“Таза Қазақстан”экологиялық акциясы ауданымызда жүргізілуде

Баршамызға мәлім, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясын бастауға үндеу жолдады. Су тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді-мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын жөніндегі науқанды бастауды тапсырды.

Қадірлі жерлестер! Ардақты ағайын!
Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, тату тірлік пен береке-бірліктің бесігі — Ескелді өңірінде бүгіннен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы науқаны бастау алды. Тазалық пен тәртіп — кез-келген аймақтың табысты дамуының кепілі ғана емес, тұрғындардың мәдениеттілігінің өлшемі.


«Тазалық — табалдырықтан басталады» демекші, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау — әрбір азаматтың басты міндеті. Аудан шырайын шұғылалы ету мақсатында биыл да ауданды көріктендіру, көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу жұмыстары жүйелі түрде атқарылып келеді. Сенбілік — бұл ұжымдық рухты, бірегейлікті, ауызбір¬шілікті көрсететін керемет шара. Аталған шара тұрғындардың табиғатқа деген жақсы қарым-қатынасын қалыптастыруға және ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталады. Әр адам өз үйін әдемі, ауласын таза ұстаса, ауылдың тазалығы мен көркіне көрік қосар еді.
Бүгін сенбілікке шығып, талдарды әктеп, айналаны сыпырып, қоқыстарды жинап жатырмыз. Әр адам сенбілікке кішкене де болса ат салысып, үлесін қосса, тазалыққа деген жауапкершілігі де арта түседі. Жанға рахат, көңілге шаттық сыйлайтын тазалық шараларына алдағы уақытта да аудан тұрғындары белсене қатысса, нұр үстіне нұр болар еді. Ауламызды гүлдендіріп, көшелерімізді көркейтеміз десек, санитарлық тазалықты өзімізден бастағанымыз жөн. Туған жердің тазалығын қадағалау әрбір тұрғынның азаматтық парызы екенін естен шығармайық.
Қашан да халық үшін ауыл – руханияттың темірқазығы, ұлттық құндылықтардың алтын бесігі, береке-байлықтың бастауы. Туған жерінің ауасын жұтып, суын ішіп, табиғатынан қуаттанған әрбір азамат өз ауласын таза ұстап, қадірлеуі тиіс.
Ұлы жол алғашқы қадамнан басталады. Осы ретте, тазалық айлығы аясында аудан халқы туған жерді түлетуге атсалысады деп сенеміз.
Барша жерлестерімді, еңбек ұжымдары мен кәсіпкерлерді игі бастаманы өз үйінен бастап, аулалар мен көшелердің тазалық жұмыстарына ұйытқы, жақсы істерге дәнекер болуға шақырамыз.
Тазалық біз бен Сізден басталады!
Туған жерімізді бірге көркейтейік!

Ахметов Елдос Тұрсынбайұлы.
Құрметпен, Ескелді ауданы әкімі