ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫ ЖӘНЕ ЛАТЫН ЖАЗУЫ

Алматы облысының ішкі саясат басқармасы Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдаулары мен бағдарламалық мақалалары негізінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, мәні мен мағынасы жоғары кездесулердің қатарын көбейтіп, олардың санын жыл сайын арттырып келеді.

Жақында Алматы облысының ішкі саясат басқармасы мен «Алакөл әйелдер қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі бірлесіп Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауының негізгі басымдықтарын, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын, «Цифрлы Қазақстан» және басқа да мемлекеттік стратегиялық бағдарламаларды түсіндіру жөнінде көшпелі лекторий ұйымдастыруды қолға алды.

Соның негізінде қоғам қайраткері, аудармашы Ботагөз Уатқан облысқа қарасты бірнеше аудандарды аралап, «Рухани жаңғыру: қазақ диаспорасы және латын жазуы» тақырыбында ашық кездесу кешін өткізді. Кезек Ескелді ауданына да жетті.

Ботагөз апайымыз көптеген жылдар бойы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында қызмет атқарған. Бірнеше кітапты құрастырып, оларға редакторлық, корректорлық жасап, қазақ тілін оқып-жетілдірудің компьютерлік бағдарламасын дайындаған. Сонымен қатар оның көші-қон мен қазақ диаспорасына қатысты алпыстан астам мақаласы жарыққа шығып, жоғары бағаланған. Зейнеткерлік жастан асса да қоғам қайраткерінің қазіргі өзіндік ізденісі мен еңбекқорлығы өз алдына бір бөлек екен.

«Егемендiк алғаннан кейiн дүниежүзi қазақтарының басын қосу негiзгi мақсат болғаны белгiлi. Осы мақсаттың үдесiнен шығу үшiн 1992 жылғы Дүниежүзi қазақтарының алғашқы құрылтайынан кейiн Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы дүниеге келдi. Негiзгi мақсатымыз шетелде жүрген қазақтарға мәдени-рухани жағынан қолдау көрсету болатын. Егемендi Қазақстанда қазақ халқының ұлттық қайта түлеуiне, Қазақстаннан сырт жерлерде өмiр сүрiп жатқан қазақтардың еркiн де жан-жақты дамуына жәрдемдесу, олардың ұлттық салт-дәстүрлерi мен әдет-ғұрыптарын бүкiл дүниежүзiне насихаттауға бар күш-жігерімізді салдық. Әсiресе, шеттегi қандастарымыздың өз ана тiлдерiн сақтап қалуы үшiн кiтаптар шығарып, газет-журналдар жiберу жағынан көмектестік. Әр қазақ – менің жалғызым демей ме? Сондықтан шетелдегi қазақ мәдени орталықтарының ашылуына қол ұшын созып, шетелдегі ағайындар мен елге оралып жатқан қандастарымызға әлі де болса тегін көмек беруге әзірмін. Бір-бірімізді қолдап, қорғап жүрсек қана біз алмайтын қамал болмайды», – деді бір сөзінде.

Жиырма жылдан аса қауымдастықта еңбек еткен Ботагөз апай бүгінгі күні кириллицадан шығып, латын әліпбиіне ауысатынымызға риза болса да кейбір кемшіліктерге көңілі толмайтынын жасырмады. Рас, латын әліпбиіне негізделген қазақ қаріптері мен дүниежүзі қолданатын ағылшын қаріптері арасында жер мен көктей алшақтық бар. Әлемдік деңгейге көтерілу үшін ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатқан қандастарымызбен байланысу үшін латын әліпбиінің дұрыс бекітілуі ауадай қажет.

Қоғам қайраткері қазақ есімдеріндегі орыс шылауларының жалғануына, жалпы қазақтану мәселелеріне көп басымдық беріп отырды. Сонымен қатар кездесуге арнайы келген жастар қауымына өз өсиетін айтты. Жиынға қатысқан мемлекеттік қызметкерлер тарапынан латын әліпбиіне қатысты сұрақтар легі көп болды. Ха-лықтың ойын, ұсынысын елеп-ескерген Ботагөз апайымыз аталған мәселелерді басшылыққа алып, қолқау салатынын айтты.

Кездесуде белсене қатысқандарға Ботагөз апаймыз кітап сыйлап, ұйымдастырушылар атынан барлық қатысушыларға кеңсеге қажетті құрал-жабдықтарды тарту етті. Жиынға қатысушылар кейіпкермен суретке түсіп, қолтаңба алып тарқасты.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.