетінің 80 жылдық мерейтойына орай қазақтың ұлттық ойыны «Хан дойбысынан» тұңғыш рет турнир өткізілмекші. Бұл әрине, дүйім жұрт болып құптайтын бастама! Қазақ халқы ежелден жылқы малын айрықша қастерлей білген. Ал олардың сәй-гүліктерге деген ынта-ықыласы ат ойындарына сүйіспеншілікті арттыра түскені даусыз. Қазақтың ұлттық ойындарының ішінде ат ойындарының ерекшелігі мен маңызын айтып жеткізу тіпті де мүмкін емес. Бір таңданарлығы, ертеректе әр жігіт, тым болмағанда, ат сайыстарының бір түріне қатысып, жүзден жүйрік шығуды аңсаған. Халқымыздың жер тарпыған сәйгүліктерді жақсы көргені соншалық, оларға «тіл-көз тиеді» деп қорыққан. Сондықтан бәле-жаладан сақтану үшін бәйгеге қосатын тұлпарларды ешкімге көрсетпей, үстіне жабу жауып, жануардың құйрық-жа-лын өріп, әр жеріне үкінің қауырсындары мен тіл-көзден сақтайтын тұмар таққан. Әдетте, шабандоздыққа 8-14 жас аралығындағы жасөспірім балаларды дайындаған. Тіпті қазақ қыздары да жорға жарыстарына қатысып, шабандоздықты өздеріне серік еткен. Сонда ежелден халқымыздың қанына сіңген, сонау ғасырлар қойнауынан жаңа заманға жеткен ұлттық ойын-дарымызды өзіміз түгендемесек, кім түгендейді? Тәрбиелік мәні зор ұлттық ойындарымызды бүгінгі ұрпақтың бойына неліктен сіңірмеске?! Ұрпағының ұлт болып қалыптасуын ұмытпаған елдің ғана көсегесі көгеретінін ұмытпайық, ағайын!
Ойын түрлері:
- «Ақшамшық» (сақина салу) — қазақ халқының ерте заманнан келе жатқан дәстүрлі ойыны. Оны халық арасында «Сақина салу», «Сақина тастау» деп те айтады. Ойынға он-он бес адам қатысып, ортаға бір жігітті немесе бір қызды шығарып, қолына сақина ұстатады. Ойын ережесі бойынша қыз-жігіттер үйде дөңгелене отырып, екі алақанын бір-біріне қабыстырып алға созады. Ойынды жүргізуші алақанындағы сақинаны кімге салса да өз еркі. Ол адамдардың барлығының алақанына сақина салған болып шығады да дауыстап: «Тұр сақинам, тұр» деп немесе «Ақшамшығымды бер!» деп дауыс-тайды. Сол сәт сақина тасталған адам «Сақина менде!» деп орнынан тез тұруы керек. Оны көршісі ұстай алмай қалса, жұрт алдында өз өнерін көрсетеді.
- «Теңге алу». Жерде жатқан теңгені атпен шауып келе жатып іліп алу — үлкен ептілікті, ат құлағында ойнайтын шабандоздық тәжірибені қажет етеді. Теңгені жерден іліп алғандарға бәйге беріледі. Бұрындары қазақ жігіттері атпен шауып келе жатып, қолындағы қылышымен жерде жатқан
тезекті түйреп алып, көкке лақтырып жіберіп, оны жалма-жан қылышымен екіге шауып түсіретін болған.
3.«Қыз қуу». Бұл — ұлттық ат спорты ойыны. Қыз қуу жарысында атқа мінген жігіт атпен шауып бара жатқан қызды қуып жетіп, оның бетінен сүюі керек. Бұл — жігіттің жеңгені. Қуып жете алмаса, қайыра шапқанда қыз жігіт пен оның атын қамшының астына алады. Бұл — қыздың жеңгені. Қазір бұл ойынның ережесі жасалып, бір жүйеге келтірілді. Қазақстанда алғаш қыз қуу спорттық жарыс ретінде 1923 жылы өткізілді. Содан бері оқта-текте мерекелік бағдарламаларға енгізіліп келеді. - «Көкпар». Ұлттық ат ойыны. Этнографтардың айтуынша, әуелгі атауы «көк бөрі» сөзінен шыққан. Бұрындары мал баққан көшпелі қазақ көк бөріні соғып алғанда, өлігін ат үстінде сүйреп, бірінен бірі ала қашып, өздерінше ойынның бір түрін ойлап тапқан. Уақыт өте келе көкпар ұлттық ойынға айналған. Көкпар — әсіресе, қазақтардың, Орта Азия халықтарының сүйікті ойыны. Бұл ойын — жаппай тартыс және дода тартыс болып екіге бөлінеді. 1949 жылы елімізде көкпар жарысының жаңа ережесі бекітілді. Әдетте, көкпарда басы кесілген серке тартылады.
- «Күміс ілу» (жүзік ілу). Бұл ойын ептілікті, атқа жақсы отыруды та-лап етеді. Келін түсіру, қыз ұзату салтанатында қалыңдық орамалға түйіп, өзінің күміс шолпысын, әйтпесе жүзігін тастайды. Сондықтан да кей аймақта бұл ойынды «жүзік ілу» деп атайды. Қатты шауып келе жатқан шабандоз жігіт ат екпінін бәсеңдетпеспен, әлгі орамалды іліп алып кетуі керек. Сонда оған беташар айтуға рұқсат беріледі. Осылайша қазақ жігіттері өзінің ептілігі мен шеберлігін «Күміс алу» сайысында дәлелдей білген. Бір таңданарлығы, Орта Азияға жорық кезінде Александр Македонскийді халқымыздың жүзік алу сайысы ерекше таңғалдырған екен. Тарихшылардың айтуынша, Күміс алу ойынын көрген Македонский: «Атты жауынгер үшін қажетті нағыз дайындық міне — осы!» деп таң-тамаша болыпты.
- «Бәйге». Бұл жарыстың бірнеше түрі бар. Олар: аламан бәйге, тай жарыс, құнан бәйге, топ бәйге. Бәйге жарысы, негізінен, жазық жерлерде өткізіледі. Көмбеге алғаш озып келген шабандоз жеңімпаз атанып, сыйлыққа ие болады.
- «Асық ойыны». Бұл — балалардың ежелгі спорттық ойыны. Тақыр алаңға көлденеңінен түзу сызық сызады да, соны бойлай тігілген кенейді кезектесіп сақамен ату арқылы мергендік сынасады. Асық ойынының үш табан, бір табан, шығу, шеңбер секілді бірқатар түрлері бар. Ертеде қазақтың қыз-келіншектері де асық ойнаған. Олар ойнаған асық ойындары қора хан, құмар, т.б. аталған. Асықтың «Хан талапай», «Төрт асық», «Атпақыл», «Қақпақыл», «Омпы», «Сасыр» секілді түрлері де бар.
- «Ақсүйек». Қыз-бозбалалар ойыны. Жазғы айлы түнде ойнаған. Әдетте, қойдың жілігі немесе жауырыны, жамбасы пайдаланылған. Ойын жүргізуші ойыншыларды екі топқа бөледі. Сөйтіп, алдын ала әзірленген сүйекке белгі салып алған соң, оны алысырақ барып лақтырады. Кейде екі топтың мүшелері кезектесіп те лақтырады. Ойынға қатысушылар ақсүйекті іздеп табуы тиіс. Ақсүйекті тапқан ойыншы ешкімге білдірмей, оны көмбеге жеткізуі тиіс. Ал мұны қарсыластары біліп қойса, қолма-қол тартып алуға тырысады. Сондықтан ақсүйекті тауып алған топтың ойыншылары біріне-бірі лақтырып, көмбеге қай топ бұрын жеткізсе, сол топ жүлдегер атанады.
Қ. Бейсбаев,
Ш. Уәлиханов ОМГ
дене шынықтыру
пән мұғалімі