Коллаборативті орта құру – табысты оқыту негізі

Ғылым мен техника, ақпараттық технология көз ілеспес жедел қарқынмен заулап бара жатқан ХХІ ғасырда білімін дамытпаған ел жаһандық өркениет көшінен кейін қалып қоятыны жасырын емес. Сондықтан елімізде білім беру жүйесін әлемдік үрдістерге сай жаңаша ұйымдастыру, реформалау бағытында нақтылы іс-әрекеттер жүзеге асып келеді. Нәтижесінде білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Осы орайда Байысов атындағы орта мектепте облыс көлемінде шара ұйымдастырылып, Жетісу жерінің ұлағатты ұстаздары тәжірибе алмасып, білімдерін шыңдады.

Атаулы білім шаңырағында «Коллаборативті басшылықты жүзеге асырудағы жетекші мектеп тәжірибесі» тақырыбында облыстық стенд сессиясы өтті. Алматы облысының білім басқармасының «Облыстық білімді дамыту оқу-әдістемелік орталығының» ұйымдастыруымен өткен шараға 17 аудан мен 3 қаланың мектеп директоры мен орынбасарлары қатысты. Аталмыш шараға облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры Алуа Қабдұлова, Назарбаев зияткерлік мектептері ДББҰ Талдықорған қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының менеджері Айбек Кенжебаев, Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының бас маманы Ләйлә Сағынғалиқызы, Облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы директорының білім беру менеджменті және инновациялық қызметі жөніндегі орынбасары Эльвира Досаева, облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы білім беру менеджменті және инновациялық қызмет бөлімінің басшысы Ермек Немеребаев қатысып, шараға қатысушы мұғалімдердің жұмыстарын бағалап, жеңімпаз ұстаздарды анықтады. Жетекші мектептер мен серіктес мектептердің кәсіби қоғамдастықтағы тәжірибелерін насихаттау, өзара ынтымақтастығын кеңейту мақсатында өткізілген стендік сессияда қатысушылар атқарылып жатқан жұмыстарын айтып, тың идеялармен бөлісті, жоспарларын жеткізді. Нақтырақ айтқанда, «Постер сессия» кезеңінде жетекші мектеп директоры кәсіби қоғамдастағы қызметінің моделін электронды постермен таныстырса, «Идеялар аукционы» кезеңінде директордың оқу-ісі немесе әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары жетекші мектеп жұмысын жетілдіру жолдарын ұсынды. Қарабұлақ орта мектебінің директоры Баяхан Айдын Ықыласұлы және мектеп директорының орынбасары Айтибаева Алия Козаировна Ескелді ауданының намысын абыроймен қорғап шықты. Атап айтқанда, жетекші мектептің атқарылып жатқан жұмыстарын жеткізе келе, «Ізденіс», «Сәтті қадам», «Оқы, үйрен, қолдан», «Әрекеттер мен қадамдар» және «Белестер» тақырыбы аясында тың идеяларын айтты. Сонымен қатар, үздік сабақтарды топтастыру бойынша жинақ құру жоспарымен бөлісті. Осылайша, стендтік сессияға қатысқан әрбір мектеп басшылары тың идеяларын ортаға салып, бір-бірімен тәжірибе алмасты. Шара соңында үздіктер анықталып, жеңімпаздар марапатталды. Қарабұлақ орта мектебінің директоры Айдын Баяхан және мектеп директорының орынбасары Алия Айтибаева ІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, үздіктердің қатарынан көрінді.

Жадыра ЕРМҰХАНОВА,

Байысов атындағы орта мектебінің Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.