Пай-пай шіркін, қазақтың келіндері-ай!

Ескелді ауданындағы Мәдениет үйінде «Пай-пай шіркін, қазақтың келіндері-ай!» тақырыбында келіндер сайысы өтті. Мағыналы байқауды аудандық Мәдениет үйі ұйымдастырды. Басты мақсат — қазіргі жас келіндер арасына ежелден ұмыт болған ата дәстүр салтымызды қайта жаңғыртып, қазақ келініне тән әдемілік, әдептілік, ізеттілік және ісмерлік пен тапқырлықты дәріптеу.


Байқау шымылдығын аудандық аналар кеңесінің төрайымы Карипова Дина ашып, келіндерге сәттілік тіледі. «Атадан қалған ұлттық тәрбие қай кезде де өзекті. Біз ұлы иманды, қызы инабатты ұлттың ұрпағымыз. Балаларымыздың дұрыс болуын қаласақ «Келешегіңді ойласаң, бесігіңді түзе» демекші, тәрбие беруді бесіктен бастағанымыз жөн. Осындай өнегелі іс-шаралардың қатары көбейе берсін», – деп бақ сынаушы келіндерге батасын берді.
«Пай, пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай, көл дария секілді пейілдері-ай» десе дегендей-ақ қазақ келіндерінің бар болмысын бойларына жиған ауданның 9 келіні баптарын да, бақтарын да сынады. Қатысушылардың бірі — ұстаз болса, енді бірі — ментор эксперт, тағы бірі — мемлекеттік қызметкер. Сан-салада табысты еңбек етіп, бір отбасының түтінін түтетіп, әулет тізгінін жалғап отырған берекелі келіндер ұлттық киіммен сахнаға көрік берді.
Келіндер 5 кезең бойынша сынға түсті. «Тегін білу тектілік» атты алғашқы кезеңде өздерін таныстырған келіндер ортаны өлең-жырмен толтырды. Ал «Менің бір күнім» атты екінші кезеңде қатысушылар алдын-ала берілген үй тапсырмасы бойынша бір күндігінен бейнеролик түсірді. «Өнерлі келін — өнегелі келін» атты үшінші кезеңде өз өнерлерін ортаға салды. Әуелетіп ән салған келіндер көп қошеметіне бөленді. Сонымен қатар қатысушылардың арасында жолдасымен, енесімен, қызымен бірге ән шырқағандар болды. Бұл дегеніңіз нағыз отбасылық бақыт. Себебі бақ сынауға бел буған отбасының бір мүшесіне деген құрмет, сыйластық, әрі қолдау. Осындай берекесі жарасқан отбасыларға көрермен қауымы да ерекше ризашылығын білдіріп отырды. Бұл кезең сайыстың ең көрікті бөлімі десек те болады. Қазір қоғамда белең алып отырған «ене мен келін» деген суық қарым-қатынастың керісінше жарасымдылығын көрсетіп, ой салған өнер ортасы болды. Ән де шырқалды, би де биленді, мағыналы өлең де оқылды, сіңліге сыр да жеткізілді. Бәрі де қазақы қалыппен, әдемі қимылмен өрілді. Ал «Ене тәлімін алған епті келін» атты қорытынды кезеңде талапкерлер қамыр илеп, оны жайып, кеспе кесуден жарысып әділ-қазылардың алдына ұсынылды. Сондай-ақ «Ана көрген тон пішер» атты кезеңде талапкерлер өз қолдарымен жасалған бұйымдарын әділ-қазылардың алдына ұсынды. Ерекше дизайнмен жасалған көрпеше, жастық, түрлі бұйымдар көздің жауын алып, бір-бірінен асып түсті. Қатысушылардың әрбірі бір ғана бұйым емес, бірнеше бұйымды сахна төріне алып шыққанда келіндердің бос уақытын тиімді өткізіп, жоқтан бар жасап, қажетсіз дүниені кәдеге жарататын шебер, епті екенін аңғардық. Иә, қазақ халқында «Жақсы қыз болу — бақыт, жақсы ұл болу — одан да үлкен бақыт, ал жақсы келін болу -нағыз бақыт» деген мақал бар. Қай кезде де қазақтың келіндері өздерінің ибалылығымен, инабаттылығымен үлкенге де, кішіге де үлгі бола білген. Сайысты қорытындылаған әділ-қазылар сайыс барысында үміткерлер тарапынан кеткен кемшіліктерді жасырмай ортаға салып, олардың өзгелерді тәнті еткен жақсы жақтарын да атап өтті.
«Бүгін тағылымды, тәрбиелі, үлкен мәні бар іс-шараның куәсі болдық. Салт-дәстүрді ұстану, үлкенді құрметтеу, сәлем салу — мұның бәрі қазақылығымызды танытып тұратын ұмытылмайтын дүниелер. Келіндердің барлығы жақсы өнер көрсетіп, салт-дәстүрді жете білетіндігін аңғартты», — дейді, әділ-қазы алқасының төрайымы Кешубай Айман
Осылайша, қазақ келінінің ақылы мен парасаты сынға түскен байқау да өз мәресіне жетті. Қазылар алқасы үшін «мыңнан тұлпар, жүзден жүйріктерді» анықтаудың қиын болғаны рас. Соның нәтижесінде «Зерделі келін» номинациясы бойынша Қоңыр ауылдық ветеринарлық пунктінің вет операторы Шәкенова Сандуғаш, «Парасатты келін» номинациясын Алдабергенов ауылынан Қанат Меруерт, «Өнерлі келін» номинациясын, Ақын Сара ауылының тұрғыны — Тұрысбек Ұлан, «Шебер келін» Қарабұлақ ауылының тұрғыны — Төрешова Диана алса, III-дәрежелі дипломды Қаратал ауылының келіні Давлетярова Зауремен Сырымбет ауылының келіні Сапар Серікгүл иеленді, ал II-дәрежелі дипломды Жетісу ауылының келіні — Толқын Мерей алды. I-дәрежелі дипломды Қайнарлы ауылының келіні Хабитан Гүлзипа иеленді. Ал, Көкжазық ауылының келіні, екі баланың анасы Намазбекова Гүлдана Болысбекқызы сайыстың бас жүлдесін қанжығасына байлады. Сайысқа қатысушы барлық талапкерге арнайы диплом, бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сайысты ұйымдастырушылар қатысушыларға қойылған талаптар өте жоғары болғанын, десе де жас келіндердің өздерін жақсы қырларынан таныта алғандарын жеткізді.
Бұл Мәдениет үйінде осы уақыт аралығына дейін қаншама іс-шаралар өткізілді. Ал биылғы жылға біз қазақ келіндерінің қай бағытқа қарай бара жатқанын, дәстүр-салтымызға қалай қарайтынын анықтау мақсатында осы келіндер сайысын ұйымдастырдық. Бауыржан Момышұлы «Бесік жырын айта алмайтын келіндерден қорқамын» деген еді. Біздің сайысқа «Бесік жырын» қосуымыздың басты себебі осы. Алайда, келіндер бесік жырын беске айтып, бізді қорықпауға болатынымызды аңғартты. Келіндер сайысы өте жоғары деңгейде өтті. Ауданның ибалы да инабатты келіндері сайысқа қатысуға ниет білдіріп, өздеріңіз байқағандай ерекше дайындалып келгендерін паш етті. Бұл іс-шара отбасылық құндылықтарды дәріптеп, қоғамдағы аналар мәртебесінің артуына сеп болады деп ойлаймын. Қатысушыларды қолдауға келіп отырған отбасы мүшелеріне, ұжымға арнайы уақыт бөлгені үшін ерекше алғысымды білдіремін. Осы байқаудың мәнді де, сәнді, көрікті өтуіне қол созған баршаңызға алғысым шексіз», — деді аудандық Мәдениет үйінің директоры Оспанов Қанат Тәнірбергенұлы
Иә, қазақ халқында келіннің орны қашанда ерекше. Бүгінгі төрімізде отырған қызымыз ертең бір азаматтың жары, бір әулеттің келіні, болашақ ана. Сондықтан әрбір қазақ қызы өз шаңырағының бақыты болсын дейміз. Сахнада да сәлемін үзбеген инабатты келіндер, бір-бірін қолдауға дайын шаттығы шалқыған отбасылардың қатары арта берсін.

Меруерт Ерболатовна