Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді көтерсе, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Мысалы, еліміздің ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі ғасырлар бойы халқымыздың бойындағы, батырлық пен ерлік дәстүрінен туындаған. Ал, дәстүр дегеніміз – ұлтты рухани жандандырып отыратын керемет үрдіс, ғасырлар қалыптастырған қағида.
Аллаға шүкір, ата-бабамыз сан ғасырлардан бері аңсап өткен тәуелсіздікке қол жеткізудің арқасында асыл дініміздің қайнар бұлақтарымен қайта қауышып жатырмыз. Табиғатымызбен сабақтасып жатқан шариғатымызды біздің ұлт болып өсуімізге қажет рухани мектеп деп танимын. Халқымыз дербестікпен бірге дәстүрлі мәдениетіне, тілі мен дініне толыққанды ие болып, оларды заманға сай дамытуға мүмкіндік алды. Өшкеніміз жанып, ұмытқанымыз жадымызда жаңғырды. Мұның барлығы Қазақ елінің ұстанған бағыт-бағдарының дұрыстығын, ата-баба жолынан айнымағандығын білдіреді. Халқымызда: «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген керемет нақыл сөз бар. Сондықтан, бұл мәселеге бір жақты қарауға болмайды. Егер әдет-ғұрып шариғатқа қайшы келмесе, оған Ислам тыйым салмайды . Оған дәлел Ал Имам Сарахси хазіреттің: Шариғатқа қарсы келмеген әдет және ғұрыппен бекітілген нәрсе, шариғатпен бекітілгенмен тең болады!» -деген.
Дәстүрлеріміздің дінімізге қарсы келмейтін ең сүбелісін халыққа насихаттап, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қайта жаңғыртуымыз қажет. Алла тағала құранда: «Кешірімді бол, ғұрыпқа жақсылыққа бұйыр және надандардан жырақ бол» — деп әмір етеді. Ғұрып дегеніміз — бір қоғамда қалыптасқан жағымды әрі қайырлы іс. Демек, Алла тағала жоғарыдағы аяттарда қоғамда жағымды жағдайларды қалыптастырып, оларды негізге алуға әмір етіп тұр.
Қазіргі заманда Европаға еліктеушіліктің зардабын көріп жатырмыз. Сондықтан өзіміздің ұлтымыздың құндылықтары түп — тамырымен жоғалып кетпес үшін, салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғыртуымыз қажет. Қай халықтың болмасын салт — дәстүрлері сол халықтың мінез — құлқын, қасиеттерін таныта алады. Ал, біздің халқымыздың салт — дәстүрлері мен әдеп -ғұрыптары халықтың тұрмысына, тәрбиесі мен мінезіне, сеніміне, ырымына қарай қалыптасып келеді. оның ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік және халықтық мәні зор болған. Мәселен, қонақжайлылық – халқымыздың ерекше қасиеттерінің бірі. Қонаққа деген құрметтің бір негізі Ислам дінінде жатыр. «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтіретін болса, қонағын құрметтесін, жақсылық күтсін», — деген Алла Елшісі (с.а.с.). Халқымыздағы әдептіліктің, сыпайылықтың бір көрінісі – үлкенге «Сіз» деп сөйлеу, әйелдердің де күйеулерінің аттарын атамай «отағасы», «әкесі» деп тіл қатуы. Жастар жағы үлкен кісілердің алдарынан кесіп өтпеген. Қазақ ұлтының қанына сіңген қасиеттердің бірі – сыйластық. «Адам – сыйлағанның құлы» деген қазақ өзін сыйлап, құрметтеген жанға төрден орын ұсынған. Сонымен қатар, Қазақстанның батыс өңірінде сақталып келе жатқан «келіннің сәлем салуы», «келген қонақтың қолына құмғанмен су құюы» сынды ежелгі дәстүрлер бар. Бұл дәстүрлердің астарында үлкенге деген құрмет, сыйластық және үлкеннен бата алу сияқты ізгі қасиеттер берілген. Осы үрдістер, Қазақстанның барлық аумағына таралса, құба құп болар еді.
Ендеше, «жаным арымның садағасы» деп мұсылманшылықты ту еткен сол бабаларымыздың салып кеткен сара жолынан айнымағанымыз жөн. Қоғамды ынтымаққа ұйытатын, бірлікке бастайтын құндылықтарды қадірлеуіміз қажет. Дәстүрлі дінінен, ділі мен тілінен, әдет-ғұрпынан ажыраған елдің болашағы жоқ. Сол үшін рухани құндылықтарымызды құнттай білгеніміз жөн.
Тұрысбаев Қуатбек
Ескелді ауданы,
Ақын Сара ауылдық мешітінің имамы.