АДАМГЕРШІЛІК – АСЫЛ ҚАСИЕТ

Жақсы мінез бен ақыл күші біріксе – бұлар адамгершілік қасиеттер

(Ыбырай Алтынсарин)

Адамгершілік — бұл рухани тәрбие. Адамгершілік — адам бойындағы ең асыл қасиет және адамзат баласының ең жоғарғы мақсатына бағытталады. Бұл қасиет адамды мейірімділікке, Отанын, елін, отбасын сүюге үйретеді. Егер адамда адамгершілік қасиет болмаса, ол адам өз — өзін сыйламайды.
Рухани — адамгершілік тәрбиесі — өзіндік сананы дамытуға жағдай жасауды, жеке тұлғаның әдеп ұстанымын, оның қоғам өмірінің нормалары мен дәстүрлерімен келістірілетін моральдік қасиеттерін және бағдарларын қалыптастыруды болжайды. Оқушыларды рухани — адамгершілікке тәрбиелеу, болашағына жол сілтеу – бүгінгі қажетті, кезек күттірмес мәселе. Әсірсе, мектеп жасына дейінгі балаларды адамгершілікке тәрбиелеудің мазмұны осы жастағы балалардың ерекшеліктеріне сай келуі тиіс. Негізгі міндет – балалардың жақсы әдет, мінез — құлықын қалыптастыру. Баланың сезіміне әсер ету арқылы ішкі жан дүниесін ояту нәтижесінде оның рухани — адамгершілік қасиеттері қалыптасады.

Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа — адамгершілік — рухани тәрбие беру. «Адамгершілікке тәрбиелеу құралы – еңбек пен ата — ана үлгісі» — деп, Ы. Алтынсарин атамыз айтқандай, құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру баланың туылған кезінен басталуы керек. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз — өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші роль атқарады. Рухани — адамгершілік тәрбие — екі жақты процесс. Адамгершілікке, еңбекке тәрбиелеу күнделікті өмірде, үлкендердің қолдан келетін жұмысты ұйымдастыру барысында, ойын және оқу ісінде жоспарлы түрде іске асады.
Мектепке дейінгі балаларды адамгершілік сана — сезімін оятып, жағымды мінез — құлқын қалыптастыруда даярлық тобының балаларына арналған ашық сабақтар: «Мамандықтар», «Ұ дыбысы мен әрпі», тәрбие сағаты: және ойын — сабақтарын: «Ойнайық та, ойлайық!» өткіздім. Мұның бәрі адамгершілікке бағытталды әрі дәл осыған кереғар қасиеттерді бала бойынан кездестірдім және оған керекті әдіс — амалдарды да іздестіріп, қолданып келемін.
Халқымыз «баланы ойын өсіреді»деген сөзі тегін айтылмаса керек. Бала ойнап жүріп, ойланады, жүйкесі тынығады, ойы сергиді, денесі шымырланады. Өздерінің құрбы — құрдастарымен жақсы араласуды үйренеді. Сан алуан ойындар баланың дене тәрбиесін дамытып, жас жеткіншектің бойына адамгершілік, сүйіспеншілік, кішіге көмек, үлкенге құрмет көрсете білуге, қиыншылықтан қорықпауға, мақсатқа жетуде төзімділікті ұлғайтуға тәрбиелеуде ерекше мәні бар. Ең бастысы, ойын баланы жан — жақты, тез ойланып шешім қабылдауға, ойын шыншыл ойнауға кешірімді, жанашырлыққа тәрбиелейтіні анық.
Адамгершілік тақырыбы — мәңгілік. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру — ата — ана мен ұстаздардың басты міндеті. Көрнекті педагог В. Сухомлинский «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады», — дейді. Демек, шәкіртке жан — жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін үздіксіз ұялата білсек, ертеңгі азамат жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына, айналасымен санасуына ықпал етері сөзсіз.
Рухани — адамгершілік білім беру – жас ұрпақтың бойына өмірдің мәні, сүйіспеншілік, бақыт, сыйластық, татулық, бірлік, төзімділік сынды құндылықтарды дарыту арқылы адамның қоғамда өз орнын табуына, қабілет — дарынының ашыла түсуіне, ақыл — парасатын дамытуына, яғни сәнді де мәнді өмір сүруіне қызмет етеді.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші бала тәрбиелеудегі осындай міндеттерді іске асырушылар – мектепке дейінгі мекемелер мен отбасы. Осы екі арнада жүргізілетін тәлім — тәрбие сабақтаса, ұштаса өткізілгенде ғана көздеген мақсат нәтижелі болары өзсіз. Бүгінгі жаңа қоғам мүддесіне лайықты, жан — жақты жетілген, бойында ұлттық сана, ұлттық психология қалыптасқан ертеңгі қоғам иегері боларлық парасатты азамат тәрбиелеп өсіру – отбасының балабақшаның, барша халықтың міндеті.
Адамгершілік тәрбиенің, адам бойында осы жақсы қасиеттердің болуы, жанұяға, өскен ортасына байланысты. Бала ісінің дұрыс екенін қоштап, оң бағыт беріп, теріс жерін дереу жөндеп, демеп жіберу ата — ана мен тәрбиешіге жүктелер міндет. “Адам бойында жақсы қасиеттер көп болса, оған бақ та, бақытта қонады” деген сөзге сүйенсек, жағымсыз қылық — қасиеттер болса одан арылту қажет. Көптеген қайырымды істер жасап, жақсы мінез — құлықтарды өн бойыңа жинап, ақылдылық танытсаң, міне адамшылдық болғаны.
Қорыта келгенде, уақыт талабынан туындап, білім беру жүйесінде болып жатқан өзгерістер баланы тәрбиелеу осы заман талабына сай үйлесімді деңгейді қайта құруды міндеттейді. Тәрбие мен оқу егіз деген сөз бар. «Тәрбие бар жерде ғана сапалы білім саналы ұрпақ болады» деген дана халқымыздың мақал сөзіне сүйенеміз.
Адамзат баласының бойында кездесетін барлық қасиеттің жиынтығы, рухани күші ол − адамгершілік. Адамгершілік − адам бойындағы асыл қасиет. Адамға қойылатын басты талап − асыл да ізгілікті қасиеттерді бойына сіңіріп, жеке тұлға болып қалыптасу. Осы орайда, бұл талапқа жету үшін құндылықтар басты рөл атқарады. Өйткені, адам баласы өзінің адамгершілігімен, адалдығымен, рухани тәлім-тәрбиесімен өседі.
«Адамгершілік асыл қасиет» деп айтып жатамыз. Неліктен олай айтамыз? деген сұраққа жауап бере кетсек. Адамгершілік − рухани құндылық, күш, тәрбие. Осы тәрбие бізді дамытуға, жеке тұлға ретінде қалыптасуымызға тәрбиелейді. Жақсы істерге, жақсы қарым-қатынасқа, жақсылық жасауға, мейірімділікке, Отанын сүюге бағыттайтын осы – адамгершілік қасиеті. Қандай жан болмасын, егер де оның бойында адамгершілік қасиеті болса, одан асқан ең таза адам табылмас еді. Бір сөзбен айтқанда, адамның ішкі жан дүниесінің айнасы ол – адами құндылықтар. Адам бойында осы қасиет кездеспейтін болса, ол адам өмірден өз орнын таба алмаған, алдына қойған нақты жоспары жок, өзіне сенімсіз, өзін-өзі сыйламайтын бос адам.
Адамгершілік тақырыбы- ауқымды және мәңгілік. Себебі, бұл асыл қасиеттің орнын ешнәрсе баса алмайды. Абай атамыздың сөзін мысалға алып қарастырсақ, адамның жақсы болуы айналасына да және тәрбиесіне де тікелей байланысты. Қазіргі таңда, адам бойындағы қасиеттерді дәріптеу өзекті тақырыптардың біріне айналды. Әсіресе, бұл мәселе жастарға бағытталған. Көненің көзін көрген үлкендеріміз «Адамның ойы да, ішкі жан дүниелері де, пиғылы да өзгерген, өзгеретін заман емес, өзгеретін адам баласы» деп айтып отырушы еді. Үлкендерден сұрастырсақ өз кезеңдерін қуана-қуана еске алып, сағынышпен айтып отырады. Бұл сөздерге мән беріп, мағынасына үңілмейтінмін. Сондай сәттің бірінде мен ішімнен «Біздің де уақыт керемет, біздің заман да жаман емес»-деп жәй күле салатын едім. Уақыт өте келе бұл сөздердің түпкі мағынасын түсіне бастағандаймын. Себебі, қазіргі таңдағы жасөспірімнің ой-санасы қажет емес ақпаратқа толып, өздеріне қажет емес істерге үйір болып бара жатыр.
Бұл жеткіншектердің өз бойына құнды қасиеттерді сіңіруіне кедергі жасауы мүмкін. Байқайтын болсақ, расымен де адамдық құндылықтар өзгеріп, әр адамзат өз жағдайын көп ойлайтын дәрежеге жеттік. Бұл жағдайды әрі қарай ушықтырып алмас үшін, дер кезінде дұрыс әрекет жасай білу керек. Себебі, адамгершілік қасиеттерінің артында достық, отансүйгіштік, ұлтжандылық қасиеттері де бой көрсетеді. Міржақып атамыз «Адамның алдымен адам сипаты болуға тиіс» демекші, әр адам баласы өзін дұрыстау арқылы, өзіне бар асыл қасиеттерді сіңіріп, өзіне адами сипатты толықтыра алса, қоғамға да бар жақсылықты үйрете алады.
Адамгершілік — адам бойындағы құнды, ең асыл қасиет. «Кісілік», «Ізгілік», «Имандылық» сияқты ұғымдармен мәндес. Бұл сөздерді естігенде көз алдымызға қиналғанда қол ұшын беріп, көмегін аямайтын, жанаршылық танытатын жақсы жандар бірден елестей кетері рас. Бұл қасиеттер арқылы біз мейірімділікке, Отанын, елін, отбасын сүюге үйренеміз. Қазіргі қоғамда да шалынғанды демейтін, адами қасиеттері бойына сіңген адамдар жоқ емес. Ал мен солардың ішінде жақсы адам деп кімдерді айта аламын?
Жақсылық күн секілді, кейде бұлт астына жоғалып, кейде сәулесін мол шашып, нұрын төгеді. Осындай әрдайым жарық сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп тұратын жақсы адамдар менің де жанымда жетерлік.
Ыбырай Алтынсарин
Жас ұрпаққа рухани адамгершілік тәрбие беру – бұл ізгілікті іс тал бесіктен бастау алады. Балаға өмірді ата – анасы береді. Ата – ананың борышы балаларының тек табиғи қажеттіліктерін орындаудан ғана емес, дұрыс өмір сүруге бағыт бағдар беруге, жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп өсуіне бейімдеуден тұрады. Бала өмірге келген сәттен бастап, ата – анасының махаббатына бөленеді, сыртқы ортаға қызығушылығы болады.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аласың» — дегендей баланың адамдармен қарым – қатынас жасауы, қоғамға енуі отбасынан басталады. Жақсы адам болып өсуі үшін ол күн сайын отбасы мүшелері арасындағы ең жарасымды, ең әділетті қарым қатынастардың куәсі болуы керек. Себебі бала негізгі өнегені, мейірімді, жылулықты ата – анасынан алады.
Ал біздің мақсатымыз осы мейірім мен жылулықты оқушы бойында сақтап, одан әрі жетілдіріп және ой – өрісі кең парасатты, мәдениетті ұрпақ тәрбиелеу.
Мінез – құлық пен іс – әрекеттерде көзге түсетін төмендегідей адамгершілік белгілерін атауға болады: адамды қастерлеу, сыйлау, сену, имандылық, ар – ұятты сақтау, ізеттілік пен кішіпейілділік, мейірімділік, әділдік пен қанағатшылдық, рахымдылық, жомарттық, ақкөңілділік, жауаптылық, шыншылдық, сөзге беріктік – деген анықтама берілген.
Адамгершілік – парыз, үлкендерді сыйла, үлкеннің жолын кеспе, сөзін бөлме, үлкендерге сәлем бер, үлкендердің көңілін қалдыратындай әрекет жасама тағы да басқа моральдық ережелер жаман әдеттен сақтайтын таза ұлы қасиеттер, атадан балаға мирас болып сақталған қазақ халқының моральдық этикасы деп айтуға болады.
Адамгершілік — адамның рухани байлығы, болашақ ұрпақты ізгілік бесігіне бөлейтін руханиет дәуіріне жаңа қадам болып табылады. Адамгершілік тәрбиенің нәтижесі адамдық тәрбие болып табылады.
Ол тұлғаның қоғамдық бағалы қасиеттерімен сапалары, қарым — қатынастарында қалыптасады. Адамгершілік қоғамдық сананың ең басты белгілерінің бірі болғандықтан, адамдардың мінез — құлқы, іс — әрекеті, қарым — қатынасы, көзқарасымен сипатталады.
Олар адамды құрметтеу, оған сену, әдептілік, кішіпейілдік, қайырымдылық, жанашарлық, ізеттілік, инабаттылық, қарапайымдылық т. б. Адамгершілік — ең жоғары құндылық деп қарайтын жеке адамның қасиеті, адамгершілік және психологиялық қасиеттерінің жиынтығы.
Адам тумасында жақсылыққа да, жамандыққа да үйір емес. Адамгершілік белгілердің қалыптасуына ерекше әсер ететін жағдайлар бар. Адамның тәрбиелілігі барлық жағдайда адамдармен қарым – қатынасынан байқалады. Адамгершілік қасиеттер адамның бойдағы күш — жігерін, қуатын, сенімін, жан – жылуын арттыра түседі. Мұндай адамдар әрдайым жақсылық істеуге, айналасындағыларға көмек беруге, бар білгенін үйретуге дайын тұрады. Өзінен кейінгілерге үлгі бола біледі.
Адамгершілік тақырыбы — мәңгілік. Ол ешқашан ескірмек емес. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру — ата — ана мен ұстаздардың басты міндеті. Адамгершілік әр адамға тән асыл қасиеттер.
Адамгершіліктің қайнар бұлағы — халқында, отбасында, олардың өнерлерінде, әдет — ғұрпында. Әр адам адамгершілікті күнделікті тұрмыс — тіршілігінен, өзін қоршаған табиғаттан бойына сіңіреді.
Рухани — адамгершілік тәрбиесінде алдымен баланы тек жақсылыққа — қайырымдылық, мейірімділік, ізгілікке тәрбиелеп, соны мақсат тұтса, ұстаздың, ата — ананың да болашағы зор болмақ. «Мен үш қасиетімді мақтан тұтам», — депті Ақан сері. Олар: жалған айтпадым, жақсылықты сатпадым һәм ешкімнен ештеңені қызғанбадым.

Өз тілшіміз