Шолпан Каринова: Таяуда «Amanat» партиясының хатшысы болып тағайындалған Шолпан Каринова еңбек жолының 18 жылын білім саласына арнаған.

Мемлекеттік қызметтің ең төменгі сатысынан бастап, Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары лауазымына дейін жо­ғарылаған білікті маман кейінгі төрт жыл жауапты саяси лауа­зым­да қызмет атқарды. «Еліміздегі жетекші партияның лауазым­­ды қызметіне ұсынылғаннан бас­тап, «Amanat» жұмысына қан­дай үлес қоса аламын, халықпен жұмыс істеуде маған қандай сенім артылып отыр, оны қалай атқара аламын деген мәселе мазалағаны рас. Партиялық қызметке келерде өзіме артылған жауапкершілік пен сенімнің салмағы жоғары екенін түсіндім», деген партия хатшысына жолығып, сұрақ қоюдың сәті түсті. Жетекші партияның жауапкершілігі жоғары– Шолпан Таңатқызы, партия жұмысына енді ғана кі­рі­сіп жатырсыз. Жалпы, саяси жұ­мысқа қай кезден бастап араласа бастадыңыз?

– Партияға жоғары оқу орнын бітіріп, ауыл мектебінде мұ­ғалім болып жұмысымды бас­­таған кезде мүшелікке кір­ген­­мін. Мектептегі бастауыш пар­тия ұйымының белсенді мү­ше­­сі болып, саяси партиялық құ­р­ы­лымның дамуына үлесімді сол кезден бастап қосып келемін. Осы тұста партиялық жарна төлеу тура­лы да бірер сөз айта кетейін. Жарна төлеу ең алдымен адамды жауапкершілікке тәрбиелейді, онымен қоса өзіңді елдік істің бөлшегі ретінде сезінуге, ортақ күш болып бірігуге, үлкен саяси үрдіске қатысың бар екенін ұғы­нуға әсер етеді. Мен оны пар­тияға мүше болған алғашқы жыл­дардан бастап-ақ ұқтым.

Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Әрине, өзім сүйіп таңдаған мұғалім маман­дығы бо­йынша басты мақсатым – балаға білім мен тәрбие беру. Алайда мұнымен шектелмей, сол кезден-ақ қоғамдық-саяси жұмысқа араласа бастадым. Ауыл ішінде, аудан мен облыс көлеміндегі түрлі жиналыс­та, мемлекеттік ұстаным бойынша пікір айтып, қоғамдық пікір қалыптастыру үшін еңбектендім. Елдік іске немқұрайды қарамай, белсенді, жауапты болу сала қызметкері ретінде кәсіби өсу­ге де себепші болғаны анық. Сондықтан мұғалімдер партияға мүшелікке кіру қажет пе деп кеңес сұраса, кідірместен «иә» деп жауап берер едім. Бұл – адамның өзі үшін, қоғам мен мемлекет үшін игі іс.

– Қазір қоғам трансформация кезеңінде тұр. Жаңа қыз­метте сізге қандай міндет­тер жүктеліп отыр? Партияның ба­ғыт-бағдарына да тоқтала кет­сеңіз.

– Партия басшылығында маған тапсырылған бағыттар – Саяси менеджмент академиясын, Республикалық қоғамдық қабылдаулар жұмысын, үш рес­пуб­ликалық кеңес жұмысын үйлестіру. Сонымен қатар биыл алғаш рет құрылған партияның Әйелдер қанатын дамыту. Ата­л­ған бағыттарда атқарылып жатқан жұмыстың бәрін бірдей айту көп уақыт алады, сондықтан кейбіріне тоқталайын.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев түбегейлі бетбұрысқа жол ашқан ауқымды мемлекеттік реформаларды іске асырып ке­леді. Мемлекет басшысы былтыр жариялаған қоғамдық-саяси трансформация аяқталды. Сайлау жүйесіне партиялық тізіммен ғана емес, бір мандатты округтерден сайлану енгізілді. Ауылдық ок­руг, аудан, қала әкімдерінің сай­лауы өтті. Конституциялық сот қайта құрылып, Жоғарғы ауди­­тор­лық палата жаңа мәртебе мен құзыреттерге ие болды. Осы­­лай­ша, демократиялық институт­тар­­ды нығайтуға және елімізді дамы­­туға бағытталған елеулі өз­геріс­­тер жасалды. Ал «Amanat» ең ірі саяси қозғаушы күш ретін­де Пре­зиденттің рефор­малық бағы­тын жүзеге асыруда маңызды функ­ция атқарды және партия да өз жұ­мысын жан-жақты жаңғырт­ты.

Соның бір дәлелі ретінде партия төрағасы Ерлан Қошановтың партияның Әйелдер қанатын құру туралы бастаманы қолдағанын айтуға болады. Себебі бұл – ең алдымен қоғамның сұранысы. Тарихи ұстанымда әйел заты әділ­дік, тазалық, тәртіппен бай­ла­­ныстырылады. Сондықтан қоғам­да тұрмыстық зорлық-зом­бы­лық, балаларға қатысты қаты­гездік белең алып тұрған шақта партияның бұл қадамы идеология тұрғысынан дұрыс шешім болды. Бұл шешімді қоғам оң қабылдады. Осы арқылы партия елімізде әйелге әлімжеттік жасауға жол берілмейтінін жария етті. Сонымен қоса Әйелдер қанаты қыз-келіншектерді тол­ған­дыратын өткір де, өзекті мә­селе­лерді шешу жолын іздеуді жос­пар­лады. Бұл – партия идео­ло­гиясының халық игілігіне ба­ғыт­талған басым бағытының бірі.

– Партия идеологиясы деп қалдыңыз, оның өзегі не?

– Біздің партия – қоғамдық пікір мен азаматтардың саяси мәдениетін қалыптастыратын алаң. Халық пен билік арасындағы алтын көпір. Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда ұрпақ тәрбиесіне ерекше назар аударып, идеоло­гия жұмысындағы басты бағыт­тың бірі – кітап басып шығару ісін ерекше атап өткен болатын. Осы орайда партия «Кітап-Amanat» жобасын қолға алып, маңызды идеологиялық мәні бар іс бастады. Себебі Президент айтқандай, еліміздің кітап нары­ғында шетел өнімдері басым, әдеби кітаптардың 90 пайыз­ға жуығы сырттан келеді. Бұл ретте Мемлекет басшысының ұлт­тық мүддеге сай келетін кі­тап­­тарды көптеп басып шығару өте маңызды деген тапсырмасын орындау мақсатында партия осы жобаны қолға алды. Мұ­нымен қоса, бұл рухани маңыз­­ды бастама қоғамның да сұ­­ранысы екені анық. Кітап – ақыл-ойдың сарқылмас кені. Біз жасанды интеллект дәуірінде өмір сүргенімізбен, кітаптан бір сәт қол үзбеуді мемле­кеттік идеологияға айналдыруы­мыз керек. Оқу сауаттылығы адам­ның жалпы барлық бағытта сауатты болуының негізі, оның дәлелін халықаралық салыстырмалы зерттеулердің қорытындылары көрсетіп келеді. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, зияткер эко-қоғам құрамыз десек, төрде кітап тұруға тиіс.

Жобаның негізгі мақсаты – отан­дық әдебиетке деген қызы­ғушылықты арттыру, отан­дық авторлар мен кітап шығару­шы­ларды қолдау. Біз жоба арқы­лы қандай нәтижеге қол жеткі­земіз? Біріншіден, бұл руха­ния­тымыздың көкжиегін кеңей­туге мүмкіндік береді. Осы­лай­­ша, қазақ тіліндегі кітап шы­ға­ру мен кітап айналымының үлесін ұлғайтуға жол ашамыз. Екіншіден, қаламгерлердің өз кі­таптарын нарыққа шыға­руы­на, шығармашылық бел­­сен­­ділігін арт­­тыруға көмектесеміз. Баспа­ха­налар дүкен­дерді қол­же­тімді ба­ғадағы кітап­тар­мен қамтамасыз етіп, оқыр­ман­ға кедергісіз жетуін қамтама­сыз етеміз. Сондай-ақ ең маңыз­дысы, біз осы бастама арқылы жас ұрпақтың кітапқа деген қы­зығушылығын арттырып, көп оқитын, білімді ұлт қалып­тастыруды көздейміз.

– Халық арасында да, БАҚ-та да бізде мемлекеттік идео­ло­гия жоқ деп жиі айтылады. Партия идео­логиясы мен мем­лекеттік идео­­логия­ны байланыстыра отырып түсін­діріп бере аласыз ба?

– Партия басшылығындағы жаңа тұлға ретінде атқарылып жатқан қыруар жұмысқа сырт көзбен қарайтын болсам, пар­тиямыздың «Ауыл ама­­наты», «Жер аманаты», «Қа­рыз­сыз қо­ғам» жобалары көпте­ген азамат­тың отбасылық мәселе­леріне қа­тысты шаруалар дер едім. Осы жобалар аясында бірнеше алаң­да көтеріліп, шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер партия­лық алаңда біртіндеп шешімін тауып жатыр. Халық оған куә.

Мәселен, партияның қоғам­дық қабылдау бөлмелеріне осы жылдың 11 айында 87,4 мың адам жүгінді. Қабылдауға келген азаматтарды толғандырған мәселелердің 55 пайызы оң шешімін тапса, өтініштердің 39 пайызы бойынша түсіндіру жұмысы жүргізілді, 6 пайызы қазір бақылауда тұр. Барлық мәселе бірден шешіле салмайтыны да түсінікті. Кей проблеманы шешуге уақыт керек, бірнеше мекеменің күшін біріктіру қажет. Мәселе шешіліп жатса, адамдар риза болып, алғысын айтып жатады. Шешілмей жатса, әрине, наразылық танытады.

Партияның күнделікті жұмы­сының өзі жеңіл емес, ол жылдар бойы қордаланған мәселелерді реттеуге бағытталып отыр. Тек сайлау науқанында ғана белсенді болмай, мемлекеттік аппаратпен қатар халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, мәселесін шешу үшін қызмет жасап келеді. «Amanat» еліміздегі жетекші пар­тия ре­тінде жауапкершілігі жо­ғары, еңбектеген баладан бас­тап, ең­кейген қарияның да мүд­десін қам­титын, ел ертеңі үшін маңызды жо­балардың жүгін мойнына алып отыр. Сондықтан осы істерді жүзеге асыруда қиындықтың болатыны, сын айтылатыны, әрине, заңды. Күрделі мәселелерді күр­меуі қиын деп қарамай, халықтың көтер­ген проблемасын соңына дейін жеткізуге жұмыстар істе­ліп келеді. Партияның басты көздегені, негізгі идеологиясы да осы. Партияны адам қай кезде қолдайды? Партияға сенім қай кезде болады? Әрине, адамның өзіне қатысты мәселесі шешілсе, сол жерде сенім пайда болады. Біз – сол сынды көтеріп, қиындыққа төтеп бере алатын партиямыз.

– Қазақстан халқын бі­рік­тіретін идеология – мем­ле­кет құрушы ұлттың құнды­лық­тары мен мемлекеттік тіл­дің қолдану аясының кеңеюі­не ті­келей байланысты. Елімізді мекен ететін бас­қа этностар да мемлекеттік тіл мен қазақтың мәдениетіне, дәстү­ріне құрмет­пен қарайты­ны бел­гілі. Атап айтсақ, мысал­дар өте көп. Осы бағытта партияның қандай жос­парлары бар?

– Қазақ халқының ұлттық құндылықтарын дәріптеу мен мемлекеттік тілді дамыту – басым бағыттар. Көп жағдайда осы ұғымдар отансүйгіштік, тәрбиелік, жоғарғы азаматтық ұстаныммен қатарлас келеді. Бұл – әр адамның өз әрекетімен, өз үлгісі арқылы дәлелдейтін ісі. Дегенмен де, партиямызда іске асырылып жатқан жобалардың ішінде «Сөйле» жобасы нәти­желі істердің бірі екенін, әріп­тестерімнің «Ұлы дала» респуб­ликалық шығармашылық бай­қауын, «Алтын домбыра» рес­пуб­ликалық ақындар айтысын жүйелі түрде өткізіп келе жат­қанын айту қажет. Бұл алаңдарда жаңа есімдер анықталып, өнер мен мәдениетте өз шеберліктерін шыңдап келе жатқандардың қара­сы көбейіп келеді. Әрине, мұн­дай жұмыстар жалғасын табады.

– Әңгімеңізге рахмет.