ТОҚСАН ҚОРЫТЫНДЫСЫ САРАЛАНДЫ

Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында ауданның 2019 жылдың I тоқсанының әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен IІ тоқсанына арналған міндеттері қаралды. Жиынға аудан әкімі Б.Тәнекенов төрағалық етіп, аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, аудандық бөлім басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, бюджеттік мекеме басшылары, мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

2019 жылдың I тоқсанының әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларын Елдос Тұрсынбайұлы баяндады. Оның айтуынша жыл басынан бері ауданымыздың  әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінде өсім байқалады екен. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 1 млрд. 193 млн. теңгені құрап, нақты көлемінің индексі 100,4 пайызды құрады. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласында өнім өндіру 2018 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда – 102,9 пайызға артты (2018 жылдың 3 айында – 2 200 млн.теңге). Тартылған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 348 млн. теңгеге артып, нақты көлемінің индексі 134,4 пайызға орындалған. Ал шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2893-ті құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 134 бірлікке көбейді немесе 105 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында ілгерушілік бар. Ал жергілікті маңызы бар жолдардың жұмысын қамтамасыз етуге бөлінген қаражат 371,6 млн. теңгені құрап отыр. Ал 9 маусымда өтетін Президент сайлауын аудан бойынша жоспарға сәйкес өтуін қатаң бақылауда ұстауға және жоғарыда айтылған кемшіліктерді жойып, барлық ереже-талаптарды қатаң бақылауда ұстану керектігін алға тартты. Жалпы аудандағы қоғамдық-саяси ахуал тұрақты, алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру бойынша барлық шаралар қабылдануда екенін растады.

Баяндама аяқталған соң еш тараптан сұрақ болмағанына қа-рамастан, Бағлан Сағындықұлы сұрақты өзі қойды. Ол Бақты-бай ауылдық округінің инфрақұрылымына қатысты мәселені алға тартты. Оның сұрағына Е.Ахметов пен құрылыс бөлімінің міндетін атқарушы Ә.Айтахов жауап берді.

Баяндаманы талқылау бойынша Төлеңгіт ауылдық округінің әкімі Қ.Сатанов пен Қаратал ауылдық округінің әкімі С.Әлімбаев мінберге шығып, өз қорытындыларын жасады. Бұл тұста да аудан әкімі кенже қалып отырған мәселелерді пысықтауын тапсырды.

Сонымен қатар баяндама бойынша сәулет және қалақұрылыс бөлімінің басшысы Ғ.Алпысбаев сөз сөйледі. Өз тарапынан аудан әкімі аудан орталығында рұқсатсыз тұрған дүңгіршіктер мен заңсыз сауда жасап жүрген саудагерлердің өршіп кеткенін айтып, Ғалымжан Қалымбекұлына ескерту жасады. Өз кезегінде бөлім басшысы туындап тұрған мәселелерді басшылыққа алып, алдағы уақытта нәтиже көрсететіне уәде берді.

Жиын барысында ауданның 2019 жылға арналған басым іс-шаралар жоспарын сапалы және уақытылы орындау тапсырылды. Сөз соңында Бағлан Сағындықұлы аталған тапсырмаларды толығымен орындап, екінші тоқсанның жиынында нақты нәтижелермен кездесейік деген сенім білдірді.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.