Әкім және әскер

БІРЛЕСІП ШЫҚҚАН БЕЛЕС
АЛАСАРМАСЫН
БІЗДІҢ АНЫҚТАМА:
Ахметов Елдос Тұрсынбайұлы 1968 жылы туған. Семей қаржы-экономикалық техникумын, Қазақ мемлекеттік экономикалық университетін және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
Талдықорған және Алматы облыстарының бірнеше аудандарында жауапты қызметтерде болған.
2018 жылдың ақпанынан Ескелді ауданы әкімінің орынбасары, 2022 жылдың тамызынан Ескелді ауданының әкімі.

– Әкім мырза, қасиетті жұмадағы жүздесуіміз құтты болсын, нәтижелі жемісін бірге көрейік!
Қорғаныс министрлігінің басылымында “Әкім және әскер” тақырыбында айдар ашып едік, Жетісу жеріндегі алғашқы кездесуіміз сізбен болғалы тұр. Ұсынысымызды қабыл алдыңыз, уақыт тауып ортамызға келгеніңізге алғысымды білдіремін.
– Рахмет көп-көп. Өзімді “Отан” деген қасиетті ұғым бала кезімнен жүрегімнің төрінен орын алған жандардың бірімін деп санаймын. Сондықтан Отан қорғаушылар сапындағы қаламгер азаматтардың ұсынысынан қалайша бас тартайын. Сөзіміз де, ісіміз де бір өреден шығып жатса, сізбен бірге мен де қуаныштымын.
– Онда, іске сәт! Әскери тәртіп бойынша, жаңа ортаға өзіңізді таныстыра кетсеңіз.
– Ер азамат болғасын бәріміз де әскериміндеттіміз. Отанымызды қорғау – абыройлы борышымыз. Денсаулығы жарамды азаматтың бәрі солай болуға тиіс. Мысалы, менің өзім Ескелді ауданының әкімі болғанымен әскериміндетті азамат ретінде запастағы офицермін, шенім капитан.
Өзіңіз білесіз, Кеңес одағы кезінде әскери қызметтен бас тарту деген мүлдем болмайтын. Олай ойлаудың өзі жігіттер үшін үлкен ұят еді! Тіпті, заңды негізі бола тұрып, әскерге шақырылуы кешеуілдеген жігіттердің өзі кеткенше асығып, өскен-жүрген ортасында орын таппай қалатын. Міне, сол жылдарда мен де қатарымнан қалмай екі жыл әскерде қызмет еттім. Ол мен үшін өмірдің нағыз мектебі болды. Санамалап айтсам: ел көрдім, жер көрдім, темірдей тәртібі бар ортаны көрдім, әр ұлттың болмысын таныдым, қаншама достар таптым. Ең бастысы, жауынгерлік қару-жарақтар мен техникаларды қалай ұстауды, қалай қолдануды үйреніп, “Отан қорғаушысы” деген қасиетті сөздің шынайы мән-мағынасын ұғындым. Отан алдындағы азаматтық парызымды Забайкал әскери округіне қарайтын зенитті-зымыранды бөлімде өткергенімді әлі күнге мақтан тұтамын. Қызметімді абыроймен аяқтап, туған елге “сержант” шенімен оралдым. Кейін сол әскери бөлімнің берген жолдамасының көмегімен алғашқы оқу орнын, атап айтқанда, Семей қаржы-экономикалық техникумын бітірдім.
– Елдос Тұрсынбайұлы, айтуыңызға қарағанда, мамандық таңдауға әскери қызметіңіз себеп болған екен ғой, ә?
– Олай деуге толық негіз бар. Себебі әскери бөлім қолбасшылығы маған “өте жақсы” деген мінездеме мен оқу орнына жолдама беріп, оны мен таңдаған оқу орнына жіберді. Құжатта менің әскери қызметке және жауынгерлік білімге құштарлығыма сипаттама берілді, оқуға жеңілдікпен қабылдауға ұсыныс жасалды. Міне, сол құжаттың арқасында техникумға еш кедергісіз түсуге толыққанды мүмкіндік алдым. Бір сөзбен айтқанда, жаңа өзіңіз айтқандай, болашақ мамандығымды таңдауға мерзімді әскери қызметімнің себеп болғаны рас.
Енді қазіргі жағдайға келейін. Бүгінгі таңда жергілікті атқару органдары мен әскери құрылым өкілдері өте тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Өйткені, Тәуелсіз Отанымызды қорғау әрқайсымыздың абыройлы да, қасиетті міндетіміз. Отанымызды, оның шекарасын қорғап отырғаннан кейін оған ерекше мән беруіміз керек. Және бұл әкім ретінде менің және аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы майор Дидар Нұртөлеуұлының алдындағы көкейкесті мәселе.
Осыны ескере отырып, біз өз тарапымыздан осы уақытқа дейін бөлім жұмысына үздіксіз қол ұшын беріп келеміз және алдағы уақытта да көмегімізді аямайтын боламыз. Ол біздің басты міндетіміз. Нақтырақ айтсақ, көктемгі-күзгі әскерге шақырылуға жататын жасөспірімдермен жүргізілетін әрбір іс-шараның басында біз тұрамыз. Ол біздің тікелей жұмысымыз.
– Былтырғы және биылғы жылдары бірлесіп бірқатар іс-шаралар атқарыпсыздар. Соны тарқата кетесіз бе?
– Өткен жылдарда бірқатар қиындықтар болып тиісті мөлшерде қаражат бөле алмаған кездеріміз де болған. Биыл әскери қызметшілердің мәртебесін көтеру мақсатында біраз жұмыстар атқардық. Нақтырақ айтсақ, тиісті іс-шараларды атқаруға қажетті қаржыландыру мәселесін дұрыс жолға қоя алдық. Соның нәтижесінде сала жұмысына 18,5 миллионнан астам қаражат бөлдік. Оның ішінде 2 млн-нан астам ақша қосымша қаржыландыру арқылы жүзесе асты. Өздеріңіз байқаған шығарсыздар, бұл қаражатқа қазір Ескелді аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің ғимаратына арналған бірқатар жиһаздар, техникалық жабдықтар сатып алынды. Шамамыз келгенше тозығы жеткен, пайдалану мерзімі әлдеқашан өткен заттарды жаңаладық.
Ғимаратттың өзін көріп отырсыздар, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Көктемде бұл жұмыс одан әрі жалғасатын болады. Бұның барлығы ұжымның негізгі жұмысының бұрынғыдан да жақсы жандануына ықпал ететініне сенімдімін.
Бір нәрсені анықтап айта кетейін. Сырт көзге қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің жұмысы онша көріне бермейді. Көп адамдардың түсінігінде, бұл ұжым тек жасөспірімдерді әскерге шақырумен ғана айналысады. Яғни, бір ғана міндетті атқарушы орган. Ал нақтысында, олардың атқаратын міндеті өте ауқымды. Мәселен, ер баланы зерделеу 15-16 жастан басталады. Ал, 18-ге толғанда әскерге шақыруға жататынын немесе шақыруға жатпаса, неге жатпайтынын анықтау, негіздеу керек. Одан кейін шақырылған баланың әскери бөлімімен байланыс жүргізіледі. Келесі кезекте мерзімді қызметін атқарып келген жігіттің запастағы әскериміндетті азамат ретіндегі құжаттары мен қосымша жиындардан өту-өтпеуі жалғасады. Бұл азаматтық салада жұмыс істейтіндерге қатысты. Бұдан басқа өзінің өмірін әскермен байланыстырып, әскери мамандық таңдағандармен жұмыс деген бағыт бар. Оның да жаңағы айтқандарымнан кем емес машақаттары жетерлік. Аталған екі бағыттың сыртында ардагерлермен жұмыс деген маңызды тағы бір бағыт бар. Айта берсе үздіксіз атқарылатын кешенді іс-шаралар осылай тізіле береді. Түсінген адамға міне, осы айтып отырғандарымның астарында дәрігерлік сараптама, шақырушыларды тасымалдау, жиһаз, техникалық жабдықтар және басқа да толып жатқан қажеттіктер тұрғанын аңғару қиын емес. Сондықтан бөлінген әр тиын қатаң есепте және бақылауға алынған.
Тағы бір негізгі мәселеге тоқтала кетейін.
Біріншіден,Қазақстан Республикасының “Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы” Заңының 27 бабына сәйкес, азаматтарды әскери қызметке шақыруды жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады және қамтамасыз етеді.
Екіншіден, жергілікті атқарушы органдар әскери басқару органдарын жабдықталған шақыру (жиын) пунктерімен, оларды күтіп ұстауды, дәрі-дәрмектермен, керек-жарақтармен, өртке қарсы медициналық және шаруашылық мүлкімен, автомобиль көлігімен, сондай-ақ байланыс және күзет құралдарымен қамтамасыз етеді.
Аудан әкімі ретінде және запастағы әскериміндетті офицер ретінде аталған мәселелерді күнделікті жіті назарда ұстап келеміз. Соның бір дәлелі, жоғарғыда аталған Заңның негізінде жергілікті әкімдіктің шешімімен шақыру комиссиясы құрылып, мерзімді әскери қызметке шақырылушыларды жергілікті әскери басқару органы ауылдық округ әкімдерімен жауапты мамандары бірлесіп зерделеп, іріктеп мемлекет алдында қойылған тапсырмаларды орындау үшін, әскер құрылымдары мен түрлерін жас буынмен жасақтап келеміз. Атап айтқанда, 2022 жылдың көктемінде 78, ал күзінде 81 шақырылушы жөнелтілді. Соның ішінде: ҚР Қарулы күштеріне – 56, ҚР ҰҚК Шекара қызметіне – 36, ҚР ІІМ Ұлттық ұланға – 68, ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне 2 адам жөнелтілді.
Биылғы 2023 жылдың көктемінде барлығы 80 адам жөнелтілді. Ал, күзге шақырылу кезіндегі көрсеткіштеріміз мынандай:
Осы уақытқа дейін ҚР Қарулы күштеріне – 28, ҚР ҰҚК Шекара қызметіне – 23 адам шақырылды және қазіргі уақытта ҚР ІІМ Ұлттық ұлан қатары жасақталып жатыр.
Аудан бойынша барлығы 21 орта және арнайы орта оқу орындарында “Алғашқы әскери дайындық” пәні өтеді. Оқушылардың ішінен зерделеніп, іріктеліп Қазақстан Республикасы және шет мемлекеттердің жоғарғы әскери оқу орындарына биылғы жылы 16 ер бала оқуға түсті.
Мұның сыртында запастағы 9 офицер және 57 сарбаз бен сержант келісім-шарт бойынша әскери қызметке шақырылды. Аудан әкімінің құзырындағы аумақтық қорғаныс ротасына нарядқа сәйкес 179 әскериміндетті іріктелініп, тағайындалды.
“Бірлік бар жерде тірлік бар” деген халық даналығы бекер айтылмаса керек. Аудан әкімдігі мен аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бірлесе атқарып отырған осындай жұмыстары біздің береке-бірлігіміздің, өзара түсіністігіміздің және іскерлік байланысымыздың нәтижесі деп білемін.
Қазіргі уақытта Ескелді әкімдігінің шақыру пунктіне тиесілі жер телімі аудан әкімдігінің теңгеріміне қабылданды. Алдағы уақытта құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
– Елдос Тұрсынбайұлы, шақыру пункті жайлы кеңірек білсек бола ма? Жалпы алдағы жылға деген жоспарларыңыз қандай?
– Қазір бізде пилоттық бағдарлама негізінде дене шынықтыру орындары, сауықтыру орындары, медициналық пункттер салынып жатыр. Ол өте тиімді. Салу мерзімі бір жарым айдан үш жарым айға дейінгі уақытты алады. Ғимаратты жылда әктеп және сырлап керек емес, ол тұтас сендвич панельден салынады. Мен аудандық әскерге шақыру пунктін осындай модульдегі материалмен салып беруді ұсынып отырмын. Алғашқы тәжірибелер көрсеткендей, оның құны да, салу уақыты да бізге тиімді болайын деп тұр. Бүгінгі күнге оның құрылысына жер бөлдік, енді қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшылығына міне, осындай ұсыныс беремін. Баршаға аян, бұрын ауданымызда әскерге шақыру пункті болған жоқ. Келесі жылы осыны салып шықсақ, онда үлкен бір іс шешіледі.
Жаңа айтып кеттім, биыл жалпы 18,5 млн-нан астам ақша бөлдік. Келесі 2024 жылға ол соманы екі еседен арттырып, барлығы 42 млн-нан артық қаржы қарастырып отырмыз. Жергілікті әскери басқару органына осылай көмектесеміз. “Әскер мен халық біртұтас” деп бекер айтылмауы керек қой.
Біз жаңа Қазақстанға бет бұрып жатырмыз. Ендеше істеген ісіміздің де қайтарымы елге тиімді және қайтарымды болуы керек. Ауданымызда әскерге баратын балалардың саны жыл санап өсіп келеді. Бұл бағытта жоғары жақтан қойылған тапсырмаларды тиісті уақытында және сапалы орындауға жоғары мән бергеніміз абзал. Осыған орай білім ордаларында жасөспірімдермен бірлесіп бірқатар мәнді-мағыналы іс-шаралар өткізіліп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, келешекте балалардың әскерге өзі ұмтылып тұруына жан-жақты негіздер жасалуда.
Біраз жылдар болды, балалар әскерге бармай қалады, әскерден қашады. Әскердің өзін теріс жағынан көрсететіндер көбейді. “Ұрады, соғады” деген сөздер де көп. Жоқ, біз бұл мәселені жан-жақты зерделеп, зерттеп, алдын алу жұмыстарын жабыла жүргізуіміз керек. Мектептердегі жұмыстар осының алғы шартын жасауы қажет. Сосын, бір нәрсенің басы ашық – Қазақстанның әрбір азаматы өзінің елін, жерін қорғауға мі-ін-де-ет-ті! Ол қол-аяғы бүтін, денсаулығы түзу әрбір азаматтың борышы. Бұны отбасында, бала бақшада, мектепте, оқу орындарында, еңбек ұжымдарында айтудан және үйретуден жалықпауымыз керек. Сонда ғана “Отан қорғаушысы” сапында тұрған әрбір жауынгер өзінің атына лайықты болады.
Өкінішке орай, ауданымызда Ұлы Отан соғысының ардагерлері жоқ. Бірақ біз олардың алдында борыштар екенімізді ұмытпаймыз.
Бір ғана бағытты мысалға алсам, ауған соғысының ардагерлерімен өте тығыз қарым-қатынастамыз. Олардың 35 жылдығы келе жатыр. Жат жерде жанын жаралаған азаматтарға арналған мемориалдық тақтаны жаңартып орнатпақпыз. Қазіргі таңда жер учаскесі бөлінген. Жобасын жасап жатырмыз. Таяу арада ол іс толықтай қолға алынатын болады. Оның сыртында қоғамдық ұйымға офистік бөлме берілді. Қазір сол жерде бірқатар шаралар жүргізілуде.
Әскерге кететін балалармен жиі кездесулер өткізіледі. Салтанатты шығарып салу шаралары ұйымдастырылады. Ардагерлер солардың барлығына қатысады.
Аудан болғасын құрамында ауылдар бар. Сол елді мекендерге барған кезде ардагерлер ұйымының өкілдерін ертіп барамыз. Жас толқынмен кездесулерін ұйымдастырамыз. Олар өмірлік тәжірибесімен бөліседі. Оның да өзіндік қайтарымы бар.
– Сіз нағыз патриот екенсіз. Десе де, негізгі тақырыбымыздан сәл ауытқып оқырмандарымызды ауданның тыныс-тіршілігімен таныстыра кетсеңіз жақсы болар еді.
– Ауданымыз ауылшаруашылығына негізделген. Бізде зауыт, фабрика жоқ. Әсіресе, егін шаруашылығына, оның ішінде қант қызылшасына ерекше мән берілген. Барлығы 11 ауылдық округ бар. Бәрі де толыққанды жұмыс жасайды. Басым көпшілігі жаңа айтқанымдай, ауыл шаруашылығымен айналысады. Қант қызылшасын өсіруде облыста бірінші қатарда тұрмыз. Өзіңіз білесіз, ол стратегиялық өнімге жатады. Облысымыздың Ақсу және Көксу ауданында қант зауыттары жұмыс істейді. Осы зауыттарға ауданымыз бүгінгі күнге 100 мың тоннадан астам қант қызылшасын өткізді. Бұрынғы жылдары 1200-1300 гектарға тәтті түбір ексек, биыл плантация көлемін 1900 гектарға жеткіздік. Әр гектардан орташа есеппен 597 центнерден өнім жинадық. Бұл өте жақсы және жоғары көрсеткіш. Қазір жұмыс одан әрі жалғасуда. Қант қызылшасын егетін сеялкалар, комбайндар, басқа да техникалар жөнінде бізде проблема жоқ. 1900 гектарға 15 шет елдік жаңа комбайн, 21 сеялка жұмыс істеп тұр. Әрине, жердің күтімі, тыңайтқыш қолдану, күтім жасау, уақытында сеуіп, уақытында жинап алу басты мәселе болып қала береді.
Бір-жар жыл бұрын “Ислам-банктен” кредит алғанбыз. Оның да көп көмегі тиді. Ол ақшамен барлық каналдарға тазарту жұмыстарын жүргіздік. Ескі каналдарда судың бәрі қашып кететін, латоктар болмаған немесе атам заманнан бері пайдаланылған. Ана жері, мына жері сынық, жыртық болып, соның арқасында су тиісті жеріне жетпей қалатын. Солардың бәрін жөндеп, каналдарды тазалағанның арқасында егістікке су апаруымыз оңайға түсті.
Мал шаруашылығы да өте дамыған. Ірі қара, жылқы, қой шаруашылығы, одан басқа үлкен бөдене шаруашылығы бар. Қазір ол да жақсы жұмыс жасап тұр. Өнімдерінің көбін шет елге экспортқа жіберіп отырмыз.
Осындай қауырт жұмыстарымызға қарамастан біз қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің жұмысын жіті назарда ұстаймыз, бөлім бастығымен бірлесіп көп шаруа шешеміз. Панфилов, Достық шекаралық аймақтарынан бізге әскери бөлімдердің командирлері, кейде олардың орынбасарлары жылына екі рет, кей жылдары үш рет келіп кетеді. Біз олармен тұрақты қарым-қатынастамыз. Ол кісілер бізге қанша адам керек, қандай маман керек екендігін айтып тұрады. Өз тарапымыздан соларды дайындауға тырысамыз. Іскерлік қарым-қатынасымыз ертеден қалыптасқан.
– Өз тарапыңыздан алып-қосар ұсыныстарыңыз бен тілек-ниетіңіз?
– Әскерге шақырылушыларға айтарым, елді қорғау әр азаматтың борышы. Өмірге келген екенбіз, Отан алдындағы осы қасиетті борышымызды абыроймен орындауымыз керек. Құдай бетін ары қылсын, әрине, ертең анау-мынау жағдай болса, жасымызға қарамай бәріміз де сапта тұрамыз. Туған елімізді, туған жерімізді, өз Отанымызды, өз шекарамызды біз қорғамасақ, оны ешкім сырттан келіп қорғамайды. Осыны ұмытпағанымыз абзал.
Ал Отан қорғаушылар қатарында жүрген әскери қызметшілерге еліміз аман, жұртымыз тыныш, шекарамыз бүтін болсын деймін.
Тәуелсізідігіміз баянды болсын. Келе жатқан жаңа жылдарыңыз бақ-береке, дәулет-сәулетін берсін!
– Елдос Тұрсынбайұлы, Қорғаныс министрлігінің “Сарбаз” газеті мен “Айбын” журналының шығармашылық ұжымының атынан сүбелі сұхбатыңызға рахмет айтамын. Сұхбат беруге келісім беріп, ол орынға аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімді лайық деп білгеніңіз әкім мен әскердің арасындағы тығыз ынтымақтастықты көрсетеді.
Қызметіңіз берекелі, еліңіз мерекелі болсын! Бірлесіп шыққан белестеріңіз аласармасын!

Марат ЖҮНІС-БЕК,
Сұхбатты жүргізген
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.