ЖҮЙРІКТЕН ЖҮЙРІК ОЗАР ЖАРЫСҚАНДА

Алматы облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен 2019 жылы 12 наурызда Талдықорған қаласында Қазақстанның халық жазушысы,  ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері,  ақын,  қазақ әдебиетінің ірі өкілі Қадыр Мырза Әлі оқулары өтті.

Мектеп оқушылары арасында Қадыр өлеңдерін  насихаттау, олардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын қалыптастыру, ақынның рухани бай мұрасына деген сүйіспеншілікке, адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелеу, оқушылардың ой тұжырымдарын, әдеби тіл байлықтарын, есте сақтау қабілеттерін, көркем сөз оқу шеберлігін дамыту мақсатында өткізілген облыстық оқуларда М.Байысов атындағы орта  мектебінің оқушысы  Гаухар Тұрғанбай  1-орын жеңімпазы атанды.

17-19 сәуір күндері Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Жымпиты ауылында  республикалық  Қадыр Мырза Әлі оқулары өткізілді.

Екінші рет өткізіліп отырған шығармашылық шараға Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Қызылорда, Шымкент қалаларынан және Сырым ауданынан – барлығы 38 оқушы қатысты. Оқушылар Қадырдың өлеңдерін жатқа оқу, өлеңдеріне жазылған әндерді шырқау және ақынға арнаған өз шығармаларын оқу бойынша сынға түсті.

Осы республикалық оқуларға Алматы облысы атынан жолдама алып,   «Сөздің бәрі құдіретті…» бөлімі бойынша сынға түскен Гаухар ақынның 105 өлеңін жатқа оқып, жүлделі 1-орынды жеңіп алды.

Дарынды баланың талабын танып, қабілетін шыңдай білген жетекшісі Кәмшат Аманжолқызы – шәкіртінің бағын  талай аламан бәйгелерде сынап келе жатқан ұстаз. Ал Гаухар аудан көлемінде жоспарлы түрде өткізіліп келе жатқан Абай, Ілияс, Мұқағали оқуларының әр жылдардағы жеңімпазы ретінде танылса, 2017 жылы облыстық деңгейде өткізілген Ескелді би оқуларында 2-орын иегері атанған еді. Енді, міне, республикалық деңгейде жеңімпаз атанған шәкіртімен бірге Қадыр ақынның туған жеріне барып қайтқан Кәмшат Аманжолқызы да Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының «Дарын» қосымша білім беру орталығының алғыс хатымен  марапатталды.

Дарынды бала мен талантты ұстаздың алар асуы мен бағындырар биігі көп болсын деген тілек айтқымыз келеді.

Назгүл Қызайбайқызы,

аудандық білім бөлімінің оқу-әдістемелік орталығының аға әдіскері.