Жетісу облысында бюджеттен балаларды жазғы сауықтыруға 622 млннан астам теңге бөлінді

2023 жылы облыстық бюджеттен 622 млннан астам теңге балаларды жазғы сауықтыруға бөлінді. Бір балаға 45  мың теңге есебінен 13 838 оқушыны жазғы лагерлермен қамту жоспарланып отыр. Облыс бойынша қала сыртында 10 лагерь бар, оның 6-ы мемлекеттік, 4 — жекеменшік. Осындай ақпаратпен Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында Жетісу облысы Білім басқармасының дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындығы және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Айбол Қасенов пен облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асхат Чарапиев бөлісті.

«Облыстағы қала сыртындағы 9 лагерь дайындық жұмыстарын жүргізуде. Атап өтсек, Текелі қаласында «Алтын Чажа», «Эдельвейс», «Бастау», Алакөл ауданында «Шағала», Көксу ауданында «Қарлығаш», Ескелді ауданында «Айналайын»,  «Көктөбе», Ақсу ауданында «Тамшыбұлақ», Панфилов ауданында «Қарлығаш». Сонымен қатар, мектеп жанындағы тамақсыз лагерлермен – 43423 баланы, экскурсиялық саяхаттармен –  5640 баланы, демеушілермен – 1004, ата-ана қаражат есебінен – 38 573, қосымша білім берумен 780, барлығы 103258 баланы қамту жоспарлануда», – деді Айбол Батырболұлы.

Спикердің айтуынша, қала сыртындағы лагерлерге облыстық білім басқармасы тарапынан комиссия құрылып,  жазғы демалыс кезіндегі дайындығына, абаттандырылуы, өртке қарсы қауіпсіздік шаралары және санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкестігіне тексеру, бақылау жұмыстары жүргізілді.

Ал өткен жылы сауықтыру маусымында 7 лагерь жұмыс істеп, 3531 бала сауықтырылған.

Биыл да аталған лагерьлермен қоса, Алакөл ауданында 100 орынға арналған «Жалын» жазғы сауықтыру лагері» КМҚК ашылады. Сондай-ақ, Ақсу ауданында мектеп жанындағы «Тамшыбұлақ» лагері, Ескелді ауданында «Көктөбе» лагері ашылуы жоспарда.

«Балаларды тек облыс аумағындағы сауықтыру лагерлеріне ғана емес, республика бойынша жұмыс істейтін лагерлерге жолдама алуларыңызға болады. Санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алған қала сыртындағы балаларды сауықтыру ұйымдарының тізбесі ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сайтында жарияланған. Бүгінде республика бойынша жыл бойы жұмыс істейтін 21 қала сыртындағы балаларды сауықтыру ұйымдары бар. Сондай-ақ, жыл сайын мектеп жанындағы алаңдар ашылады. Мұнда тамақтандыру және күндізгі ұйқы ұйымдастырылмайды.  Балалар 4 сағаттан аспайтын мерзімде болып, дене шынықтыру-сауықтыру, оқу-тәрбие қызметі және мәдени бос уақытын өткізу жүзеге асырылады», – деп қорытындылады Асхат Сәкенұлы.