ДІНИ САУАТТЫЛЫҚ — ҚАУІПСІЗДІКТІҢ БАСТЫ БЕЛГІСІ

Өткен аптада Алматы облысының Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Деструктивті діни идеологияға қарсы тұруда және конфессияаралық қатынастарды сақтаудағы БАҚ-ның рөлі» атты облыс, аудан, қала газеттерінің тілшілері, баспасөз хатшыларына арнап семинар-тренинг өтті.
Діни тақырыптар мен конфессияаралық келісім мәселелерін тиімді жариялау, мемлекеттік органдар мен БАҚ-ның өзара іс-қимыл жасап, діни экстремизм мен терроризм көріністеріне қарсы әрекет ету, сондай-ақ БАҚ арқылы азаматтарға ақпарат жеткізудің қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерін түсіндіру мақсатында бұл ауқымды шараға білікті мамандар шақырылды. Атап айтқанда, «Білім» мәдениет және білім беру орталығының директоры Руслан Иржанов, Алматы энергетика және байланыс университетінің ұстазы, философия ғылымдарының кандидаты Зарема Абдуллина және Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің баспасөз хатшысы, ұстаз Айша Кеңесбай қатысты. Спикерлер елімізде болып жатқан жағдайларға түсінік берді, БАҚ беттерінде діни тақырыптарды жариялаудың түрлері мен тәсілдері, тілшілер қауымын конфессияаралық келісімді нығайту жолындағы мемлекеттік саясат жөнінде ақпараттандыру және интернет кеңістігіндегі ақпараттық жұмыстар төңірегіндегі сан түрлі өзекті тақырыптарға тоқталып өтіп, түйткілді мәселелердің түйінін тарқатты.
«Білім» мәдениет және білім беру орталығының директоры Руслан Самарқанұлы жалпы терроризм ұғымының астарына тоқталып, бұл қасіреттің ислам дінімен байланысты емес екенін нақты мысалдармен дәлелдеді. Оның келтірген дерегіне сүйенсек, алғашқы террористік акт біздің заманымызға дейін жасалған екен. Оның басты мысалы – дүние жүзі тарихында орын алар әйгілі 300 спартандықтардың тарихы. Яғни ер жеткен жас спартандыққа кез келген үйге кіріп, үй ішіндегілерді аяусыз өлтіруді тапсырады. Нағыз спартандықтардың қатарына қосылу үшін 13 жасар бала қатігездікпен жазықсыз адамдарды қырып-жоюы қажет. Бұл әрекет – нағыз терроризмнің өзі. Мұнда ислам дінінің, болмаса жалпы мұсылман қауымының қатысы жоқ. Білікті маманның айтуынша, бүгінгі күні қазақ халқының салт-дәстүрлеріне де жала жабылып, терроризм мен экстремизмнің зиянды ықпалы тиюде. Сондықтан кез келген адам, оның ішінде ақпаратты елге тарататын бұқаралық ақпарат саласының өкілі бұл тұстағы ақ пен қараны ажырата білуі керек.
Алматы энергетика және байланыс университетінің ұстазы, философия ғылымдарының кандидаты Зарема Альфредқызы ақпараттық-түсіндіру жұмысын бастамастан бұрын журналистер арасында қызықты психологиялық тренинг өткізді. Түрлі оқиғалардың арбауына журналистер қауымының қалай түсетінін анықтау мақсатында белгілі бір тапсырмаларды орындатты. Жаттығудан соң әрқайсысының деңгейі анықталып, сенгіштік қасиеті басым ақпарат өкілдері өз-өзімен жұмыс істеу керектігін түсінді. Одан әрі дін төңірегіндегі немесе түрлі діни ұйымдарға қатысты мақала жазбас бұрын, жинақталған деректерді саралап қана қоймай, қажет болған жағдайда тиісті мамандармен кеңескен жөн екенін айтты. Журналистік этика дінмен байланысты мәселелерге кәсіби, сауатты әрі әдепті тұрғыдан келуді талап етеді. Сондықтан мемлекеттің саясатын жетік білетін, заң шеңберінде жұмыс істей білетін БАҚ өкілдері қоғамға ауадай қажет екенін жеткізді.
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің баспасөз хатшысы, ұстаз Айша Аманқызы терроризм актісімен байланысты оқиғалар болған кезде БАҚ мен журналистер өздерін қалай ұстау керектігін ашып айтты. Өңірлік деңгейде газет-журнал беттерінде дін саласындағы мәселелерді жариялау бойынша ақпараттық жұмысты ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдарын көрсетті. Алматы облысының журналистерін қамтып, ұйымдастырған облыстық дін істері басқармасына алғысын білдірді.
Семинар-тренингті жүргізіп отырған Дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов:
— Әлемдік деңгейде деструктивті діни идеологияның қаншалықты тарап жатқанын қоғам түсініп отыр. Біз енді Алматы облысына жауапты болғандықтан өңірдегі деструктивті ағымдардың таралуына тосқауыл қою мақсатында БАҚ өкілдеріне сенім артып отырмыз. Осы семинарға шақырып, көтеріп отырған мәселеге қандай түсінікпен қарау керек, қандай тәсілдерді қолдануға болады, жалпы қандай материал негізінде жұмыс атқару керектігін көрсету мақсатында арнайы мамандарды шақырттық, — деді.
Дін мәселесі тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай өткір әрі өзекті болып тұрған рас. Біздің мемлекет демократиялық, зайырлы ел болғанына қарамастан дін тұрғысындағы саясатты бекем ұстауы тиіс. Түрлі діннің атын жамылып, әлемге әмірін жүргізуді көздеп қана қоймайтын ұйымдардан халықты қорғауы тиіс. Себебі, кей адамдар дін мен экстремизмді айыра алмайтын дәрежеге жетті. Ал шынында, діннің экстремизмге еш қатысы жоқ.
Ал журналистер қауымына келетін болсақ, олардың өз мамандығы тұрғысында білімдері бар болғанымен, дін тұрғысында арнайы білімдері жоқ. Сондықтан бұл семинар-тренинг төртінші билік өкілдерін пайдалы ақпаратпен қамтыды. Қатысушылар жадынамалар мен нұсқаулық кітапшалармен, сондай-ақ журналистер қауымы қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды. Барлық қатысушыларға семинар-тренигті куәландыратын сертификаттар табысталды. Білімімізді толықтырған облыстық Дін басқармасының барлық қызметкерлеріне және алыстан ат терлетіп келген барлық мамандарға зор алғысымызды білдіреміз.
Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.