Дәрігер болу — жауапкершіліктен емес, махаббаттан…

Дәрігер мамандығының қыр-сырына қанығып, қиындығына қарамай сол жолды таңдау үшін үлкен жүрек керек. Тек жүректілікті емес жауапкершілікті де талап ететін сала маманы өзін адам өмірінің құтқарушысы екендігін сезініп-ақ келеді. Медицина саласының көптеген бөлімі бар екені белгілі. Соның ішінде адамдардың жалпы саулығын қарап, сырқатын айнытпай табуда дәрігер терапевтің орны тіптен бөлек. Адам ағзасындағы өзгерістерді анықтай отырып, ары қарай тиесілі жерге жолдама беретін маманға жан-жақтылық ауадай қажет. Ол қажеттілік орындалып жатқандай. Соңғы кезде терапевт деген сөздің орнына Жалпы тәжірибелік дәрігер дегенді жиі естіп жүрміз. Жан-жақты маман екені қабылдаған науқастарынан көрініп тұрады. Еңкейген қарт та, еңбектеген бала да атаулы дәрігердің есігін сығалайды. Айтулы маманның ерекшелігі неде, соны білу мақсатында Қазақстан-Ресей медициналық университетінің түлегі, 2018 жылдан бері аудандық аурухананың жалпы тәжірибелік дәрігері Мағжан Тулеубековпен әңгімелескен едік.

— Мәке, әңгімемізді көңіліңізге майдай жағатын сұрақтан бастасақ. Дәрігер болу бала арманыңыз ба?

— Медицина десе көзіңізге не елестейді? Шприц, ақ халат, аурухана, дәрі-дәрмек, науқастар…Ал бұлар тек сырт көзбен қарағанда байқалатын дүниелер, ал өз саласын жетік меңгерген маман үшін «медицина» сөзі ең асыл, қымбат, шексіз махаббат! Көмек сұрап келген жанға қол ұшын беріп, сырқатынан айығу үшін қолыңнан келгенді істеу үлкен қуаныш сыйлайды. Мен осыны сонау бала күнімнен ұғындым. Сондықтан да дертке дауа сыйлайтын салаға еш ойланбастан келдім.

— Бәрекелді! Осы тұста сұрамасқа болмас, қазір терапевт дегеннен гөрі жалпы тәжірбиелік дәрігер деген ұғым жақсы қалыптасқан, атаулы ұғымның ерекшелігі қандай?

— Жалпы тәжірибелік дәрігер (ЖТД) – алғашқы медико-санитарлы көмек көрсетуде арнайы көп салалы дайындықтан өткен, амбулаторлық жағдайда аралас яғни ересек болсын, бала болсын, жасы мен жынысына қарамай қабылдайтын; медикоәлеуметтік мәселерді шешуіне, салауатты өмір салтын қалыптастыруына әсер ететін, реабилитациялық және алдын алу шараларын ұйымдастыратын маман.

— Екінің бірі ЖТД бола алмас. Жалпы тәжірибелік Дәрігер боламын деген адамда қандай қасиеттер болуы керек?

— Жалпы дәрігер мамандығын жүрегінде түгі бар адамдар таңдайды. Дәрігер мамандығын таңдаған адамда жанашырлық қасиет басым болуы керек. Қабылдау уақытым бітті деп алдыңа келген науқасқа қарамайтын болсаң сізден «дұрыс» дәрігер шығуы екіталай. Сонымен қатар науқастың ішкі жан-дүниесін түсініп, көңілін тауып, демеу бола білу де оған шипа береді. Дәрігерге бұл дағды жұмыс тәжірибесі арқасында келеді. Және дәрігер психолог болуы қажет, өйткені ол сан түрлі, қилы мінезді адамдармен жұмыс істейді. ЖТД болу қиынның қиыны емес, тек өз саласы бойынша ізденісті тоқтатпаған маман ғана білікті дәрігер бола алады.

— Өзіңіз таңдаған жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығының қым-қиғаш күрделі тұстары бар ма?

— Бұл мамандық өте үлкен жауапкершілік пен біліктілікті талап етеді. Денсаулық – ең қымбат байлық. Денсаулықтағы кінаратқа селсоқ қараған дәрігердің қателігін ешқандай адам кешірмейді. Жалпы тәжірибелік дәрігер түрлі жағдайларда жұмыс істейді. Ауа райының кез келген қолайсыз жағдайларына қарамастан, қилы алыс жол болсын, азуланған сырқат болсын ақ халаттылар науқасқа дер кезінде ем жасап, жанына шипа болуына тура келеді. Күнделікті қабылдауда қаншама жұқпалы және қатерлі аурулармен тікелей қатынаста болатын маман иесі де үнемі сақтық шараларын жасап жүреді. Қауіпті тұсы осы болса да таңдаған мамандығыма еш өкінбеймін.

— ЖТД дедік, десек те бұл атаудың түпкі тамыры «терапевт-дәрігер»-де екіні белгілі. Дәрігер-терапевтің негізі миссиясы мен міндеттері қандай?

— Дәрігердің миссиясы-денсаулық сақшысы болу. Жеке-жеке тоқталып, толық ақпарат бере кеткенім артық етпес.
1) неғұрлым кең тараған аурулар мен жарақаттарға тиiсiнше диагноз қою, емдеу және оңалту;
2) негiзгi инфекциялық ауруларға қарсы иммундау шаралары;
3) эндемикалық және басым инфекциялық аурулар профилактикасы және олармен күрес;
4) ана мен баланың денсаулығын қорғау, соның iшiнде отбасын жоспарлау мәселелерi;
5) гигиеналық тәрбие, салауатты өмiр салтын қалыптастыру;
6) сапалы тамақ өнiмдерiмен жабдықтауға жәрдем көрсету және ұтымды тамақтану жөнiнде ұсыныс жасау;
7) сапасы жақсы сумен жабдықтауға және негiзгi санитарлық шаралар жүргiзуге жәрдем көрсету;
8) дәрi-дәрмек бұйымдарын дәрi-дәрмек формулярына және емдеудiң осы заманғы хаттамаларына сәйкес ұтымды тағайындау және пайдалану болып табылады.

— Маман ретінде көктем мезгілінде қозатын аурулар жайлы ақпар бере кетіңізші

— Қазiр көктемнiң көкөзек шағы. Алмағайып мерзiмде адам ағзасы да әлсiреп, бойдағы түрлi аурулар қозуы әбден мүмкiн. Мысалы тұмау вирусы. Әлсiздiк, жөтелу, дене қызуының көтерiлуi – бұл аурудың белгiлерi. Аталмыш вирус пневмония және басқа да бактериялы инфекцияларды туғызуымен қауiптi. Сондықтан қолды жиi жуып тұру керек. Сұйық асты көп iшiп, дұрыс әрi уақтылы тамақтану қажет. Аденовирус. Бұл ағзаға тыныс алу жолдары және тамақ арқылы енедi. Ауырған жағдайда науқас құсып, iшi өтедi. Риновирус. Риновирус ауызға микроб түсуi арқылы енедi. Егер адамның иммунитетi төмен болса, риновирус асқынуға бейiм. Аллергиясы бар адамдарға көктем мезгiлi жайсыздау тиюi мүмкiн. Ол гүл тозаңдарынан қозып, поллиноз немесе шөп безгегiн тудыруы мүмкiн. Терi бөртпелерi. Көктемде терiдегi безеулер мен бөртпелер тек жеткiншектерге ғана емес, 20-40 жас аралығындағы әйелдерге де шығады. Оған май бездерi белсендiлiгiнiң төмендiгi себеп болуы мүмкiн. Егер адамның иммунитетi мықты болса, түрлi бөртпелерге қарсы күресуге қауқарлы. Күйзелiс. Жыл мезгiлдерi алмасқан уақытта адамдар күйзелiске жиi ұшырайды. Неге? Түннiң қысқарып, күннiң ұзаруы себебiнен адамның биологиялық «сағаттары» да өзгерiске түседi. Күйзелiс себебiнен адам ағзасы әлсiреп, ешнәрсеге көңiлi толмай, еңбектенгiсi келмейдi. Мұндай жағдайға ұшырамас үшiн уақтылы ұйықтап, дене шынықтырумен айналысқан пайдалы.

— Көктемде созылмалы фарингит, бронхит секілді аурулармен ауыратын ересектер мен балаларда тыныс алу жүйелерінің аурулары жиі кездесетінін естіп жатамыз. Алдын алу жолдары бар ма?

— Ең алдымен, бұл белгілердің қайталануы иммунитеттің төмендеуімен түсіндіріледі, ол, өз кезегінде, гипотермия, дәрумен жетіспеушілігі, қыста күн сәулесінің болмауы салдарынан болуы мүмкін. Фарингит пен тонзиллитке шалдығу тамақтағы ауырсыну мен қышу, қатты әлсіреу, тамақта бөгде нәрсе тұрған секілді белгілер арқылы көрінеді. Бронхит кезінде қатты жөтел, интоксикация белгілері болады. Тыныс алу жүйесіндегі қабыну дене қызуының жоғарылауына, қатты терлеуге және жұмыс қабілеттілігінің төмендеуіне әкеледі. Созылмалы гайморитте, мұрынның бітелуі, мұрнынан су ағу және бастың ауыруы мазалайды.

— Күн жылына салысымен бар табиғат жанданады. Улы жәндіктер шыға бастайды. Үйде, бау-бақшада, табиғат аясында ара, сона, бүгелек (есек ара), бұзаубас, маса, кененің жүруі әбден мүмкін. Мұндай улы жәндік түрлері шаққанда жасалатын ем-дом қандай болмақ?

— Кез келген жәндік шаққан соң жара ауырып, маза кететіні анық. Қарапайым маса шақса да бірнеше күн қышып есіңізді алады. Ал ара сияқты жәндіктердің шаққан жері жараға айналады. Сол жара жылдам жазылу үшін төмендегідей шаралар жүргізген дұрыс:
Егер сізді ара шағып алса, алдымен денеде піскек мұрты қалып қоймағанына көз жеткізіңіз. Мейлінше жылдам оны теріден алып тастау керек. Себебі, араның тұмсығындағы у денеңізге жайылып кетуі мүмкін.
Жәндік шаққан жерге 15-20 минут салқын компресс немесе мұз басыңыз. Бұл ісіп тұрған жердің бетін қайтаруға көмектеседі.
Шаққан орын қызарып немесе бөртіп кетпес үшін арнайы гель немесе жақпа майын қолданыңыз. Егер көкке немесе демалысқа шығатын болсаңыз, шағын дәрі қобдишасын алуды ұмытпаңыз.

— Араның немесе басқа да жәндіктің уына аллергиясы бар адамдар үшін ақпар болсын. Аллергияның алғашқы белгілері қандай?

— Аллергияның алғашқы белгілері мынадай: тамақ, тіл, көз ісінуі мүмкін, тыныс алу қиындайды, жүрек айнып, адам өзін жайсыз сезінеді, басы айналып, есін жоғалтады. Өздігінен емделуге жүгірмей, бірден дәрігерге жүгінгені абзал. Аллергия ойнайтын зат емес.

— Түсінікті. Ұзақ қыстан кейін адам ағзасы әлсірейді. Сол себепті де осы шақта түрлі ауру-сырқауға қарсы тұру үшін ағзаға қолдау қажет. Көктемде иммунитетті қалай нығайтуға болады?

-Көктем болсын, басқа мезгіл болсын салауатты өмір салтын ұстанудың қарапайым қағидаларын сақтауды ұмытпаған жөн. Олар: 7 сағаттан кем емес уақыт ұйықтау, көз ілер шақта жатын бөлмесін қараңғылықта ұстау, түрлі мультимедиялық құрылғыларды ұйқыға 1 сағат қалғанда қолданбау, түнде тамақты тойып жемеу. Тұтынатын ас-ауқат тізіміне жемістер мен көкөністерді қосу. Таза ауада күніне, ең болмағанда, 30 минут серуендеу. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген әлдеқайда тиімді!

— Сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен
Арай Нұржанққызы