Адам баласының қоғамда бағалануы, дәріптелуі, ардақталуы – тікелей оның адамгершілік қасиеттеріне байланысты. Егер ол айналасындағыларға қайырымды, адал болып, бүкіл қарым-қатынастарын адамгершілік тұрғысынан реттейтін болса, нағыз адамгершілігі мол жан болып, қоғамдағы сыйлы бағасын да, орнын да иемденеді.
Жақсылық – адамның ойы, ниеті, іс-әрекеті. Жаман пиғылдардан аулақ болып, қай кезде болса да адамға қол ұшын беріп көмектесетін, жанашырлық танытатын адамды жақсы адам дейміз.
Бір күні мұғалім сыныпта отырған балаларға:
-Сендердің жек көретін адамдарың бар ма? − деген сұрақ қояды.
Оқушылар ойланып қалды. Кейбіреуі үнсіз қалып, кейбірі қабақтары түйіле бастарын изеді.
Олардың әрқайсысына бірден қағаз қалта таратқан мұғалім:
- Біз бір қызық ойын ойнайық, − деді. − Өткен бір жеті ішінде кім сізді ренжітті, түгелдей еске түсіріңіз. Сосын ол баланың аты мен істеген ісін тілдей қағазға жазыңыз. Мектептен қайтқан соң өзен жағасына барып, түрлі салмақтағы тастардан теріп алып, әлгі жазуы бар қағазды соған жапсырыңыз. Жүрегіңізді ауыртқан ісі ауыр болса, тас та үлкен болсын, кішкене болса, тас та кішкене болсын. Соңынан тастың бәрін өздеріңмен бірге алып барған қалтаға салып маған әкеліп көрсетіңдер.
Бұл тапсырма балаларға өте қызықты болды. Сабақтан қайтқан соң барлығы өзен бойына барып, тас тереді. Ертесі таңертең тастарын көтеріп мектепке келген олар бұл іс жөнінде қызу әңгімеге кіріседі. Арада бір күн өтеді. Ертесі тағы бір күн өтеді. Үшінші күн жылжиды. Кейбір оқушылардың дорбасы тасқа толып, тіпті көтере алмауға айналады.
Ақыры бір күні оқушылар бұл іске қарсы шығып, бас тартады.
-Мұғалім, тапсырмаңыз тым қиын екен! − дейді олар ренжіп.
−Онда қолдарыңдағы басқалардың оспадар қылығын көрсететін тастарды тастаңдар! − дейді мұғалім жымиып. − Босқа біреудің кемшілігін «қымбат зат» көріп, жүрекке жүк қылып арқалап жүргенше, оны кешіре білуді үйреніңдер. Себебі уақыт өте келе кім болса да бұл ауырлыққа төзе алмайды. Кешірімділік − шаттыққа бастар жол. Кешіре білетін адам адамгершілігі мол адам қатарына жатады, − дейді. Бұл әңгімені не үшін жазып отырмыз, не себепті мақаламызға арқау болып отыр? – деген сауалдар болуы мүмкін. Расымен де, адамгершілік дегеніміз не? Адалдық адамгершілік бастауы. “ Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан, қолы өнерлі қазақтың әулиесі сол”- деген Ұлы Абай. Адалдық- адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі деп саналған.
Адамға қойылатын басты талап- асыл да ізгі адамгершілік қасиеттерді бойыңа сіңірген , ұлағатты азамат болып шығу. Өйткені адам- өзінің адамгершілігімен ,қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттілігімен ардақты. Халқымыз қайырымды – мейірімді жанды адамгершілігі мол адам деп дәріптеген. Қайырымды- мейірімді жан өзгелерді , басқа адамдарды ойлап , соларға қол ұшын беруші жан . Ал , адамдардың қамын жеу дегеніміз адамгершілікке келіп саяды. Адамгершілік- адамның рухани арқауы.
Бұл дүниеде адам өзінің пенделік қасиеттерімен күресе жүріп өзінің адамдық қасиеттерін шыңдап , өзінің пендешіліктерін , басқаша айтқанда өзінің тозағын жеңіп шығуы қажет. Өйткені, оның бұл дүниедегі бар қайғы- қасіреті оның осы пендешіліктен туындайды. Соған орай оның бұл дүниедегі бақыты мен ақіреттегі бақыты да оның өз пендешіліктерін қаншалықты жеңе алғанына байланысты .
“ Адамгершілікке тәрбиелеу құралы- еңбек пен ата-ана үлгісі”- деп Ыбырай атамыз айтқандай, құнды қасиеттерге ие болу. Дұрыс еліңе адал адамды қалыптастыру баланың туылған кезінен басталуы керек. Халықта “ Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың” деп бекер айтылмаған . Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді бойына сіңіру біздің қолымызда.
Менің ойымша , осынау қамшының сабындай қып- қысқа өмірде таза ниетті, сенімді, алдамайтын, сөзімізге берік, әрбір істе қара қылды қақ жаратын әділ болуымыз керек. Бес күндік жалғанда арымызға , дақ түсірмей өтірік пен жалғандықты бойымыздан аулақ неге ұстамасқа? Мысалы, адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өмірінің соңына дейін әділдікті, адалдықты насихаттап басқаларға іс жүзінде үлгі болды. Сондықтан ары таза адал мінді өмір сүреді. “ Кімде- кімнің әділдігі жоқ болса, оның ұяты да жоқ.
Өткен адам болады көзден таса,
Оны іздеп, ешкім де ойламаса.
Ол кетсе де, белгісі жоғалмайды,
Керектігін ескеріп, ұмытпаса.
ШӘКӘРІМ.
Елімізде ақыл-парасатын, білімі мен күш-жігерін елі, халқы үшін аямай жұмсаған, қоғам алдындағы қызметін абыроймен атқарып, беделін өз еңбектерімен өсірген қазақ азаматтары аз болған жоқ. Сондай абзал азаматтардың бірі, еңбек еткен жерлерінде игі із қалдырған Мәлік Мейманкулұлы Шаихов. Мәлік Мейманкулұлы 1962 жылдың 10-ы ақпанында Ескелді ауданы Жетісу ауылында дүниеге келген. Сол ауылдың мектебін үздікпен аяқтап, Алматы қаласына оқуға түседі. Оқуда, озат болған Мәлік аға, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан. Мектепішілік жарыстар мен басқа да сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға да иеленген. Әр нәрсеге өте жауапкершілікпен қарап, ұқыптылық пен тиянақтылықты алдыға қойған. Алматы қаласындағы жоғары оқу орнының дене шынықтыру факультетін бітіріп, өзі туған ауылындағы Жетісу орта мектебіне мұғалім болып жұмыста атқарған. Бала тәрбиелеу мен білім берудегі дара жолы өзіндік ерекше. Білім беріп қана қоймай сол ауылдың азаматтары мен білім беріп жүрген балаларын да қоғамдық жұмысқа баулыған. Ауылының ғана емес, ауданының өсіп өнуіне де ат салысқан. Мектеп те жұмыс істеп жүрген кезінде де оқушыларын Ауылдық, Аудандық, Облыстық, Республикалық жарыстарға қатысып, бас жүлде, бірінші орындарға иеленіп, Жетісу мектебінің атағын шығарған. Спорт десе ішкен асын жерге қойған, Мәлік аға ауыл белсендісі болған. Ауылының жағдайын ойлап, таңмен таласып тұрып бір аралап шығатын. Өз ұлдарын қалай жақсы көрсе, ауыл азаматтарының балаларын да қатты жақсы көретін. Әрбір баланың бойына қадір қасиеттің киелігі мен даралығын дарытып, анасынан көрген жақсы қасиеттерімен бөлісіп отыратын. Бала десе, бала тәрбиесі де істеп жатқан жұмысын қоя салып, айналысатын. Өзінің бойына дарыған ұқыптылық пен тиянақтылықты, салмақтылық пен сабырлылықты, сөз берсе екі етпей орындауды да бала бойына сіндіре білген жан. Арманы ауылынан спорт комплекс ашу еді. Спорт кешенін салмаса да өзі туып-өскен ауылы Жетісу өлкесіне Алланың мекені Мешіт тұрғызды. Қазақтың «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген аталы сөзін «Азамат болу — бесіктен» деп те түйіндеуге болатын сияқты. Өйткені, кез келген адамның азамат болып қалыптасуына оның өскен ортасының тигізер ықпалының орасан зор екенін ешкім де жоққа шығара қоймас. Әрине, бірінші бесік – отбасы, ата-ана тәрбиесі екені даусыз шындық. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп халық бекер айтпаса керек. Екінші бесіктің мектеп пен ұстаздар екеніне де ешкім дау айта алмайды. Мәлік Мейманкулұлының да ауылына барып, бұл кісі қандай жан едіп едік, ауыл тұрғындары шу ете түсті. Жаны жайсаң, көзі тірі болған да ауылымыз бұдан да өрлеуші еді деп күрсіне кеткен халықтың мұңын көрдік. Дос-жаран, бірге істеген әріптестері көздері не жас алып, еске алды. Азаматтың азаматы еді. Ауылымызды көтеріп, атағын шығарған. Спорт десе жаны жай таппайтын адал жан еді. Ерте кетті. Ауылына берерін беріп, өзі қызығын көрмей кетті. Уақыт ілгері жылжыған сайын өткен күндердің қадірі арта түсетіні ақиқат. Өйткені сол жолдарда енді қайталанбас жақсы күндерің, жарқылдаған жастығың, өзгеше сипаттағы жолдастық-достығың, мәнерлі де мәнді қадамдарың қалады. Сол күндердің сәулесі мол шақтары ылғи да адамның жүрегін жылытып, бүгінгі күніңе қуат береді. Өмірдің мағынасының өзі де сонда болса керек. Өмірінің мәні болашақтың кілтін ұстар, сол ауылдың жастары еді. Мәлік Мейманкулұлы бүгінде тарих қойнауына ене бастаған біздің заманымызда елімізге танымал, адамгершілігі жоғары, өмірдің ағымына сай іс-қимыл жасай алатын, бойына еңбекқорлық, адамға жақсылық жасау, кішіпейілділік қасиеттері молынан дарыған, жүрегінен нұрлы шуақ шашырап тұратын абзал азамат болды. Жүрген ортасына есте қаларлықтай із қалдырып, жастарға білім беру, спорт, мәдениет, денсаулық сақтау салаларын дамытуға айтарлықтай еңбегін сіңіріп, ел ағасы дәрежесіне көтерілді. Аудандық Депутатта болды. Ол осындай игілікті жолда қажымай қызмет еткен құрметті де көрнекті тұлға. Шығыстың ұлы ақыны Саади «Отыз жыл оқыдым, отыз жыл саяхатшы болдым, отыз жыл жазғым келді» деп, артына үлкен із қалдырған саяхатшы болса, біз үшін құрметті Мәліктің де өзіндік ұстанымы бар-ды. Алыстағы ауылдан шыққан ол бір әулеттің баласынан халықтың қадірлі де абыройлы адамына айналды. Өмірден көрген-білгенін санасында тоқи жүріп, үлкен мектептен өтті. Ең бастысы, ол жүрген ортасында, қызмет істеген жерлерінде бағаланды. Өзі еңбек етіп жүрген саланың беделін көтеріп, биіктік ұғымын шырайландыра түсті. Мемлекет басшылары іс сапарымен келген кезде де, осы біздің Мәлік күтіп алып, шығарып салатын. Әріптестері мен шәкірттеріне аса сыйлы болған Мәкең өз ортасының ақылшысы, ұйытқысы атанды. Аға алдында пейілін, іні алдында мейірі мен құшағын ашатын. Ақжарқын, әзілқой, жиын-тойдың сәні де болды. Өз ісінің қыр-сырын жете білетін білікті ұстаз саналды. Мектепке келген жас мұғалімге әкесіндей аялы алақанын ұсынып, ақыл-кеңесін беріп, білгенін үйретіп, жетістігін мақтаныш ететін. – «Біз де сендердей жас болғанбыз, жасқаншақтамай жарқырап жүріңдер. Сендердің бойларыңдағы жастық жалынды алдарыңда отырған оқушыларың сезінетін болсын. Ұстаз беделі, абыройының қандай екеніне көз жеткізіп, білім алуға құлшынсын» деген ағалық сөзін талай рет естіген едік, – дейді оның әріптестері. Халқымызда «Өтпейтін өмір, сынбайтын темір жоқ» деген аталы сөз бар. Сол айтқандай, артына өнегелі із қалдырған Мәлік ағамыз 5 жыл бұрын өмірден өтті. Ал, ағаның аяулы жары Нүргүл Жексенбайқызы бүгінде Мәлік ағаның ұрпағын өндіріп, қарт анасын қарап, ақ әже болып немере бағып отыр. Қайсар ана басқа түскен ағаның жоқтығын білдіртпей, қиын болса да жеңе біліп, перзенттерін қанаттыға қақтырмай, қатарға қосты.
Өз тілшіміз