ЕСІМІ МӘҢГІЛІК ЖАДЫМЫЗДА

Тәңірберген Ыбырайұлы Хажиевтің

есімі өзі оқыған сыныпқа берілді

Жетісу ауылы «Ғалымдар мекені» деп бекер айтылмаса керек. Тоқсан жылдық тамыры терең мектептен қаншама ғалымдар, өнер қайраткерлері, ел ағалары түлеп ұшқан. Солардың ішінде өнерге өзіндік үлесін қосқан кино өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған мектебіміздін түлегі – Тәңірберген Ыбырайұлы Хажиев.

Ол бұрынғы Талдықорған ауданының Жетісу колхозындағы Жендік ауылында 1950 жылдың 15 қазанында дүниеге келген. Әкесі Ыбырай Ұлы Отан соғысының ардагері, ауыл мектебінде бастауыш сыныбының мұғалімі болған. Жастайынан білімге құштар, зерек, өнерлі болып өсті. Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт қатарластарының алды болды.  1976 жылы  Алматы халық шаруашылық институтының жоспарлау экономика факультетін, кейін аспирантурасын бітірген. Тәңірберген Хажиевті ҚР Мемлекеттік киноматография комитетінің тапсырысы бойынша жас маман ретінде Ш.Айманов  атындағы «Қазақфильм» киностудиясында фильм директорының  орынбасары етіп тағайындайды.

Ол өз фильмдерінде аса жауапкершілікпен қарап, 25-тен астам көркемсуретті фильмдердің жоғары дәрежелі директоры және продюсері болды. Атап айтсақ, тарихы терең қойылымы  күрделі «Қан мен тер»,  «Жазушы»,  «Әлия мерген», «Біржан Сал», төрт сериялы «Шоқан Уәлиханов» фильмдері бар. Өзінің шебер ұйымдастырушылық қасиетінің арқасында 1987-1992 жылдары  Ш.Айманов  атындағы «Қазақфильм»  киностудиясының  бас директоры және бірінші орынбасары болып жұмыс жасады.

Киностудияға басшылық еткен жылдарында «Ине», «Соңғы аялдама», «Бейбарыс Сұлтан», «Отырардың күйреуі» фильмдері  халықаралық  және  одақтық фестивальдерде жоғарғы жүлделерге ие болған. Тынымсыз еңбегінің арқасында киноөндірісте продюсерлік киноның негізін қалаушылардың бірі болды. «Голгоф», «Аллажар», «Күнә», «Әкем екеуміз» көркемсуретті  фильмдеріне продюсерлік етті.

«Әкем екеуміз» көркемсуретті фильмі үшін халықаралық  «Еуразия — 2008» кинофестивалінде «Үздік режиссерлық жұмыс», «Үздік жігіт рөлі» және халықаралық «Нетпак» сыйлығын жеңіп алды. 1998 жылдан бастап Т.Жүргенов атындағы Қазақ өнер академиясының «Кино және телевизия кафедрасының» оқытушысы болып, республикамыздың мәдениет және өнер саласына болашақ продюсерлер мен менеджерлерін дайындауда өз үлесін қосты. 2002 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің ЖАК шешімі бойынша экономика ғылымдарының кандидаты, 2006 жылы академиялық доцент атағын алды. Кино өндірісімен бірге ұстаздық жолды қатар алып жүрген Тәңірберген Ыбырайұлы 2008 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталды. 2009 жылы Өнер академиясының ғылыми кеңесінің шешімімен көп жылғы табысты еңбегі үшін академиялық профессор атағын иеленді.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жас жеткіншектердің бойына патриоттық тәрбие беру мақсатында 23-ші сәуір күні   мектебімізде үлкен салтанатты іс-шара өтті. Салтанатты іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласынан Т.Хажиевтің жары Құрманай Хажиева, шәкірттері, Алматы қаласындағы «Өнер» академиясының түлектері, қазіргі Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының продюсерлері  және  сыныптас достары келді.

Тәңірберген Ыбырайұлының жан жолдасы, экономика ғылымдарының докторы, академик, Президенттің жанындағы мемлекетті басқару академиясының профессоры Шәріпов Асқар Қалиұлы, облыстық «Жетісу» газетінің бұрынғы жауапты қызметкері Дүсекенова Қадиша Қошымовна, құрметті ұстаз, «Оқу ісінің үздігі», «Ұлағатты ұстаз» Жармұханбетова Мейіз Ахметовна, Алматы облыстық Д.Қонаев қоғамдық қорының төрағасы, облыстық Ардагерлер кеңесінің пленум мүшесі Жексенов Қадыржан Кенжебайұлы, Тәңірберген Хажиевтің ауылдасы, Жетісу ауылының ірі кәсіпкері Рахымбаев Қаблиса Рақымжанұлы, Т.Хажиевтің шәкірттері, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының продюсерлері Сантыбаев Ардагер Төлегенұлы және Шонаұлы Жансерік еске алу кешіне қатысты.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик, профессор Тәңірберген Ыбырайұлы Хажиев өзі оқыған сыныпқа Тәңірберген Хажиевтің есімі беріліп, сынып жетекшісі Гүлім Махмұдқызы Кожахметова 9 «А» сыныбымен профессор Тәңірберген Ыбырайұлы Хажиевті еске алуға арналған тәрбие сағатын өткізді. Тәрбие сағатында Т.Хажиевтің өмірбаянынан мағлұмат оқылып,  алған атақтары мен марапаттары айтылды. Келген қонақтар,  сыныптас достары Т.Ы. Хажиевті еске алып, оның бала күнгі естеліктерімен бөлісті. Алыс жолға, боранға қарамай бір күн сабақтан қалмай оқығаны, өнерге, білімге құштар болғаны туралы тамаша естеліктер айтылды.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», академик, профессор Тәңірберген Ыбырайұлын еске алуға арналаған  салтанатты жиынының қорытынды бөлімі композитор, сырнайшы, профессор Ағайша Шермұхамбетқызы-Исағұлованың әніне, ақын Сайлаубай Есжанұлы Тойлыбаевтың  сөзіне жазылған «Жетісу орта мектебі» атты Жетісу орта мектебінің гимнімен қошеметтеліп, аяқталды. Іс-шараның оқушыларға берген рухани  тәлім-тәрбиесі мол болды. Олар Т.Хажиев атындағы сынып атанғанын мақтан етіп, «Сол кісіге ұқсасам, мен де Қазақстанның белгілі азаматы болсам» деген үміт әрбір оқушының жүрегінде арман отын ұялатқандай болды. Болашақ ұрпақ алдағы ағаларының ізін жалғап, Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосатын патриот, еңбекқор, білімді, өнерлі, тұлғалар қалыптасатынына кәміл сенеміз.

Гүлнар СЫДЫҚОВА,

мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.