ШУАҚТЫ СӘУІР, ШИПАЛЫ СӘУІР

Лингвистердің айтуынша, «сәуір» сөзі араб тілінен енген, мағынасы «өгіз» деген екен. Ал, жұлдыз айлары бойынша «Торпақ шоқжұлдызының» атауы болып табылады. Бізге осы «өгіз» сөзінің керегі жоқ, секілді. Қазақ бұл айды «көкек» деп атаған. Бұлай аталу себебі көктемнің бір белгісі көкек құсының алғаш шақыра бастайтын мезгілімен байланысты. Бұл айдың өзгешелігі — құс үнінің ерекше байқалуы. Кейіндеу біреулер көкек жеңілтек құс, өз атын өзі шақырады, сондықтан осы сөз жағымсыз мәнде
айтылады деп ай атауын арабтан енген «сәуірмен» ауыстырған. Егер нақтысын айтсақ, бұл ай аты коммунистік идеология түкірігі жерге түспейтін замандағы партия басшыларының пәрменімен өзгерген. «Апрельде өткен партия пленумын «көкек пленумы» деп айтамыз ба деп, сәуір деген атауды
ендірген солар. Шоқан Уәлихановтың пайымдауы бойынша, көкек жағымсыз құс емес, керісінше, киелі құс. Бес биенің сабасындай бәйбішелер май мол болады
деп, көкек қонған бұтақты алып, сүт құйған сабаға салып қоятын болған.

Шынында көкек өз атын шақырмайды, ол «куы-ык-кук» деп дыбыс шығарады. Сол дыбысты қазып алып, оған «көкек» деп ат қойып жүрген адамдардың өзі. Әйтпесе, ертекте болмаса өмірде құстардың өзіне ат қойып жатқанын естіген біреу бар ма? Жарайды, бүгін бұл мәселені талқылайын деп
отырған жокпыз. Сәуір айында «бесқонақ», «қызыр қамшысы»,
«тобылғы жарған», «отамалы» деген төрт амал кіреді. Жауын-шашынды, желді, кейде боранды осы амалдар өтпей, жайма шуақты күндер басталмайды. Демек, бұл амалдар кәрі қыстың «тұяқ серпуі » секілді. Қазақтың «сәуір болмай, тәуір болмайды», «сәуір болмай, сайран болмас, сайран болмай, айран болмас», «сәуір болса күн күркірер, күн күркіресе көк дүркірер», «сәуір жақсылығына бақса алты күн, жақсылығына бақпаса алпыс күн»
деген сөздері осы себепті айтылған.
Өзімізге жақын мысалды-ақ алайық. Сәуір айының он бесінші күні келмей, қаладағы көпқабатты үйлер жылудан ажыратылмайды. Демек, жаз шықты
дегенге әлі сенім жоқ.
Мұнан ұғатынымыз, сәуір айы — табиғатқа ерекше серпін, өзгеше өзгеріс әкелетін ай. Дінімізде сәуір жаңбырының
адам ағзасына берер шипасының мол
екендігі жөнінде де айтылған.
Жыланның уы, балықтың інжуі, тіпті бал
арасының балы да осы жаңбыр суынан
пайда болады дейді. Ең таза судың сәуір жаңбыры екені өмір тәжірибесімен
дәлелденген. «Бұл суды ішкен кісінің барлық ауруларына пайдасы бар. Сәуір
жаңбырын алу тәсілі: ыдыс биік жерге қойылады, жаңбыр тіке ыдысқа түсуі
керек. Жылғадан аққан су жарамайды.
Алғашқы жаңбырды емес, екінші немесе үшінші жауған жаңбырды алған жөн.
Ауадағы ластық тазаланған болуы керек.
Сосын суды алған соң сүзіп алып,
қолданады» — деп тұжырымдайды
ғалымдар.


Меруерт Ерболатқызы