Мұғалім мәртебелі мамандық

Жуырда «Білім беру саласының үздігі» Әбдікерім Мұхаметкәрімұлының ағартушылық ісінде ұзақ жылдар бойғы еңбегі еленді. Ол ауданның ғылым мен мәдениеті, білім беруді дамытуға қосқан үлкен үлесі үшін «Ескелді ауданының құрметті азаматы» атағына ие болды. Осындай мәртебеге қол жеткізген ардагер ұстазбен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
Ұстаз…жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын… алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі…, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ…, жұрттың бәріне… жақсылық пен ізгілік көрсетіп…қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек.
Әл-Фараби


Ұстаз – ұлы есім. Ұстаз дана адам, ол барлық оқушыларға пана бола білген кісі. Ұстаздың сабырлылығына, даналығына барлық адамзат бас иетіні хақ. Сондай бейнеттің еңбегін көріп жатқан, ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беруге өмір жолын арнаған ұлағатты ұстазымыздың бірі, ауданымызда қызмет атқарып жүрген Әбдікерім Мұхаметкәрімұлы.
«Әбдікерім Мұхаметкәрімұлы, қаншама асулар мен белестерді еңсердіңіз. Ескелді ауданының игілігі үшін аянбай тер төгіп, еселі еңбек еттіңіз. Бұйырса, пайғамбар жасына аяқ басып, мерейтойды атап өтуге де алыс емес екен. Әрдайым жақындарыңыздың сүйіспеншілігіне бөленіп, аман-есен жүз жасаңыз. Үлгі-өнегеге толы өмір жолыңызға тоқталып өтсеңіз.

  • Мен Қаймулдинов Әбдікерім Мұхаметкәрімұлы 1961 жылы 20 мамырда Ақсу ауданы, Суықсай ауылында дүниеге келгенмін. Сол ауылдағы Гагарин атындағы орта мектепке 1978 жылы аталған мектепті бітіріп, оқуға туспегендіктен сол ауылдағы Ақсу қой совхозына құрылысшы болып жұмысқа кірдім. 1979 жылы қазан айында Совет армиясының қатарына шақырылдым. Екі жыл Отан алдындағы борышымды Моңғол Халық Республикасында өтеп 1981 жылы қараша айында оралдым. 1982 жылдың қаңтар айында Қазақ Мемлекеттік университетінің география факультетіне дайындық бөліміне қабылдандым. 1982 жылдың маусым айында аталған университеттің бірінші курсына қабылдандым. 1987 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп тамыз айында жолдамамен бұрынғы Талдықорған ауданы қазіргі Ескелді ауданына Баиысов ауылындағы ескі атауы Дзержински атындағы жаңаша атауы Темірғали Рустембеков атындағы орта мектепке география пәні мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Содан 1990 жылдың қаңтар айында Ескелді аудандық білім бөліміне инспектор болып тағайындалдым. 1991 жылдың наурыз айында өзіміздің аудандағы Маметова атындағы орта мектепке директор болып тағайындалдым. 2017 жылы Ескелді ауданындағы Қарабұлақ кентіндегі Титов атындағы орта мектепке директор болып тағайындалдым. 2023 жылдың ақпан айында ротация бұйрығымен Шоқан Уалиханов атындағы орта мектеп гимназиясына директор болып тағайындалдым және қазірге дейін қызмет атқарамын. Жалпы директорлық қызметте еңбек өтілімім 33 жыл.
    Қазіргі білім саласындағы жүйеге көңіліңіз тола ма?
  • Көңілім толмайды деп айта алмаймын. Бәрі келешектің жұмысы. Жалпы білім саласында жақсылыққа қарай көп өзгерістер орын алып жатыр ғой. Менің бұрыңғы еңбек жолыммен салыстырсам жер мен көктей. Қазір жаппай «Цифрландыру бағдарламасы» енгізгелі барлық іс технологиямен байланысты. Түрлі гаджеттер дамыған заманда қолдағы ұялы телефон мен компьютерге тәуелділік басымдық алуда. Баға қойылмайды. Электронды жүйеде тіркеледі. Менің кезімде компьютерлер енді келіп жатқан-тын. Осы күні қарасам, кейінгі буын заманауи қимылдап, соңы техниканы қалай болса солай тез меңгеруде. Елдің жаңашылдыққа ұмтылып, дамуы құптарлық іс. Жан-жағыңа қарасаң, әрбір екінші баланың қолында соңғы үлгідегі ұялы байланыс құралын байқайсың. Дегенмен, оқушылардың білім ордасына сабаққа телефон әкелуін қоштамаймын. Бұл жайтқа алдағы уақытта арнайы заң ба, жоқ әлде, тапсырма ма, әйтеуір, салмағы бар шектеу қойылса деген ойдамын. Қазіргі балалардың осылай мектептегі сынып бөлмесінде телефон ұстауына ата-ананың да ықпалы бар. Осы жағын да айрықша ескеру қажет. Білім сапасы ең басты мақсат бәрімізде.
    Мәселен дейік, ҚР Оқу-ағарту министрі болсаңыз. Қандай реформа жасар едіңіз?
  • Мен Министр болсам, ең бірінші ауылдағы мектептердің материалдық техникалық базасын жақсартар едім. Үлкен қалалық мектептерде материалдық техникалық базалары өте жақсы. Себебі ата-аналар, жеке кәсіпкерлер яғни спонсорлар көп көмек береді. Ал шет жақтағы ауылдық перефериядағы мектептер материалдық базасы әлі сын көтермейді. Әлі ескі лабораториямен, ескі мектептермен отыр. Екінші реформам, мәселен, қазіргі жастардың арасында тіпті, жаппай десем, қателеспеймін іскер, әрі білімділер қатары артуда. Олардың ынта-жігері шектен тыс. Бәлкім, бұл заман талабына байланысты да шығар. Қазақстанда білімін жетілдіріп, бірнеше тіл меңгеріп, шет елдерге кетіп қалып жатқандар аз емес. Бұл біздің ел үшін үлкен қасірет. Мұндай дарынды жастарды өзімізде алып қалу үшін бар жағдайды жасауымыз қажет. Үй болса үй, жақсы табысы мол жұмыс орны болса, жұмыс ұсынуымыз тиіс. Сонда ғана, олар қыр асып, өзге мемлекеттің сойылын соқпайды. Мемлекетті дамытатын жаңа жобаларын басқа елде іске асырмас еді. Осындай ғылыми тұжырымды ұсынатын жастарды іріктейтін бағдарлама мемлекет тарапынан жүзеге асса және ол барлық өңірлерде, тіпті, түкпір-түкпіріндегі ауылдарда да, оқушылар мен жастар арасында өткізілсе, нұр үстіне нұр ғой. Менің ойымша, мұндайда баланың жасырын қызығушылығы оянып, жаңа дүниелер жарық көрер еді. Себебі бала қиялында шек жоқ.
    Бүгінгі білім ошақтарындағы оқыту сапасын көтеру үшін қандай әдіс-тәсілдерді қолдану қажет?
  • Қәзіргі ақпараттық қоғамда түрлі әдіс-тәсілдер интернет желілерде толып жатыр. МОДО деген оқу жетістіктерін сырттай бақылайтын мекеме 4 жылда 1 рет тексеріп отырады. Одан қалса, әр түрлі халықаралық ұйымдар бар. Біздің оқушыларымыздың білім сапасын бақылап отырады. Және де мектепте де ішкі бақылау бар. Әр тоқсан сайын қай бала қанша баға алды соның бәрін қорытындылап отырамыз. Дегенмен, жылдан-жылға білім сапасы ауданымызда ақырындап көтеріліп жатыр, бұрыңғыдай емес.
    Мұғалімдер арасында қағазбастылықты азайтуды тапсырғанмен, соншалықты кемімеді. Байқап жүрміз, ұстаздар өз пәнінен бөлек қосымша жұмыстарымен түннің бір уағына дейін, тіпті, таңғы 3-4-ке шейін отыратындар кездеседі. Қазіргі Күнделік.кз, қосымша қағаз, ТЖБ-БЖБ (тоқсандық және бөлімдік жиынтық бағалау) қажет пе?
  • Бұл сұраққа келсек, мен ойлаймын негізі мұғалімдердің жұмысы кішкене болса да жеңілдеді. Қәзіргі кезде компьютерде интернет бар, бұрыңғы уақытта қолмен жазушы едік. Әр мұғалім өзіне қатысты ғана жұмысты атқарады. Атап айтсақ, күнделік толтыру және сабақ жоспары. Ел Президентінің тапсырмасымен жаппай Цифрландыру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Сондықтан ерте ме, кеш пе, барлығы гаджеттер мен компьютерде шаруасын жасауға бейімделетін шығар. Әдепкіде қиын болуы мүмкін. Бірақ, келешекте бұдан да зор қиындықтар кездесуі мүмкін. Сол себепті де, қазір ұсынылған кезде уақыт ағымына ілесе, орындаған абзал. Кезінде біз де үйілген қағаздарымызды үйге әкеліп, түнімен жұмыс істеп, таңертең қайта қызметімізге қосылатынбыз. Сабақ жоспарын жазып, келесі күнге әзірлейтінбіз. Ал, қазіргі мұғалімдер қағазбастылықтан құтылу үшін компьютерді жақсы меңгеруі тиіс. Ал, тоқсандық және бөлімдік жиынтық бағалауға келсек, ол міндетті түрде болғаны дұрыс. Себебі әр оқушының сабақты түсінуі, қабылдауы әр түрлі. Сол арқылы балалардың оқудағы білім сапасын білеміз.
    «Тәрбиесіз білім – адамзаттың хас жауы» деген тәмсіл бар. Осы күні жасөспірімдер арасындағы орын алып жатқан құқықбұзушылық, зорлық-зомбылық, кибербулинг, топтық төбелестің көбейіп кетуіне не әсер етті? Айтыңызшы, неге, тәрбие саласы әлсіреп барады. Мысал келтірсек, Жапонияда 6-сыныпқа дейін, тек ғана, қарым-қатынас жасауды бала бойына сіңіреді. Оның ішінде, үлкенді құрметтеу, оларға қамқорлық көрсету қажеттілігін, ізеттілік пен кішіпейілділікке және мәдениеттілікке баулиды. Сонымен қатар, айналасын таза ұстауға бейімдейді. Яғни, мектепті жуу, спортзалды жинау, отырған жерін таза ұстауға тәрбиелейді. Сосын барып негізгі пәндерге көшеді екен. Бізге осы жүйені енгізуге не кедергі?
  • Біліммен бірге балаларға тәрбие беруіміз керек. Тәрбиесіз білім, білім болмайды. Қәзіргі таңда тәрбие мен білімнің арасы алшақтап кетті. Себебі осы уақытта балаларымыз ұялы телефоннан басын алмай отырады. Көбіне интернет және әр-түрлі психалық ауруға шалдықтыратын ойындар балаларға қатты әсер беріп жатыр. Баланы үнемі қадағалау қиын болуда. Ата-ана ұрпағын бағып, асырау үшін аянбай тер төгіп, қаражат табу мақсатында үй көрместен жұмыс істейді. Сөздің шыны керек, балалар өздерімен өзі қалады. Ата-анадан бақылау болса бұндай шарасыз күйге түспес едік. Сондықтан ата-ана тәрбиесі керек. Әке-шеше жұмыстан келген бойда сауал қойып, бақылау жасау керек.
    Кезінде оқушы, жастарды еңбекке тартатын. Бүгінде бұның бірде біреуі жоқ. Не себеп?
  • Қай кезде де, адам еңбекпен шыңдалады. Меніңше, еңбек тәрбиесі қайта жаңғыртылуы тиіс. Еңбек пәнін қайта қосу керек. Біздің кезімізде 90 жылдары біліммен бірге еңбек қатар жүретін. Ұлы ағартушы жазушыларымыз да білімді алып, еңбекті үйренген. Күзгі уақытта мектепке бармай сахманға, қылшаға барып көмектесетін. Ал жазғы каникул кезінде қойды қырқуға баратын. Сонда біліммен бірге практиканы қолданып, еңбекке баулыды. Одан бөлек мектебіміздің полын жуатынбыз. Оны тықырдай тазалап жумасақ кезекшіден ескерту алатынбыз ғой. Ол кездегі пайым бойынша, бізді барынша еңбекке баулу болатын. Кішкентайымыздан жұмсап, үй шаруасына араластыратын. Ал, бүгіндері байқаймын, баланы қолдан жатағандыққа бейімдеп, жұмсауға аса құлық танытпайды. Олардың күні бойғы жұмысы – ұялы телефонына үңілу. Сондықтан, бала психологиясын дұрыстау бағытында отбасы тарапынан қадағаланып, күніге үй тірлігіне қатысты шаруаларды жасата беруі керек. Сондай-ақ, мектепке еңбек сабағын қосқан абзал. Бұл бұлжымас тәртіпке айналғаны дұрыс.
    Мұғалімдер мәртебесін көтерді көңіліңіз тола ма?
  • Бұл лезде орындалатын іс емес. Бұл бірте-бірте іске асатын мәселе. Шүкір, қазір жәйлап, жақсы-жақсы ұсыныстар жүзеге асырылуда. Ең бастысы, ұстаздардың жалақысы көтерілді. Олардың еңбегі еленіп, билік тарапынан ерекше көңіл бөлінуде. Жас мамандарға мемлекеттік бағдарлама арқылы қаражат бөлініп, қолжетімді баспана иелену мүмкіндігі тууда.
    Қазір мектепте қоғамдық бірлестік деген бар. Соның қандай қажеттілігі бар?
  • Менің ойымша мектепке қоғамдық бірлестіктердің қажеті жоқ, Себебі, ата-аналар комитеті бар, ақырындап жұмыс жасауда.
    Ұстаз болу оңай ма?
  • Ұстаз! Қандай қасиетті сөз! Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. «Ұстаз болу — жүректің батырлығы» дейді. Шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, тәлім тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойларына дарытып, адамгершілік рухта бағыт бағдар беруде еңбек деген зор. Ал жас мұғалімдер кәсіби шеберлігін шыңдау керек, шығармашылығын дамыту жолында аянбай еңбек ету керек. Ең бастысы — баланы жүрекпен жақсы көру керек. Дегенмен ұстаз болу қәзіргі заманда өте қиын.
    «Арман – адам қанаты» дейді, арманыңыз қандай?
  • Адамда арман бітпейді ғой, шексіз. Ең басты арманым мемлекетіміздің мәртебесі өсіп, осындай тыныш заманда ауызбіршілігіміз ажырамай, тату-тәтті өмір сүрсек. Кезінде көрген қиыншылықты ұрпақтарымыз көрмесе екен деймін. Адамның арманы кішкентай үйден жанұядан бастау алып мемлекетпен аяқталады емес пе?! Заманымыз тыныш болсын ең бастысы.
    Ұстаздық жолыңызда шәкірттеріңізбен болған ең қызықты сәттеріңізді айтып берсеңіз?
  • Ұстаздық жолда бірі қуантатын, бірде жылататын әр түрлі сәттер болды. Ең алғаш ұстаздық қызметімді бастаған Рустембеков мектебіне жас мұғалім болып келдім. Сол кезде оқушыларыммен практикамен қылшаға шығып, қырманға барған кезім. Ол кезде 25 шамасында едім, ал оқушыларым 17-18 шамасында болған.
    «Ұстаздың қанша жақсы шәкірті болса, сонша мекені бар» дейді. Сіздің шәкірттеріңіз қазір қандай салада қызметтер атқарады?
  • Ісім оңсын десеңіз,
    Сол істің маманы болыңыз.
    Даңқым шықсын десеңіз,
    Көпшіліктің адамы болыңыз, — деп Әл-Фараби атамыз айтқандай, өз істерінің маманы бола білген шәкірттерім өте көп. Олардың көпшілігі осы ауданымызда елеулі еңбек етуде. Шәкірттерім әлі де хабарласып, іздеп келіп тұрады.
    «Жапырағын жайған бәйтерек, тереңге тартқан тамырын» демекші, ардагер ұстазымыздан, сізден, бәйтерек ағашына, жас мұғалімдерге, арнап тілек айтсаңыз.
  • Қазіргі заман талаптарына сай жаңа сабаққа қойылатын талаптарды меңгеру, бүгінде білім — өркениетті елдердің құнды капиталына, сенімді тірегіне айналуда, білім менеджментін дамыту мен үздіксіз білім алуды мақсат еткен, болашақтың құзіретті тұлғасын тәрбиелеудегі зор міндетті жүктеген жас маман, болашақ ұлт ұстазы — Сіздерсіздер! Жас ұрпақтың жарқын болашағына жұлдызды жол салатын, құзіретті тұлға, жас маман да — Сіздерсіздер!
    Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, ізінен ерген ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген ардагерлер ұстаздарымыздың орны қашанда ерекше. Білім беру саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбектері және жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде біраз жетістіктерге жеткен аяулы ардагер ұстаз Сізге салиқалы сұхбатыңыз үшін алғыс білдіремін.
    Деніңізге саулық, мерейіңіз үстем болып, отбасыңызға бақыт тілей отырып, ұзақ ғұмыр кешіңіз демекпіз.

  • Ақниет Эльдарұлы,
    Сұхбаттасқан.