«Бесік жыры» түрлі дерттің емі екенін білесіз бе?!
1916 жылы психоневрология институтының негізін қалаған академик Владимир Бехтерев «Балалардағы невроз ауруының алдын-алу үшін, бесік жырын тыңдату керек» деген тұжырым айтқан. Ал, психолог Виталий Леутиннің айтуынша, бесік жырын тыңдау сәбидің ми қыртыстарындағы нейрондардың дұрыс дамуына түрткі болады деген екен. Америкалық психолог, медицина ғылымдарының докторы, трансперсоналды психология ғылымының негізін салушы Станислав Гроф «Beyond the brain» атты кітабында бесік жырының баланың психотерапевтік аурудан жазылуына бірден-бір себеп бола алатынын ескерткен. Жалпы бесік жырының ерекше маңызы туралы сөз қозғаған беделді ғалымдар аз емес, 2001 жылы Ресейдің Тюмень қаласының ғалымдары ұзақ мерзімді тәжірбие жүргізеді. Олар жастары шамалас бірнеше сәбиді іріктеп алып, екі топқа бөліп бақылайды, Алғашқы топтағы сәбилер анасынан тұрақты түрде бесік жырын ғана тыңдайды, Ал екінші топтағылар әртүрлі әуендер тыңдайды. Алты ай мерзімінен соң, бөбектердің ми қыртыстары тексеріледі. Нәтижесінде, әлди әнін тыңдамаған балалардың миындағы нейрон жасушалары баяу дамып, ойлау қабілеті бәсеңдегені байқалады. Алғашында бұл фактіге күмән келтіргендер көп болды. Ғалымдар мәселенің анығына жету үшін, өз зерттеулерін жалғастыра берді. Уақыт өткен сайын, әлди әнін тыңдамай өскен сәбилердің мінез-құлқында психологиялық ауытқулар күшейе береді. Олар тез ашуланып, тез шаршайды. Ойлау қабілеті төмендеп, жалқаулыққа бейім болды. Мектепте де сабақ оқуға ынта қоймады. Ауру-сырқауға да тез шалдығатыны байқалды. Осы зертеудің нәтижесінде ғалымдар бесік жырының сәби денсаулығына тигізетін мынадай пайдалы жақтарын анықтады: Баланың жүйке жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді; сәби бойындағы мейірімділік, қайырылымдық, ата-анаға деген махаббат сияқты ізгі сезімдерді дамытады. Дүниетанымдық ізденісін, ғылым-білімге деген ынтасын арттырады; бала мағыналы һәм мәнерлі сөйлеуді үйренеді.
Тұрмыс салт әндері баланың дүниеге келіп, ер жетіп, қаза болу сәтіне дейінгі елеулі кезеңдерге байланысты туындап отырған. Соның ішінде баланың өсіп жетілуіндегі айырықша тәрбиелік мәні бар ән — бесік жыры.
Бесік жырларының құрылымы қарапайым болғанымен, сазы жан тебірентер мамыражай, әрі көркем болып, жас сәбидің нерв жүйелеріне, жалпы психикасына жағымды әсер етіп, көңіл-күйін орнықтырады. Осыдан ақ “Ел болу үшін, бесігіңді түзе» нақыл сөзінің мағынасына ой жүгіртесің. Тіпті ана мен баланың ең алғашқы байланысы осы жырдан бастау алады екен.Ұлт мәселесі, ұлттық мүдде, сана, тәрбие, ар-ождан, намыс сынды бір-бірін төңіректеген ұғымдар ұлт феноменінің негізгі құрамдасы. Тәрбиеге аса көңіл бөлетін шығыс халқы «Тәрбие – адамгершіліктің шынайы көрінісі» деп бекер айтпаған. Бұл орайда, ұлттық рухты бойға дарытатын ұлттық тәрбиенің жөні бөлек екені бесенеден белгілі жәйт.
Ұлтымыздың төл тәрбиесі- бесіктен бастау алатыны мәлім. Бесік тәрбиесінің, әсіресе, бесік жырының ұрпақ санасын ұлттық рухпен дамытуда тигізер пайдасы өте зор. Бірақ, ұлттық құндылықтың кейбір тұстарына батыстың, жымысқы саясатының жезтырнағы батып бара жатқан тәрізді.
Әлемде бесік жырын айтпайтын халық жоқ.Сәби жүрегіне алғашқы рухани нәр ең алдымен осы әлди жырымен сіңеді. Аты айтып тұрғандай-ақ бұл жырдың негізінен, баланың бесікте жатқан кезінде орындалатыны белгілі. Бесік жырының мазмұндық құрамын іштей жіктеу жөнінде де ғалымдар түрлі толғамдар айтады.
Ал осы бесік жырының шығу тарихын білесіз бе? Оның бастауы қайда жатыр?
Бесік жыры әр елде әртүрлі болғанымен әннің әуезі, шығу тарихы бірдей. Мұсылман халықтарының арасында әлди жырын алғаш болып Хауа ана айтқан деседі. Бірде ол егіз ұлдарын жұбата алмай қатты қиналады. Сонда көктен періштелер түсіп: «Алла, Алла, Алла»,- деп Алланың атын әдемі әуезге салып орындайды. Сонда ғана балалардың көңілі тынышталып, ұйқыға кетеді. Ән Хауа анаға да ұнап қалады. Осылай ол періштелерге үйретуін өтінген. Періштелер Хауа анаға әнді 7 күн бойына үйреткен деседі.
Кейін Хауа ана барлық балаларын осы өлеңмен тербете бастайды. Уақыт өте келе бұл ән балалардың бесік жырына айналған. Оның сөзіне, әуезіне, мағынасына көп мән берілген. Тіпті ертеректе жас аналарға әлди жырын үйрететін арнайы мектептер болған екен. Бесік жыры жайлы «Алла-наме», «Әлдинама» атты ескіше кітаптар болуы осының айғағы. «Аналар әлдисіз жасай алмас» деген сөз осының айғағы. Ал қазіргі «әлди, әлди, әлди-ай» деп басталатын өлең осы Алла есімі қосылған әннің уақыт өте келе өзгерген нұсқасы екен.
Бөпелеріңізді ерте жастан бесікке бөлей отырып, бесік жырын айтуды әдетке айналдырған жөн. 1 жастан асқан соң сүйек кеміртіп, кем дегенде 2 жасқа дейін баланы омыраудан шығаруға асықпаңыздар. Себебі мұның барлығы баланың ауыз қуысының дұрыс жетілуіне, беттің бұлшық етінің дамуына үлкен септігін тигізеді. «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» деген мақал асыл әжелерімізге жақсы таныс. Яғни, тәрбие іргетасының мықты болуы – отбасындағы әжелеріміздің бұлақтан аққан судай кіршіксіз таза тәрбиесінде болып тұр.
Жалпы бесік жырын тыңдаған бала ерекше сезімтал болып өсетінін көріп жүрміз. Сәбиіңізді бесік жырымен ұйықтатуды ұмытпаңыз!!!
Ақниет Эльдарұлы