Сынып жетекшінің сүйікті ісі

Адам баласы сүйікті ісімен айналысқаны қандай жақсы! Бүгінгі күні мен өзім таңдаған мамандығым бойынша Қарабұлақ орта мектебінде қызмет етудемін. Мектепті білім тірегі десек, ұстаз-оның жүрегі . Мұғалім жас ұрпақтың жан-жақты терең білім алуымен қатар саналы да тәрбиелі, зерделілік деңгейі жоғары болуы үшін тер төгіп, еңбек етеді. Өз тәжірибемнен байқағаным, сынып жетекшісінен үлкен жауапкершілік талап етіледі.
Тәрбиенің негізгі мақсаты— дені сау, ұлттық сана- сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар- ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да жақсы қасиеттер қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу. Тәрбиенің мазмұны негізінен адамгершілік, имандылық, ізгілік, елжандылық. Сол себепті сынып жетекшісінің бала тәрбиесінде алатын орны зор.
Әрбір сынып жетекші сияқты мен де еліміз алға қойған стратегиялық міндеттердің жүзеге асуына білікті маман ретінде, теңізге тамған тамшыдай болса да, өз үлесімді қоса алатыныма зор сеніммен қараймын. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы мектеп оқушыларының бойында адамгершілік және салауаттылық тұрмыс негіздерін қалыптастыруға, азаматтықты тәрбиелеуге, шығармашылық қабілетін дамытуға жұмылдырады. Осы міндеттерді шешудің жауапкершілігі, мектеп оқушыларының тәрбие ісін бағыттауы және ұйымдастыруы сынып жетекшісіне жүктеледі.
Сынып жетекшісі – сабақтан тыс тәрбие жұмысын ұйымдастырып, үйлестіріп, келістіріп өткізетін педагог. Сынып жетекшісінің негізгі мақсаты әр оқушыны дамыту, оның ерекшеліктерін сақтау, оның потенциалды қабілеттерін ашу, интелектісінің дұрыс дамып, жетілуіне жағдай жасау. Ол үшін сынып жетекшісі тәрбие жұмысының неғұрлым тиімді үлгілері мен тәсілдерін шығармашылықпен таңдап алып, оның нәтижелерін есептеп, бағалап, оқушыларға жеке-жеке қарау үшін оқушыларды жан-жақты зерттеп, жан дүниесіне үңілу қажет. Сондықтан да бала тәрбиесіне кіріспес бұрын, қай бағытта тәрбиелеу керектігін анықтап алған жөн.
Сынып жетекшісі — оқушы идеалы, адами қасиетті бойға дарытушы, рухани тәрбие беріп, мәдениетке шақырушы. Ең биік шыңында жеке тұлға қалыптастырады. Оқушы бойындағы өзін — өзі тәрбиелеу және дамытуға саналы көзқарасты қалыптастыру үшін жоспарлы тәрбиелік шаралар жүйелі өткізу уақыт өте келе өз нәтижесін береді. Сыныбымдағы оқушыларыма 5-сыныптан бастап жетекшілік еткен кезімнен бір — бірімен тату болуға, бірін- бірі сыйлауға, әр адамның бойынан жақсы қасиетті көре білуге, бағалай білуге; көре алмау, қызғаныш, бұйырып сөйлеу, кемсіту секілді келеңсіз әрекеттерден аулақ болуға барынша тәрбиелеп келе жатырмын. Балалар бойындағы талантын, дарынын ашу үшін намысын қайрап, жақсы оқуға толық мүмкіндігі бар екендігіне көздерін жеткізуге тырысамын. Бір-бірімен қарым- қатынас жасауға, достасуға, қайырымдылыққа үйретіп, ұлы адамдар өмірінен мысалдар келтірдім. Қатігездікке, құқық бұзушылыққа қарсы тұруға, өз тәртіптерін, істерін бағалай білуге барынша үйреттім. Сынып оқушылары бір үйдің баласындай тату болу керектігін санасына құйдым. Сыныпта «Бірі бәрі үшін, бәрі бірі үшін» принципі қалыптасты. Соның нәтижесінде 9 сынып бітіріп, болашақ мамандық таңдап, колледжге оқуға кеткен түлектерім мектеп қабырғасында оқуын жалғастырып жатқан сыныптастарына келіп, әлі күнге дейін бірін – бірі іздеп, араласып тұрады. Ашық сабақтарымды өз сыныбымда өткізу дәстүрге айналды. Мақсатым— оларды топ алдында қысылмай еркін сөйлеуге үйрету, білімін молайту, іздендіру, шығармашылық қабілетін ояту. Әр оқушы бір үйдің еркесі, өз әлемі, ойы бар, соны түсініп білуге, адаспайтындай, дұрыс жол сілтей алуға тырысу керек.
Әр уақытта ата-анамен байланыс жүргізіп, балалар бойындағы жақсылы- жаманды қасиеттерін байқап, дер кезінде қателігін түзеуге тырысамын. Қандай істі болсын бастау, оны өмірге ендіру оңай шаруа емес. Ұрпақ тәрбиесі – бұл болашақ тірегі, мемлекеттік маңызды ісі. Тәрбие жолы – қиын жол. Өмірді өрнектейтін адам, яғни ұстаз шәкірт алдындағы парызын еш уақытта ұмытпайды.
Мүлт кетсе, үлкен қателік жіберіп алатынын біледі. Ал тәрбиеде кеткен қателікті түзеу оңай іс емес. Сондықтан әр ұстаз жалықпай ізденеді, білім беруді, тәрбиелеуді, шығармашылықпен еңбек етуді абыройлы міндеті, айбынды мақсаты деп біледі.
Маған сеніммен берілген шәкірттерімді — келешек ұрпақты біліммен ғана сусындата қоймай, дамыған елдің талаптарына төтеп бере алатын, қазіргі заманауи технологияларды озық меңгерген, қазақтың салт-дәстүрін, ата салтын, тарихын қастерлеп, құрметтей білетін азамат тәрбиелеп шығаруға үлкен міндетім деп білемін.
Менің басты арманым — қанат қағып ұядан ұшқан шәкірттерімнің өмірде қателеспей, сүйікті мамандығының иесі атанып, Отанына, еліне, ата- анасына адал қызмет ететін саналы азамат, азаматша атанса. Қай ортада жүрсе де, өнегелі тәрбиемен өскендігін таныта алса, ұрпағына үлгі болса дегім келеді.

А.С.МАЖИТАЕВА,
10 сынып жетекшісі