Жұмақтың иісі аңқыған мекеннің жанашыры

Ауданымыздағы талай сұлматты жылдарды өткірген, тарихы терең тамырда жатқан алғашқы перзентханамыз жайлы кішкене болсада сөз етсек. Жалпы перзентханамыз 1946 жылдары 40 кереуетпен жұмысын бастап, 1960 жылы 100 кереуетке ақырындап аяқ басты. Солай перзентхана өз жұмысын бастап, деңгейін көтере бастаған. Міне сол тарихи кезеңдерді өткізіп қәзір көптеген жетістіктерге жетіп жатыр. Оған себепші ақ халатты абзал жандардың тынымсыз еңбегінде. Сәбилер дүниеге келетін бөлімнің жұмысын көрмек болып, аудандық аурухананың перзентхана орталығына арнайы бардым. Бүгінде, 2 акушер-гинеколог, 3 акушер, 4 дәрігер, 5 медбике жұмыс атқарып келеді. Перзентхана бөлімі арнайы соңғы үлгіде жабдықталған. Аудандық перзентхана бөлімі ана мен балаға көмек көрсетудің екінші деңгейлі сатысына жатады екен. Яғни ол дегеніміз аналарды күрделі босандыру кезіндегі қабылдауға арналған.


Мына жарық әлемде омырауын жібітіп, алпыс екі тамырын идірген сәбидің қылығына жететін қандай қуаныш бар екен?! Өмірге дені сау, он екі мүшесі бүтін бала әкелу – әрбір ананың арманы. Іңгәлаған сәби, іңкәр сезіммен нәрестесін бауырына басқан ана… Иә, әр адам үшін перзент сүю арман. Соның ішінде қазақ халқы үшін дүниеге ұрпақ келгеннен артық қуаныш жоқ. Ана денсаулығы ол – ұлттың денсаулығы. Ана атанып, дені сау баланы өмірге әкелу әр әйел затының арманы. Алдына келген әрбір қыз-келіншекке жанашырлықпен қарап, жағдайын түсініп, сауатты ем-шара жасау міндетін тыңғылықты атқарған Ақмарал Күмісбекқызы көптеген науқастың денсаулығын түзеуіне әрі, ана бақытын сезініп, сәби құшуына себепкер болды. Өз саласын меңгеріп, білікті маман атанған жанашыр тұлға. Ақмарал Күмісбекқызы — тәжірбиелі акушер гинеколог, дәрігерлік салада 24 жыл жұмыс атқарған, ал ауданымызда 14 жылдай қызмет атқарып келеді. Ол өз қызметінің басты өлшемі ана мен баланың өмірін сақтау екенін жан-жүрегімен түсінеді. Дәрігер үшін мұнда жүкті әйелдер келіп түскеннен бастап, олардың өмірге сәби әкелетін алғашқы минуттары өте маңызды. Себебі баланың дүииеге келуі – күрделі процесс. Ең бастысы акушер-гинеколог дәрігер ана мен баланың денсаулығын басты назарда ұстайды. Жауапкершілікті талап ететін осындай акушерлік қызметке Ақмарал Күмісбекқызы қалай келгендігін сұхбаттасып білетін боламыз.
Ақмарал Күмісбекқызы, дәрігер болу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін кәсіп. Алдымен медицина саласын таңдауыңызға не түрткі болды. осыдан бастасақ….бұл мамандыққа келуіңіздің себебі неде? Неліктен дәрігерлік жолды таңдадыңыз?
Дәрігер мамандығы бала кезімдегі арманым десемде болады. Кішкентай кезімнен мені басқа мамандықтар тіпті қызықтырмады. Есімде 6-7 сыныпта оқып жүргенімде өзіме мақсат қойдым. Және бала арманымның орындалыуына барынша күш салып тырыстым. Яғни оқуда озат болдым. Мамандығыма келсем, 1998 жылы Қырғыз мемлекеттік медицина академиясында, педиатрия мамандығын оқып шығып, 2000 жылы уролог мамандығы бойынша клиникалық резидентураны бітірдім. Сөйтіп Қырғызстан елінде дәрігерлік қызметті бастадым. 2006 жылы осы ауданға көшіп келіп, 2010 жылға дейін хирург-уролог мамандығы бойынша дәрігерлік жұмысты атқардым. Ал 2010 жылы бастапқы акушерлік гинекология мамандығының оқуын оқып, акушер-гинеколог болдым.
Сіз, өз сөзіңізде осы ауданда 14 жыл акушерлік қызмет атқардым дедіңіз. Жалпы статистиканы айта аласыз ба? Жылына орта есеппен қанша бала дүние есігін ашады?
Ауданымызда жылына орта есеппен 700-дей бала дүниеге келеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, демографиялық өсім жағынан жақсы көрсеткіш. Демографиялық өсім бірінші кезекте туу көрсеткішінің жоғары болуына байланысты. Биыл кесір тілігімен 4 егіздер дүниеге келді сонымен қатар, күніне 3-4 нәресте дүние есігін ашады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен шамамен көп.


Осы акушерлік қызметіңізде қанша келіншекті босандырдыңыз? Қанша балаға кіндік ана болдыңыз? Қиыншылық тудырған сәттер болды ма?
Шынымды айтсам есеп жүргізбептім, қанша уақыт перзентханада, оның ішінде босану блогында еңбек еткен мерзімді санап, орта есеппен шамамен 600-ге жуық баланың кіндігін кескен шығармын деп ойлаймын. Әрине, жұмыс болған соң әр саланың өз қиындығы болады ғой. Бірақ өзімнің ынта сеніміме қарай қиыншылықты сабырмен қарсы алуға тырысамын.
Дәрігердің бойында болуы тиісті үш қасиетті айта аласыз ба?
Ең бастысы жұмысына деген адалдық, шыдамдылық, білім мен біліктілік. Қандай қызмет түрі болмасын өз жұмысыңды жан тәніңмен жақсы көріп тұрсаң, жақсы нәтиже шығара аласың. Адам өзіне ұнамайтын шаруамен айналысса, ісі алға баспайды.
Күн сайын өмірге келген жаңа нәрестелерді қарсы алғанда қандай сезімде боласыз?
Бұл Алланың берген сыйы деп ойлаймын. Алланың маған берген бағы. Тап-таза періштені Жаратқаннан кейін көруді маған маңдайыма бұйырғаны. Жаңа адамның, бейкүнә нәрестенің өмірге келгенін көргенде бойыңды қуаныш сезімі билейді. Айтып та жазып та, сөзбен жеткізе алмаймын. Бұл бақытты көзбен көріп, қолмен ұстаған жан ғана түсіне алады. Бұл сезімді анасы мен әкесі де алғаш қолына алғанда сезінеді ғой, дәл сондай сезім бізде де. Өз басым Жаратқанға сансыз шүкіршілік айтамын, мамандық таңдаудан қателеспегенім үшін. Сонымен қатар бір отбасына бала сүю бақытын сыйлағаныма қуанамын, және де көкірегімде мақтаныш сезімі кернейді.
Жүктілік үшін ең қолайлы жас қанша? Көбінде әйелдер қауымы әлі жаспын, қартайып бара жатқаным жоқ деп жатады. 40-қа дейін бір бала тауып аламын, асығыс жоққой деген ойлармен уақыт өткізеді. Сіз не дейсіз?
Жүктіліктің тым ерте болғаны да дұрыс емес. Ең қолайлы кезең – 21-27 жас аралығы. Ерте замандарда қыз бала 14-15 жаста тұрмысқа шығып, бала тапқан деген фактілер бар. Ата-бабаларымыз кезінде 13-те отау иесі деген. Бірақ ол заманда ешкім статистика жүргізген жоқ, қанша баланың шетінегенін, қанша ананың өліп кеткенін білмейміз. Мүгедектікпен туған балалар сол ғасырларда да болды. Сондықтан ағза тұтас жетілгенде ғана жүктілікті жоспарлау керек. Қазіргі заманауи әлемде көптеген қыздар мансап туралы ойлайды, әлеуметтік, тұрғын үй, қаржылық жағдайларын жақсартқысы келеді, сондықтан тұрмыс құру мен сәби сүю екінші орынға қалып қоюда. Қырық жасқа тақағанда тұрмысқа шығып, бала көтерейін десе, фолликулалар, ұрық жасушалары азайған, гормоналды фоны бұзылған болады. Жас ұлғайған сайын басқа да неше түрлі аурулар туындайды. Сондықтан мен мансап туралы ойлайтын қыздарға 30 жастан кейін репродуктологқа барып, сапалы ұрық жасушаларын мұздатып қоюға кеңес беремін. Мұндай сақтау тәсілдері Қазақстанның кез келген қаласында қолжетімді.
Болашақ аналарға қандай кеңес бересіз? Қалай ойлайсыз жүктілік жоспарлануы керек пе? Ана жүктілік кезінде нені білуі керек?
Алдымен жүктілік алдындағы дайындыққа тоқталғым келеді. Болашақ ата-анаға берер ең бірінші және ең негізгі кеңесім – дүниеге бала әкелуді жоспарлау керек. Әр емханада жүктілікті жоспарлайтын кабинеттер бар. Онда акушер-гинеколог, терапевт мамандары отырады. Сол кабинетке келіп, білікті мамандардан ақыл-кеңес алған дұрыс. Ерлі-зайыптылар өмірге қанша бала әкелетіні, оны қай кезде әкелетініне дейін ойлануы шарт. Кейде ауырамыз, материалдық жағдайымыз төмен болады немесе басқа проблемалар бар дегендей. Оның барлығы болашақ балаға әсер етуі мүмкін. Жүктілікті жоспарлағанға дейін вирустарға анализдер тапсыру керек. Осы сараптамалардан жүктілікке дейін өткен дұрыс. Егер анықталып жатса, оны емдеу үшін антибиотиктер қолдану керек. Жүктіліктің жағымды өтуі мен дені сау нәрестені дүниеге әкелу үшін, бұл оқиғаға алдын ала дайындалу қажет. Талдаулар тапсыру қажеттілігі мен жүктілікті жоспарлау барысындағы іс-шаралар сипаты болашақ ата-ананың денсаулық жағдайларына байланысты анықталады. Ең алғашқы әрекет — гинеколог қабылдауына баруы. Болашақ аналардың өзінің созылмалы, тұқымқуалаушылық, басынан өткен ауруларын, етеккір айналымының ұзақтығын есте сақтап, бар болған жағдайда, бұрын соңды тапсырған зерттеулер нәтижелерін (талдау, УДЗ) сатылы анықталуы жүктіліктің ойдағыдай аяқталуына зор себебін тигізеді. Қабылдау кезінде дәрігер жұбайлармен сұхбаттасып, жүктілікті жоспарлау кезінде ұстануға қажетті өмір салты туралы ақпарат беріп, анамнез (денсаулық жағдайы туралы мәліметтерді) жинақтайды. Жүктіліктің алғашқы белгілері білінгеннен бастап әйел міндетті түрде әйелдер консультациясына қаралуы қажет. Оған жүктілік кезінде 6-8 рет барып, босанғаннан кейін 8-10 апта бойы байқалып тұруы қажет. Әйелдер мен олардың жақындары екіқабат кезіндегі әйелдің денсаулығындағы шамадан тыс ауытқушылықтардың белгілерін біліп, сол уақытта қайда барып шұғыл, жәрдем алуы қажет екендігін білгені жөн. Барлық жүкті әйелдер толыққанды тамақтану мен сапалы ауызсуды пайдаланып, екіқабат кезінде дұрыс демалғаны жөн. Біз жүктілік кезінде әйелдің өте сезімтал болатындығын жақсы білеміз. Тәжірибелік сабақтар әйелді табиғи және рухани жағынан нәрестенің дүниеге келуіне дайындайды. Қорытындылай келе барлық жүкті әйелдерге 9 ай сәтті өтіп, жеңіл босану, тәжірибелі медициналық қызметкерлердің кездесуін тілеймін.
Жүктілік триместрлерге бөлінетінін білеміз. Бұл ана мен бала үшін қаншалықты маңызды?
Жүктілік 3 триместрге бөлінеді. Бірінші триместр дегеніміз – жүктілік пайда болғаннан бастап 13 аптаға дейінгі кезең. Екінші триместр – 14 аптадан 27 аптаға дейінгі кезең. 28 аптадан баланы босанғанға дейін аралық жүктіліктің үшінші триместрі болып саналады. Жүкті әйел үшін үшеуі де маңызды. Десе де, ең маңыздысы бірінші триместр дер едім. Себебі аталған кезеңде болашақ сәбидің барлық органдары, яғни эмбригенез процесі жүреді. Мысалы, жүрек-қан тамырлары мен орталық жүйке жүйесінің қалыптасуы алғашқы триместрде болады. Осы кезде жүкті әйел салауатты өмір салтын ұстанғаны абзал. Дұрыс тамақтанып, өзін ауыр жүктемелерден аулақ ұстауы тиіс. Егер оның зиянды әдеттері болса, аулақ болған жөн.
Патологиясы бар, шағымы көп жүкті әйелдерге ем қалай жүргізіледі?
Біз патологияны шартты түрде екіге бөліп қарастырамыз. Біріншісі — жүкті әйелдің өміріне қауіп төндіретін ауытқулар. Екіншісі — жүктілікке кері әсерін тигізбейтіндер. Бірақ ол экстрагенитальды патология болуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрінің арнайы бұйрығы бар. Онда қандай әйелдерге жүктілік қарсы көрсеткіш болып есептелетіні жазылған. Мысалы, АИТВ, сифилистің, туберкулездің белсенді формалары, сондай-ақ жүкті әйел алғашқы триместрде қызылша, ветрянка болып ауырса және жүйке жүйесінің қандай да бір аурулары болса, артериялық гипертензияның үшінші-төртінші стадиясы, қант диабетінің декомпенсациясы кезеңі. Сондай-ақ әйелдердің бір бүйрегі ғана болуы мүмкін. Ол қабынған кезде жүктілікке рұқсат етілмейді. Тізімді осылай жалғастыра беруге болады. Егер жүктілік медициналық көрсеткіш бойынша денсаулыққа қауіпті болса, жолдасына немесе ата-анасына ескертіліп айтылады. Ортақ келісіммен жүктілікті үзуге жібереміз. Ал экстрагенитальды патологияда белгілі бір салалық дәрігердің қабылдауына жіберіліп, дәрілер тағайындалады. Жүктілік бойы сол маманның бақылауында болады.
Жүкті әйел медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған болуы шарт па?
Шарт емес. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының 15 жеңілдікті санаты бар. Соның қатарында «Жұмыссыз жүкті әйелдер» деген санат бар. Егер жүкті әйелдің сақтандыру мәртебесі болмаған жағдайда, қабылдап анықтама береміз. Ол сол жерде кабинетте отырып, «Qoldau24\7» қосымшасы арқылы өтініш бере алады. Ізінше гинеколог оны жүкті әйелдердің регистрі деген жүйеге енгізеді. 1-2 жұмыс күн ішінде әйелге «сақтандырылды» деген мәртебе беріледі. Атап өтерлігі, пациент «сақтандырылмаған» болса да, дәрігер қабылдауы керек. Кейбір әйелдер білместіктің салдарынан, «сақтандыру мәртебем жоқ, мені қабылдамайтын шығар» деп жүктілігінің соңғы апталарына дейін келмей жүріп қалады. Бұл дұрыс емес.
Дана халқымыз «Ақылды әйелдің ішінде алтын бесікті ұл жатар» деп текке айтпаса керек. Қалай десек те, ананың ауыруы болашақ ұрпақ үшін де, қалың қазақ үшін де үлкен қасірет. Ана денсаулығы мен бедеулік жайлы айтып өтсеңіз?
Ежелден аналарымыз бір қолымен әлемді тербетсе, бір қолымен бесікті тербеткен. Сондай-ақ кез-келген қиындыққа әрбір ана, әйел заты сабыр мен қарап, оңтайлы шешім қабылдаған. Бүгінгінің де әйел қауымы да сондай. Десекте, көпке топырақ шашуға болмайды. Бүгінде, кез-келген затты я болмаса көңілге тиген әрбір дақтың өзін көңілге қатты түйіп, ары қарай өрбітіп кетіп жатамыз. Бедеулік те жай ғана сөз емес. Бедеулікке ұшыраған әйелдің өмірбойы бала сүю мүмкіндігі болмайды деген жаңсақ пікір болмау керек. Бедеулікті емдеуге болады. Оның барлығы білікті мамандар мен бедеуліктің деңгейіне байланысты. Бедеуліктен құтылу ниетімен емделетін бедеу әйелдердің төрттен үші бала сүю бақытына ие болып жатады. Бедеуліктен арылу ұзақтығы әр әйелде әрқалай болады. Оның бекітілген мерзімі мен берілетін 100 пайыздық кепілдігі жоқ.
Бедеуліктен құтылудың ең алғашқы шарттары: үміт және сабыр. Бұл екеуінен кейінгілеріне білікті маманның кеңесі, дұрыс таңдалған ем-дом жатады.
Екінші рет мамандық таңдау мүмкіндігі берілгенін елестетіп көрсек, қандай кәсіпті таңдар едіңіз және неліктен?
Дәрігер болар ем, оның ішінде акушер-гинеколог. Бұл — менің жүрегімнің қалауы. Өзімді басқа салада елестете алмаймын.
Сіз үшін өмірдегі ең басты құндылық?
Бірінші кезекте, отбасы – тұлғаның қалыптасуында ең маңызды құндылық. Екінші кезекте — адамгершілік. Басқаның барлығы өз ретімен келе береді. Бойыңда адами қасиет болмаса – қалғанының барлығы бос дүние.
-Сұхбаттасқаныңызға рақмет! Жұмысыңызда толағай табыстарға жетуіңізге тілектеспін!

Ақниет Эльдарұлы,
Сұхбаттасқан