2023 жылы Үкіметтің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасын тұрақтандыру тәсілдері тиімділігін дәлелдеді – С.Жұманғарин

Үкіметте өткен кеңесте 2023 жылы негізгі азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша жүргізілген жұмыс қаралды.
Алдын ала қорытындылар бойынша осы жылы қабылданған шаралар нәтиже көрсетіп отыр: 11 айда елдегі азық-түлік инфляциясы 7,5%-ды құрады, жалпы деңгейі 8,9% болған. Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин өңірлердің, салалық министрліктер мен ұйымдардың басшыларына жақсы нәтиже көртсеткені үшін алғыс білдіріп, келесі жылдың негізгі міндеті – жылдық инфляция деңгейін одан әрі төмендету екенін атап өтті.

«Биыл барлығы жақсы жұмыс істеді, бірақ қол жеткізілген көрсеткіштер 2024 жылы үшін жоғары болмақ. Нарық жағдайын және көкөніс қорларын броньнан алып тастауды мұқият қадағалау керек. Бізге қысқы инфляцияны ұстап тұру керек, әйтпесе оны кейіннен тұрақтандыру қиын болады», — деді вице-премьер.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков маусымаралық кезеңге арналған ӘКК тұрақтандыру қорларындағы негізгі азық-түлік қорлары туралы айтып берді. Бүгінгі таңда 174,1 мың тонна (100,6 мың тонна картоп, 25,6 мың тонна пияз, 22,6 мың тонна қырыққабат, 25,1 мың тонна сәбіз) көлем жиналды. Бұл АШМ ұсынған осы кезеңдегі сұраныс деңгейінен 20%-ға артық. Күріш бойынша өңірлер 18,5 мың тоннаға келісімшарттар жасасты, бұл ұсынылатын көлемнің 92%-ын құрайды. Оның 66,6%-ы – Қызылорда облысының өндірушілерімен жасалған келісімшарттар.
«Қант бойынша ӘКК қорларының көлемі 51,6 мың тоннаны құрайды, бұл ұсынылатын қажеттіліктен екі есе көп. Сондай-ақ қарақұмық жармасы бойынша 13 өңірде қорлар ұсынылған қажеттілік нормасынан асып түседі», — деді Е. Тасжүреков.
Кеңесте өңірлердің айналым схемасы аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен жасаған тікелей шарттарының көлемі 70%-ға дейін жеткізілгені айтылды.
«Барлық облыстар өздерінде өндірілетін өнім түрлерімен толық қамтылуы керек. Мысалы, Жамбыл облысы пиязбен, Түркістан облысы қырыққабатпен, Қызылорда облысы күрішпен, ШҚО күнбағыс майымен қамтылуы керек. Сондай-ақ барлық өңірді аталған өнім түрлерімен барынша қамтамасыз ету қажет. Биыл біз облыстар арасында көкөністер мен өнімдерді жеткізу бойынша тиімді байланыстарды жолға қойдық, оларды одан әрі нығайту қажет. Қаңтар айында қорытынды кеңес өткіземіз, онда АШМ қалыптасқан қорларды броньнан алып тастауды бастау бойынша болжамдар ұсынуы тиіс», — деп түйіндеді Серік Жұманғарин.

primeminister.kz