Балаларды қорғау күніне орай Жетісуда екі балалар шығармашылығы орталығы ашылды

Қосымша білім беру жүйесінде балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытудың маңызды зор. Осыған байланысты Жетісу облысында өскелең ұрпақтың бос уақытын пайдалы ұйымдастыру, үйірме қызметін қолдау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Әсіресе ауылдық жерлерде белсенді қолға алынған. Мәселен, балаларды қорғау күніне орай Алакөл және Ескелді аудандарында 300-ге жуық орындық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталықтары ашылды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алакөл ауданы Қабанбай ауылындағы мәдениет үйінің базасында 150 орындық балалар шығармашылық орталығы есігін айқара ашты. Мұнда балалар домбыра мен  тартуға машықтанып, вокалмен, қолданбалы өнермен айналыса алады. Поэзия үйірмесі, арт-студия, қуыршақ театры да ұйымдастырылған. Робототехника, ағылшын тілі сабақтары өткізіліп, тоғызқұмалақ ойнауды үйретеді. Барлығы 10 түрлі үйірме бар. Ауыл тұрғындарын аудан әкімінің орынбасары М. Төлеужанов құттықтап, балаларға шығармашылық табыс пен шабыт тіледі. Айта кетейік, Алакөл ауданы әкімдігінің мәліметінше, орталықтың материалдық-техникалық базасын дамытуға барлығы 19 млн. теңге бөлінеді.

Осындай тағы бір орталық Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылында ашылды. Мұндағы 120 орындық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында қосымша музыкалық білім беруге баса назар аударылады. Оқушылар домбыра, фортепиано, гитара, баян тартып үйрене алады, вокалдан сабақ өткізіледі. Сонымен қатар сурет салумен айналысатын балалар өнер студиясы құрылды. Ескелді ауданы әкімдігінің дерегіне сәйкес орталықтың материалдық-техникалық базасын дамытуға барлығы 43 млн. теңгеден астам қаражат жұмсалған. Орталықтың ашылу салтанатына Ескелді ауданының әкімі Е. Ахметов, ардагерлер, аудан жұртшылығы қатысты.

Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, Жетісу облысында жергілікті жерлерде балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының осындай 17 орталығы жұмыс істейді.