АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРЫНЫҢ ФОРУМЫ ӨТТІ

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бастап, елімізде демократиялық процестерінің тура және негізгі қатысушылары ретінде қоғамдық түрлендірудің бірі үкіметтік емес секторының дамуы болып табылады. Қазіргі таңда елімізде азаматтық қоғам жұмыс істеу үшін қажетті, үшінші секторының (Қазақстан Республикасында үкіметтік емес ретінде белгілі) қалыптастыру процесі белсенді жүруде.
Біздің елімізде үкіметтік емес ұйымдардың секторы қоғамдық бірлестік, мемлекеттік емес қорлар, заңды тұлғалардың одағы ретінде қоғамдық пайдалы мәселелерді шешу мақсатында ұсынылған.
Бүгінгі күнде нақты жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) өміріміздің әртүрлі салаларында жұмыс істеуде. Негізінде бұл адам құқығын қорғау, қоршаған орта мен экология, гендерлік мәселелер, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобының мүдделерін қорғау сияқты әлеуметтік маңызы бар салалар.
Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. «Белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажет деп санаймын. Сондықтан, жақын арада Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдауымыз керек», – деген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі Азаматтық қоғам өкілдеріне жаңа талпыныс, жаңа жобалар жасауға серпін бергендей.
Келе жатқан төл мерекеміз – Тәуелсіздік күні қарсаңында Талдықорған қаласының білім ордасы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің акт залында екі күнге созылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет – сындарлы қоғамдық диалог» атты Алматы облысының үкіметтік емес ұйымдарының форумының қорытынды жиыны өтті.
Дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін бұл форум Азаматтық Альянсының Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, биылғы жылмен санағанда 9 рет өткізіліп отыр. Форумға азаматтық белсінділер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен лекторлар және спикерлер, барлығы 200-ге тарта адам қатысты.
Жиын барысында осы форумға атсалысып келген спикерлер 4 аудиторияға бөлініп, әрқайсысы әртүрлі тақырыпта тренингтер жүргізді. Қатысушылар өздеріне тартымды тақырып талқыланған семинарларға қуана қатысты.
Өз басым мен «Қымыз» қазақ-неміс ғылыми зерттеу институтының басшысы Айтуған Мұқашевтың ауылдағы жеке кәсіпкерлікпен айналысу туралы семинарына қатыстым. Ол алдымен өзін таныстырды. Ауыл шаруашылығына қатысты мәселелермен айналысып келе жатқан басшы 2014 жылдан бері немістермен бірге ғылыми зерттеу институтын ашып, қазіргі кезде ғылыми жұмыстар жасап жатыр. Бұл күндері Корей Республикасы, Германия, Малайзия, Түркияда біраз өнімдер өндіріп үлгеріпті. Бірақ бұл азамтаттың бизнесі ауылмен тығыз байланысты. Оны осы үкіметтік емес ұйымдардың форумына шақырғанына өз алғысын білдіріп отыр. Өйткені, осы күнге дейін БҰҰ, Дүнежүзілік банкте, одан кейін түріктермен және 2 жылдай қытайлармен жұмыс істегеннен кейін қазақтармен жұмыс істемегенін ашық айтты.
Жылқы шаруашылығын Германияда ғылыми негізінде зерттеген кәсіпкер-ғалым Айтуған Мұқашев ғылыми жұмыстардың арқасында біраз жетістіктерге жетіпті. Бие сүтін кептіріп, одан ұнтақ, косметика, сабын, шампунь, балмұздақ, шоколад, сүттен не жасауға келсе, соның барлығын, тіптен йогуртқа дейін жасап шығарған екен. Кәсіпкер-ғалымның айтуынша «Ақша табу деген банктен кредит алып, оны қайтара алмай жүру емес, ол – жаңалық ашу», – дейді.
Бұл семинарға қатысушыларға кәсіпкерлік саласында бастапқы қадамдарын жасап жатқан кәсіпкерлерге өте пайдалы тренинг болды. Өз жобаларына басқа қырынан қарауға мүмкіндік алды. Тренингтегі еркіндік атмосферасы қатты ұнады. Басқалармен тілдесуге, немен айналысып жатқандығы туралы тыңдауға мүмкіндігіміз болды. Мұндай кездесулер сөзсіз қажет деп ойлаймын, осындай ғалым болса да қарапайым тұлғадан ел естімеген ақпарат алып, жұмысқа жаңа энергиямен кі-рісуге септігін тигізеді.
Семинар-тренинг аяқталғаннан кейін пленарлық мәжіліс басталды. Азаматтық қоғам өкілдерінің белсенділігі мен әлеуетін арттыруға атсалысып, өз білімдерімен бөліскен спикерлер ортаға шығып сөз сөйледі.
Артынша биылғы «Үздік әлеуметтік жоба – 2019» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Жалпы биыл жәрмеңкеге 30 өтінім келіп түсті, олар комиссия мүшелеріне қаралымға түсіп, талаптарға сәйкес деп танылғандары 5 номинация бойынша марапатталып, сыйлыққа 200 мың теңгеден берілді.
Ақбота ОРАЛБЕКОВА.