Мал ұрлығы – аса ауыр қылмыс

Соңғы кездері мал ұрлығы кәсіпке айналып, ұйымдасқан қылмыс түрі болып кетті. Қорада қарауда тұрған малды оңай ұрлап кетіп жүргенде, қараусыз жайылымда бос жүрген мал жағдайы не болмақ? Мал ұрлығына қатысты жауапкершілік күшейіп, ұрлық жасап, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқырғандардың жазасы ауыр.
Мұнан бөлек ендігі жерде мал ұрлағандар мен малынан айырылғандар бұрынғыша өзара ымыраға келе алмайды. Мал ұрлығымен ұсталған қылмыскер бірден бас бостандығынан айырылады немесе оған қылмыстың ауыр не жеңілдігіне қарап айыппұл салынады. Қылмыстық кодекстің 188-1 бабындағы «мал ұрлығы» бабына тоқталсақ, мал ұрлау, яғни бөтеннің малын жасырын жымқыру – мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Егер қылмыс жасағанда алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен жасалса, ірi мөлшерде жасалған мал ұрлау – мүлкi тәркiленiп, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Қылмыс бірнеше рет жасалса, тұрғын үй-жайдың, кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің, мал қораның, қашаның немесе өзге де қойманың ауласына кiрумен жасалған мал ұрлау – мүлкi тәркiленіп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Мал ұрлығын қылмыстық топ жасаса, аса iрi мөлшерде жасалған мал ұрлау – мүлкi тәркiленіп, жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Осы бапта мыналар мал деп түсініледі: ірі қара мал, жылқылар мен есектер, түйелер, ұсақ мал, шошқалар.
Біреудің мүлкіне қол салып, қылмыстық іс жасау абырой әкелмесі хақ. Өйткені заң талабы жеңіл емес. Тиісінше қылмыс ашылар болса, қолыңмен істегеніңді, мойныңмен көтеруге тура келеді. «Ұрлық түбі – қорлық» деген сөзді санамызға сіңіріп өскендіктен, жақсылыққа жетелер жол емес екендігін әрбір азамат түсінгені дұрыс.

Ескелді аудандық сотының баспасөз қызметі.