Күнсіз гүл өспес, күтусіз ел өспес. Қандай терең мағыналы сөз. Мағынасын терең ашып бастасам көпшілікке зияным тиіп кетер ме?! Әлде тұспалдап жазайын ба?! Қалай ойлайсыз оқырманым. Автор ретінде талай тұспалдаған мақалалар жаздым, шешімі болмады. Түсінген адам болса да, түсінбегеннің сыңайын танытты. Көріп тұрып, көрмегеннің қылығын сыңайытты. Сіз дейсіз? Осы орайда, қазақтың маңдайына біткен қайталанбас дарасының өлең жолдары есіме түсіп кетті.
Тыңдамаған сөз жетім,
Киюсіз тозған бөз жетім.
Иесіз қалған жер жетім,
Басшысы жоқ ел жетім.
Аққу-қазсыз көл жетім,
Жерінен айырылған ел жетім.
Замандасы қалмаса-
Бәрінен де сол жетім! – деп, Абай атамыз бекер жырламаса керек. Қырық бес қара сөзінде бүгінгінің ұрпағына деп өсиет қып тастаса керек. Оқып, тоқыған бар. Оқымағаны қаншама? Бұл тақырыпты қозғамас бұрын көп жерді шарладым. Жөн сұрадым, ашығын жазайын деп зерделедім. Қателесіп, біреудің обалына қалмайын дедім. Содан көп ойланып, түйін түйдім. Көпті білгенннен емес, көпті көргеннен сұра деп жатады. Көпті көргендерден көп дүние сұрадым. Сұрай-сұрай көп сұрақтың жауабын таптым. Біріне барсаң, бір шындық, бір ақпарат жинап-біліп келесің. Кейбірін тыңдап таң қалып, жаға ұстайсың. Енді бірін тыңдасаң, жүрегің ауырады. Ол да біз секілді қарапайым халық. Берген дүниені уақытылы өткізбесе, сол кісілердің дегеніндей болмаса сөгіс алады. біздің жалпақ тілмен айтқанда «Аузы – мұрны қисық болса да, дөкейдің баласы сөйлесін» деген заман болып тұр. Міне, әңгіменің төркіні осы. Жылда аудандық газеттерді қолдау мақсатында Мемлекет тарапынан Мерзімді баспа басылымдары (газеттер, журналдар), теле- радиоарналар, интернет-ресурстар арасында өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу бойынша мемлекеттік тапсырысты орналастыру барысында конкурс ойнатылады. Аталмыш конкурс, конкурс емес таза сауда-саттық. Кімнің басында тіреуі бар, сол ұтады. Кімде жоқ сол ұтылады. Міне шындық. Неге бұлай дейтін шығарсыздар. Өз айғағым бар. Мен істейтін Ескелді аудандық жалғыз газет үш жыл қатарынан бұл конкурстың желімтігіне айналды. Жылда құлатады, жылда бөліске түседі. Бұл қалай? Талай басшылардың алдына бардым, сотқа жүгіндім. Айналып өзім кінәлі болдым. Бұл жолы да солай боларма екен… Жо-жоқ бір жағына шығу керек. Үмітім Мемлекет басшысы өзіңізде. Сіз жақтан министрде келді. Сұрақ, қойып едім, тағы өзім кінәлі болдым. Қойған сұрағым жандарына баттыма, білмедім. Біздегі басшылықтың менің орныма түрегеліп берген жауабы, бұл кісі газет саласына жаңадан келген, жөн жоралғысын білмейді деп аузымды жаптыртты. Шындыққа келсек, тілшілік өмірде 15 жылдық тәжірибем бар. Бұл жиында отырғанның көбі, дайындалып, жаттап, жоғарғы жақтың ұсынысымен қойылған сауалдар болды бұл күні. Ойламаған жерден мен кіріп кетіппін. Қотыр қолдан, пәле тілден деген осы шығар. Былтырғы жылы конкурстық комиссия шешімімен бізге бөлінген ақшаның жартысы Іле ауданының, аудандық «Іле таңы» газетіне бөлінді. Бұл газет, жалғыз маған ғана кірген жоқ. Басқада аудандарға да кірді. Шынайы көзбен қарасаң, балдық жүйелері сол газеттерден асып тұрса да, бізді ғана алды. Оны қойыңызшы Алматы облысы, Іле ауданының әкімі біздің яғни Ескелді аудандық ішкі саясаттың бастығы Асхат Сағидоллаұлына қысып звандағанын айтсаңызшы. Сол «Іле таңы» газетінің бас редакторы Бахтияр Талғатұлын ауданымызға сол жылғы конкурстың комиссия мүшесі болған Шыңғыс Бозым мырзаның тілшісі Дастанбек мырзаның әкелуі де жанға тыныштық бермеді. Көңілге ұялаған күдікті одан әрмен өршітті. Конкурсты ұтты, ақшаны алып отырды. Есепті бермеді. Бізді тексерген ішкі саясат, оған көз жұма қарады. Өзге облыстың газетіне айдаладағы біздің ауданның мәселесі не үшін қажет. Ең алдымен өз аудандарын қамтып алмай, өзгені жетістіремін дегенді түсінікке алу қиын екен. Апта сайын шыққан газет, ауданға жетпеді. Бұл қалай? Үш айда немесе бес айда я болмаса біз жаққа жол түскен уақытта газеттерін жолай тастап кетіп жүрді. Сонда жолай келген 3 дана газет ауданның идеологиясын қалай дамытады. Идеология бөлімі қайда қарады? Ауданның қай тұрғыны оқыды? Кім көрді? Сонда тек ішкі саясатқа есеп беру үшін ғана керек, қалған уақытта керегі де жоқ па бұл газеттің. Бұл кісілердің шығармашылық жұмысында біршама мәселелер көтерілген болатын. Олар қайда. Жол – жөнекей пробкада қалғаны ма? Әлде Мемлекеттің ақшасы ойынға айналғаны ма? Қалай түсінсек болады? Ай сайын есепті берген де, алысты сылтауратып элетронды нұсқада да жіберіп отырды. Бізді тексеріске алғанда әрбір мақаланың кв сантиметіріне дейін өлшеген Асхат мырза Іле ауданының әкімінен қорыққаны ма? Ол кісінің қатысы не? Әлде бізді әкім қолдамады ма? Басқа аудандардың басшысы басшы, біздікі ше? Басқа ауданның әкімдерінің тіреуі мықты, басқаға сөзі өтетін болғаны ма? Қалай ойлайсыз оқырманым? Өткен жыл осы мен жауапсыз кетті. Айналып, аудандық газеттің редакторы Инкар ханым «жынды» деген атаққа қалды. Басшылыққа барса, өзі кінәлі. Шындығын дәлелдеп тұрса да, көріп тұрған шындық көзге ілінбеді. Міне, тіреудің жоқтығы қандай жаман. Басшы ауысып, басқалары келді. Оларға мұң зарын айтқан редактор ханым, өткен әңгіменің маған қатысы жоқ деген жауаптарға ие болды. Жақсы деп, биылға қолдау күтетін айтып кетті. Биыл да болмады. Наурыздың 14-не жарияланған конкурс мәресіне сәуірдің 18-де жетті. Былтырғыдай комиссия мүшелері көп дүниені түсінбейді. Ашық шыққан құжаттар тізімінде болмаған құжаттарды қайта алдыртты. Мақаламды оқып, сайттарын өзгертіп алуларыда мүмкін. Биылғы конкурстан тағы да ұтылдық. Облыстық газет «Алатау» кіріп, еншісін алды. Қызығы Ақсу аудандық газетінің еншісіне де кіріп, комиссия шешімімен Ақсу ауданының газетін алмады. Бұл қалай? Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Қапашұлы Көлбаевқа көмек сұрап кіргенімде «сіздің өткізген құжаттарыңыз дұрыс болмағандықтан ұта алмадыңыз, ауданның жалғыз газеті болғандықтан, барлық соманы Облыстық газетке бермей, 51-49 –н сізге бердік. Ал, Ақсу ауданының 1 балы ғана жетпей тұрғандықтан ол кісілердікін өзіне қолдап жібердік» деді. Содан Облыстық Қоғамдық даму басқармасына жол тарттым. Құжаттарымның бұрысы мен дұрысын көрдім. Дұрыс емес деген жері жоқ. Ұпай санынан қалып отырмын. Олар газеттің тиражы, ғаламтор желісінің және қызметкерлер санынан ұтылып отырмын. Бұл құжаттарды Қоғамдық даму басқармасының басшысының орынбасары Елдар мырзадан көрдім. Содан жұмысқа келіп, қызметкерлер ге айттым бар жағдайды. Олар зерттеу жұмысына кірісіп, Ақсуды талқылады. Зерттей келе, Ақсу аудандық газеттің тиражы Алатау газетінен аз, инстаграм желісінде 7 адам, фейсбукта парақшасы 1500, саиттарының қаралымы ең төменгі дәрежеде. Қызметкерлер саны 10. Енді Алатау газетіне тоқталсақ: Қызметкерлер саны-26, инстаграм желісі 10000, фейзбугі -1500, тиражы-2700. Ескелді аудандық газетке шамасы жеткен Алатау газеті, Ақсу ауданынан қаншама жерінен балдық жүйесі жоғары бола тұра жеңіске жете алмады. Бұл мәселелерді Елдар мырзаға айтқанымда, біз өткізген қағаз бойынша ғана қараймыз деп жауап қатты. Ал, өткізген әрбір құжаттарда баптау пәрмендері, яғни (ссылкалары) бар. Сонда олар не үшін. Комиссия құрамы қағазға ғана қарап, қалғанын қарамай ма? Сотқа беріңіз деп жөн сілтейді. Сотта тек қағаздар ғана сөйлейтінін байқадым. Не пайда? Соттан аузым күйген. Сақадай сай қылып қағаздарын реттеп қойған жоғарғы тарап. Сотқа барсаңыз, осыны көрсетемін, біз жеңеміз. Өздерінде нық сенім. Бүгінгі жариялымнан кейін де, өзгертетін дүниені өзгертіп, түзейтінді түземеске кім кепіл. Замануи техниканың қарыштап дамып тұрған сәтінде, саитта ескі уақыт пен де, былтырғы жылмен де өзгерістер енгізуге де болады. Жаңа Қазақстанның даму қарышы жаман емес. Бұл жолы да көп әңгіме естідік. Жығылғанға жұдырық жан-жақтан тиді. Жөн сұрап, жан-жақты тыңдағанда Ақсулықтар жайлы көп естідік. Алатау газеті кіргеннен бастап, біраз тірліктер жасапты. Жөн сұрасып, өздерін аманат етіпті. Әкімдігі мен ішкі саясаты жүріп, жан-жағын шешкен дегенді естідік. Ал, бізге келсек, сендерді қолдаған ешкім жоқ, әкімдіктеріңіз бен ішкі саясаттарыңыз жұмыс жасамайды. Қолдау көрмейсіздер дегенді де естідік. Болары болып бояуы сіңген уақытта жүгіргендерің несі дейді бізге. Бұл сөздердің бәрін жанымда ішкі саясаттың бастығы Асхат мырзада құлағдар. Сонда барлық өкіметтің адамдары үнемі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мақалаларды үздіксіз газет беттері мен ғаламтор желісіне жариялап отырғаны қалай? Апталатып шығартып отырғандары тек, қағаз жүзінде ғана болғаны ма? Семинарлар мен брифинктер, дөңгелек үстелдердің бәрі жәйінда қалғаны ма? Тек есеп жүзінде есепке елеп, жұмыс барысында қолданысқа ие болмағаны қалай? Естіген құлақта айып жоқ, былтырғының әңгімесі конкурсты саудаға салған Айдар Карбозовтың да аты аталып қалды. Көзбен көріп ұстамаған соң не дерімді білмеймін. Бірақ, менің жағдайымдағы жайт айдан анық себебі болады. Былтырғының Ілесі, биылғының Алатауы болып тұр. 94 жылдық тарихы бар газеттің бүгінгі жағдай осы халқым. Газет жайлы жоғарғы таптың айтар әңгімесі мынау. Оқырманың жоқ дейді. Оқырман жоқ емес, газет бетінде беттеріміз аз. Мемлекеттің тапсырмасы мен әікмшілік тараптан беретін мақалалар көп. Ал, бет қосып шығаруға газеттің шамасы жоқ. Күнін әрең көруде. Бұл біздің аудандық газеттің ғана мәселесі емес. Барлық аудандарда осы. Даттап, бір нәрсені сала бастасаң ата жауға айналасың! Жақтап жаза қалсаң сенен жақсы адам жоқ. Бұны қалай түсінеміз. Журналистің қашан мәртебесі көтеріледі. Қашан қолдау көреді. Қолдаудан бұрын тіреу іздейміз бе? Тірейтін тірегіш тапсақ, сонда өз-өзімізді алдағанмен тең болып, сыбайластыққа жол тартамыз ба? Әлде Жаңа Қазақстанның қалауы осы ма?! Бәрін түсініп, біліп тұрып, бізде көп дүниеге көз жұма қарайық па?! Қазіргінің тілімен айтқанда системаға бізде кірейік пе, әлде сол системаның жиегіндегі қызметкерміз бе?! Жоғарыда айтылған фактілерімнің дәлелі бола алатын видеолар мен аудио запистері бар. Ол да, бір күні халық құлағына жол тартар. Мен біреуді даттайын деген жерім жоқ, тек ақиқатқа көз жүгіртсек дегенім. Неге біздің аудандық газетке сағызша жабысып, басқаға шамасы жетпей қалғанын білсек. Қолды болған ақшаның есебін алсақ. Сіз болып, біз болып шындықты білсек деген ниет. 94 жылдық тарихы бар газет бұдан да ауыр күнді бастан кешірген. Бұл да өтер. Ескелді бидің рухы қолдап, бұл да өз мәресіне жетер. Ауданның идеологиясын жүргізіп отырғандықтан, неге конкурсты өз аудандарына ғана тиесілі етуге болмайды. Қалған дүниені жасауға болады да, осындайларды жасауға қауқарсызбыз. Тағы да неге деген сұрақ. Шешімі болады деген үміттемін. Бір кісіден естігенбіз, атын жазып, ол кісінің жүрегі тоқтап қалмасын. Жазбай-ақ қояйын. Мемлекет басшысынан не пайда деп? Сонда пайдасы көрмеген басшысы не үшін мемлекеттік қызметкер болып жұмыс істеуде. Құрметті Мемлекет Басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлы, сіздің сыңдарлы саясатыңызбен шынайы жұмыс атқарып жүрген қарапайым тілшіңіздің үндеуіне құлақ асасыз деген нық сенімдемін. Өз қолыңызға алып, бір шешімін береді деген алтындай үмітім бар. Ешкімнің ала жібін аттаған емеспіз, аттамаймыз да. Жанға батқаннан кейін жазып отырған жайымыз бар. Қазақ жетімін жылатпаған. Жетім сөзінің түп мағынасы жалғыздық. Ал, жалғыздықты даналарымыз Құдайға ғана жарастырған. Жетімдер туралы Құран Кәрімнің он жеті жерінде тікелей айтылса, ишаратпен айтылған аяттар одан да көп. Жерде жетім жылаған кезде, аспан әлемі тітірейді. Жетім бағылған үй мен мешіттің қасиеті бірдей ұлы ұя мекендер! Газетті жетімге теңегенім, қолдауы жоқ, жарым-жан. Еститін құлағы, көретін көзі жоқ. «Сыбайлас жемқорлық үлкен әлеуметтік қасірет болып саналатын, саяси-экономикалық дамуды тежейтін, әлемдегібарлық елдерді алаңдатып отырғандығы анық. Қызметін теріс пайдалану, қызметтік өкілеттілікті асыра пайдалану, пара беру, пара алу, парақорлыққа итермелеу, қызметтік жалғандық жасау, сеніп тапсырылған мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, осы тектес қылмыстардың барлығы сыбайластықпен жасалған жемқорлық болып табылады. Сыбайлас жемқорлықтың әкелетін үлкен қасіреті, ол – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саласына зиянын тигізіп, елдің және оның әрбір азаматының әл-ауқатын төмендетеді. Бұдан бөлек, мұның бәрі халықтың ел үкіметіне сенімін жоғалтуына бірден-бір себеп болуы мүмкін.
Сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі екенін былайғы жұрт жақсы біледі. Басқа елдер сияқты, біздің жас мемлекетімізді де айналып өткен жоқ. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке қарсы тұрып, сол жолда бірге атсалысып, жұмыла күресуіміз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымз анық.»-деп бір басшының жазған мақаласы. Қандай тамаша жазылған. Тек осыны өмірде де қолданып жүрсек нұр үстіне нұр болар еді. Адам күні адаммен. Байлық, билік қолдың кірі. Бүгін басшысының ертең қарапайым халықтың қатарынансың. Ел аман жұрт тыныш кезде, табиғат апаттарының дамылсыз болғанынан ақ, кішкене болсын жөнге келген дұрыс ау. Тәубені білмей, күншілдікке салу бүгінгінің сәні емес. Бүгінгі түрлі өзгерістер болып жатқан заманда, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, соның ішінде Мемлекет басшысы айтқандай шағын кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп тұрса қандай тамаша еді. Әркімге өзіне бөлінген ақшаға адал қызмет етіп, игеріп отырса, ол да қандай ғанибет. Біреудің берекесі мен мерекесін қашырғаннан не пайда? Алған парадан, алып отырған айлығың сансыз артық емес пе? Жұмыла кіріскен жүк жеңіл дейді. Қолдауын таппаған жетімектің сауабын алуға тырысыңыз ағайын!!! Халыққа газет керек. Газет бір күндік болса, ішіндегі мың жылдық….
Іңкәр Ерболқызы
«Жетісу Шұғыласы»
газетінің бас Редакторы,
Қазақстан Республикасының журналистер одағының мүшесі