ДІН ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ЖАСТАР

Осындай атаумен Алматы облысының Дін істері басқармасы мен Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының ұйымдастыруымен журналистер арасында өткен дәстүрлі облыстық мақалалар байқауы өз мәресіне жетті.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтауға шақырған барлық мұраттарына қолдау көрсетіп, діндердің асыл құндылықтарын өркениетті жолдармен насихаттауға, жалпы халықтың дәстүрлі діндер жөніндегі оң көзқарасын қалыптастыру, тұрғындар арасында діннің қоғамдық-саяси ахуалды жақсартудағы орнын айқын түсіндіру және бұқаралық ақпарат құралдарында дін тақырыбы бағытындағы насихаттық жұмысты жандандырудағы журналистердің белсенділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған байқауға облыс көлемінде облыстық, аудандық және қалалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен 50-ге жуық мақала жалпы келіп түскен.
Ақтық сынға 30-ға жуық материал қабылданып сарапталды. Әділқазылар алқасының мүшелері «Жетісу» телеарнасының бас продюсері Ж.Жайлаубаев пен ЖМУ-нің докторанты Д.Мүлік тілдік, тақырыптық тұрғыдағы сәйкестікке және өзектілік жағына баса мән берді.
Байқау қорытындысы бойынша «Текелі тынысы» газеті бас редакторының м.а. Ақан Ырымжанұлы І орынды иеленді.
Ескелді аудандық «Жетісу шұғыласы» газетінің тілшілері бұл бәйгеде оза шауып, жүлделі орындардан көрінді. Зейнегүл Жұмабекова ІІІ орынды иеленсе, Ақбота Оралбекова ынталандыру жүлдесіне ілікті. Орын иегерлері ақшалай сертификатпен марапатталды.
Дәстүрге айналған байқау келесі жылы да жалғасын табады. Аталмыш сайыс енді тек журналистер арасында ғана емес, жалпы қызығушылық танытқан қызметкерлер арасында да өткізілетін болады.
Ақбота ОРАЛБЕКОВА.