Мал ұрлығына қалай тосқауыл қоямыз

Бүгінгі таңда өзекті тақырыпқа айналып отырған мәселе – мал ұрлығы. Аудан бойынша мал ұрлығына қарсы күрес жұмыстары, малды сату және тасымалдаудағы заңдылықтың сақталуы, ұрлық малды заңсыз жерде сою, заңсыз ет өнімін сатуға қатысты тиісті жұмыстар жүргізілуде. Алайда әлі де болса, өзінің жеке малдарына жүрдім-бардым қарайтындығы, тұрғындар тарапынан кейбір жағдайларда мал ұрлығының алдын алуға бөгет болуда.
Әсіресе, жылқы малының жылдың төрт мезгілінде далада қараусыз қалдырылуы, уақтылы түгенделмеуі – мал ұрлығына басты себеп. Ауыл шаруашылығы малдарын бағымсыз, бақташысыз дала жайылымына жібермеу қажет, себебі, малдың 90%-ы далада бағымсыз жүрген кезінде ұрланады. Сондықтан ауылдық округтерде тұрғындарға өз малдарын қараусыз қалдырмау, малды кезекпен бағуды ұйымдастыру жөнінде кеңінен түсінік жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы орайда ҚР «Ветеринария туралы» заңының 10-бабына сәйкес елді мекендерде мал жаятын жайылымды айқындауға қатысты ауылдық округтерде ауыл шаруашылығы малдарына арналған жайылымдық жерлерді анықтау жұмыстары аудандық жер қатынасы бөлімімен бірлесіп, нақтылау жұмыстары жүргізілуде. Мал ұрлығының алдын алу мақсатында ауылдық округтердегі мал дәрігері мамандарына жұмыс уақыты біткеннен кейін және демалыс күндері ветеринариялық анықтама бермеу жөнінде тапсырмалар берілді. Мал ұрлығына қатысты ҚР ІІМ «Мүлікті қорғау» 2021-2023 жылдарға арналған бағдарлама жоспарына сай мал ұрлығының алдын алу және ашу мақсатында АПБ-нің қызметкерлері арасынан мобильдік топтар құрылған. Олар ауданымыздың құм жиектеріне және ауылдық округ көлемінде орналасқан шаруа қожалықтарға шолу жұмыстарын жүргізіп, алын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп отырады. Сондай-ақ, шаруа қожалықтар иелерімен және бақташылармен төрт түлік малды қараусыз қалдырмау, кешкісін қоралау, ен таңбалап чиптеу, мал базарға немесе бір орыннан екінші орынға тасымалдау кезінде рұқсат анықтамаларымен тасымалдау бойынша кең ауқымда жұмыстар жүргізілуде. Жалпы ауылдық округ бойынша заңды және жеке тұлғалар арасында ауыл шаруашылығы жануарларын заңсыз жерде сою, заңсыз ет өнімін сату фактілері тіркелген жоқ. Мал ұрлығымен күресу барысында жалғыз құқық қорғау органдардың жұмысы жеткіліксіз. Төрт түліктің негізінде жайылымдарда жоғалып кететінін ескерсек, ауыл тұрғындарының малға күзетті күшейткені абзал. Тұрғындар өз малының қауіпсіздігіне немқұрайлы қарауын тоқтатпайынша, құқық қоғау органдарының мал ұрлаушылармен күресі оң нәтижесін беруі екіталай.

А.Т.Жунусова
«Жалғызағаш ауылдық
округі әкімінің
аппараты» ММ-нің бас маманы