Еңбектің дара тұлғасы

Екі мәрте Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтың туғанына 117 жыл толуына орай «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,ел тегі қайдан табар кемеңгерді», — деп ақиық ақын Ілияс Жансүгіров айтқандай, жер жаннаты Жетісудың перзенті, ердің бірегейі колхоз өндірісінің аса көрнекті басшысы, дала академигі атанған, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтың туғанына 117 жыл толды.
Нұрмолда Алдабергеновтың өмір жолына зер салсақ,еңбек жолын бай қолында жалшылықтан бастап, Түркістан-Сібір жолының құрылысында қолына қайла ұстаған жұмысшы, одан кейін Шұбар (Қазіргі Алдабергенов) ауылында ұйымдасқан колхозда күрек пен кетпенді қару еткен қатардағы колхозшысы бригадирлікке көтеріліп, 1936 жылы басқарма бастығы лауазымына сайланып, кезінде құрал-сайман мен қамыт-доғаға зәру болған колхозды миллионер деңгейіне жеткізіп,өзінің саналы ғұмырында «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанып, шаруашылық өндірісін дамытуда, ұдайы алдыңғы қатарда болған.Ол өзінің мақсатына жеткенше тыным таппайтын еңбекқор, ар-намысқа, уәдеге, қайырымдылық атты рухани тәлімдерге бай тұлға болды. Оның дәлелі – алып тұлғаның екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, екі рет Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, КСРО медальдарымен және Халықшаруашылық жетістіктері көрмесінің үлкен Алтын медалімен марапатталуы, Республикада мал шаруашылығының және егіншіліктің еңбек сіңірген құрметті шебері деген атақтарының берілуі.Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Жоғарғы Советінің 5-ші, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің 3-ші және 4-ші шақыруларының депутаты болды, сондай-ақ бір колхоздан өзімен бірге 20 Социалистік Еңбек Ерлерін ертіп шығу Кеңестер Одағында болмаған жағдай.Сонымен қатар колхоз шаруашылығы бірнеше рет Бүкілодақтық, облыстық, аудандық жарыстарда жеңімпаздары атанды. Жоғары көрсеткіштері үшін бірнеше дүркін СССР халықшауашылық жетістіктері көрмесінің алтын медальдарымен, 115 рет Құрмет грамоталарымен марапатталды және СССР жоғарғы Советі Президиумының жарлығы бойынша ауылшаруашылық өндірісін дамытудағы үздік табыстары үшін колхоз Еңбек Қызыл Ту орденіне ие болды.
Нұрмолда Алдабергеновтың елге сіңірген еңбегі қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың, жазушылар Сәуірбек Бақбергенов, Мұқамежан Мырзақұлов, Құттыбек Баяндин, Ұзақбай Доспанбетов, Ораз Исмайылов, Сұлтан Жангөбектегінің еңбектерінде жан-жақты қамтылды. Кеңес Одағының, тәуелсіз Қазақстанның энциклопедияларына енгізілген және мерзімдік басылымдарда , очерктер эсселер жарияланды. « Әрбір ісі маңызды, жақсылыққа бастаған, тудырған талай аңызды, осындай біздің жақсы адам»- деп жырлаған Сәбит Мұқанов «Аңыз адам» атты эпостық поэмасын арнаған екен. Шынында, Нұрмолда Алдабергеновтың туа біткен таланты, ел басқаруға жаратылған ер еді. Білімі аз болса да, өмірден тоқығаны мол азаматтығы мен еңбекқорлығы, ұйымдастырушылық қабілеті, адамдармен лезде тіл табысып, өзіңе үйіріп алатын кеңпейілдік қасиеті мен абыройлығы – оны дала академигі, аңыз адам дәрежесіне жеткізді. Міне, Нұрмолда Алдабергенов бұл жағынан да, қазақ халқының мақтанышына айналып, абыройы мәңгілік асқақтап тұрған еңбектің дара тұлғасы. Білім мен тәжірибенің озық үлгісін қалыптастырып «Өмір мен еңбек мектебінің» іргесін қалаған Нұрмолда Алдабергенов көп жасамаса да қызығы мен қиыны, талас-тартысы да мол қайшылықты заманда ғұмыр кешіп, социализм дәуірінің бұрқылдаған қазанында пісіп, шыңдалуының арқасында елін танып, туған халқының игілігі үшін ақырғы деміне дейін қызмет етіп, есімі аңызға айналуы бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.

А.Есбосынова.
Н.Алдабергеновтың мемориалды музейінің қор сақтаушысы