Ж.Жақыпбаевтың шығармашылық өмірбаяны

Жұматай (Жұмағұл –Шора) Сағадиұлы Жақыпбаев — қазақ өлеңінің төрінде ерекше орны бар аса дарынды тұлға. Жұматай 1945 жылы бірінші қаңтарда Талдықорған облысы, Талдықорған ауданы, қазіргі Киров атындағы колхоздың Ешкіөлмес ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын Абай атындағы кітапхананың меңгерушісі болып бастаған. 1967 жылы Әл-фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. Одан кейін Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газетінде, облыстық радиода және «Жалын» баспасының музыка, поэзия бөлімінде қызмет істеген. 1980-85 жылдары «Жалын» альманағында поэзия бөлімінің редакторы, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болды. Ажал мәуріті жетіп арғымақ ақын 1990 жылы қырық бес жасында дүниеден озған.
Қалмаймын деп мына
өмір көшінен,
Жастай зерек ғажайып
күй кешіп ем.
Жан адамнан жасқанбай һәм жасымай,
Құнанбаев Оспан құсап өсіп ем,-
деп өзі жырлағандай, өмірден өткенше «иттен де қалған, құстан да қалған» көңілін күймен әлдилеп, кеудесін жан адамға бастырмай, асқақ еңсесін төмен түсірмеген, асыл жырға адалдығынан айнымаған.
Ж.Жақыпбаевтың шығармашылық өмірі жайындағы құнды деректерді талай жыл ыстық-суыққа бір күйіп, бір тоңған аяулы жары, ақын, журналист Зайда Елғондинованың «Менің ертегім» естелік-эссесінен мол ұшыратамыз. Ақын шығармашылығын, өмір бұралаңын әңгіме еткенде де осы еңбекке баса назар аударылып отырады.
Жұматай – болмысы бөлек, ерекше ақын. Өлең өлкесі қаншалықты өзгеше келсе, өмір өткелі де ғажайып, сұлу. «Мен қасқа маңдай, бота көз жігітпін ғой. Біз қара шапанбыз, жалпы руымыз Мырза. Төренің қызынан туғанбыз. Әкем Сағади өмір бойы болыс болды. Ауылдық кеңестің бастығы дегенім ғой. Біздің үйде қазыны ит жейтін. Мен туғалы ас та төк молшылық болды. Әкем бала кезінен еркелетіп өсірді. Тіпті әкемнің маған деген мейірімін туған бауырлары да қызғанатын. Әкемнің әкесі Жақыпбай елге сыйлы болыс болған. Жақыпбайдың інісі Шалғынбай батыр болған. Сенің Тоқсанбай атаңа ұқсап, жау қайырған. Жақыпбай би тек төрелермен құда болған. Тұқымдарымен сұлу да сымбатты, ірі екен. Ал қыздары тана көз хас сұлудың өзі болғандығы сонша, хан да, қара да құда түскен.»
Ақын сөзінен балалық шағының уайым-мұңсыз, таршылықсыз өткенін, белді, беделді ақсүйек ұрпағы екенін, ата-ана алақанының мейірімін сіңіріп, қағажу көрмей есейгенін аңғарамыз.
Жұматай, сөз жоқ, тума талант. Ал талантты тынымсыз іздену арқылы шыңдай түспесе, су астында тот тұнған темірдей мүсәпір күй кешіп, жауыннан соңғы алаудай жоғалары тағы бар. Жұматайдың шығармашылық ғұмыры да «оқы, оқы және оқы» қағидасымен өлшенді. Бұл қасиет ақын қанына туа біткендей. Оны өзі де аңғаратыны анық. Естелік-эсседегі Зайда апамызбен Жұматай ақынның диалогынан мұны аңғару қиын емес:

  • «…философияны терең білмеген адам ақын болып жарытпайды.Жалпы, мені түсінгің келсе, көп оқы, әсіресе, классиктерді, шетел әдебиетін оқы. Орыстың ұлы ақындары туралы замандастары жазған естеліктерді оқы.
  • Сен өзіңді ұлылар қатарына жатқызасың ба?
  • Иә,- деді ол ешбір қысылмастан.»
    Рас, Жұматай ұлы. Жұматай өзінше ұлы. Оны Абай, Пушкин я Лермонтовтың қатарында қарау әбестік. Ол – оқымыстылығымен, түйдек-түйдек философиялық ойларымен, нәзік лирикасымен ұлы. Десек те, жоқшылық шекпені Жұматайға да еріксіз маталып, шырмайды. Алайда, ақын рухы боркеміктенбей, болашаққа тұнық көзбен қарайды:
    «Мен таң-тамаша қалдым, оған бір, өзіме бір қараймын. Біздің кедейшілік жайлап алған үйімізге бір қараймын.
  • Сен ұлымын дейсің, ә? Ұлы адамның тұрағы зәулім сарай болуы керек те, серігі сұлу қыз болу керек. Ол керемет атақты да даңқты болуы керек. Сенде оның үшеуі де жоқ. Жапырайған жаман пәтерде отырсың, айта берсең, істеп жүрген қызметің де уақытша. Ал қасыңдағы серігің мен де оңып тұрғаным жоқ. Не сұлу емеспін, не ақылды емеспін.
  • Айтқаныңа қосылмаймын, Зайда. Хан қайда отырса да, оның отырған жері қасиетті болуға тиіс. Мен ұлымын, ханмын. Мен сүйген әйел сұлу болмасада сұлу, себебі ол менің ханымым. Ал адам берген атақ пен даңқтың қабырғасын ұрмаймын да мен. Маған атақты да, даңқты да құдайдың өзі берген,- деді ол шімірікпестен.»
    Иә, тек өр ақынның маңдайына ғана біткен бір беткейлік осындай-ақ болар. «Күнге ғана күнбағыс болып бұрылған» ақын тірі пендеге бас иіп, бетін еденге сүйгізбек емес. Дараларға ғана бітетін сара мінез Жұматай ерекшелігін екшеп тұрса да, шынайы өмірде, нақтыласақ, ақын өмір сүрген дәуірде біреуге кіріптарлық танытпай асқаққа өрлеу мүмкін емес-тін. Сондықтан болар, ақын өмірінің тұла бойында таршылыққа көп ұшырап, дұшпандарының тырнағына көп ілікті, мертікті. Тек рухы жасымады. Өлеңі де өр, асқақ қалпында қалды, илікпеді. Сағызша созылып, цензураның шегінен аса алмай қалған жоқ.
    Жұматай Жақыпбаевтың қаламынан туған дүние аз емес. Бірақ, сөз патшасына шынайы берілген жыр періштесі шығармашылық өнерді биік талғамның әділ таразысына тартып, ұлы Абайша «өнер шашпақты» мұрат тұтты. Сондықтан да жыр бәсіресіне тұстастарынан ертерек ер салғанмен, ол үш жарым мүшел ғұмырында «Саратан» (1979ж), «Ләйлә» (1981ж), «Шұғынық гүл төркіні» (1984ж) секілді үш-ақ кітабын шығарды.
    Отыз кітабы жарық көрсе де, отбасы, ошақ қасынан алысқа аты беймәлім қалам иелеріндей емес, Жұматай осы жыр жинақтарымен-ақ қазақ поэзиясына жаңа серпін, өзгеше өрнек, соңы сапа алып келді.
    Еліміздің ежелгі тарихын ерінбей- жалықпай өз бетімен іздене оқыған Жұматайдың көптеген өлеңдерін ұғуға әдеби сауаты төмен қаймана қазақтың қабілеті мен қарымы жете бермейді. Оның оқырманына айналу үшін жай ғана поэзия жанкүйері болу жеткіліксіз, ойлы оқымыстылық та қажет. Ақынның:
    Бір ғажап сурет көрдім деп ертең мақтанам
    Бөгеннің жері бөлектеп маған сақтаған.
    Ер Қыпшақ Еділ Еуропада да көрмеген
    Жалаир Мұқылай Таңғұттардан да таппаған,-
    тәрізді бірнеше мыңжылдықты қас-қағымда парақтап тастаған қағілездігіне қалай ілеспексің?!
    ″Ақын творчествосы жайлы түйінді пайымдаулар жасау, ой қорыту оңай емес. Жеке бір өлеңді алып баяндау, талдау онан да қиын. Өйткені өлең деген басқадай жай, жадағай сөзбен айтып беруге көне қоймайды. Шынайы шабыттан туған нағыз поэзиялық туындының мағыналық сыйымдылығы, көркемдік әсері де өлшеусіз.″
    Ақынның «Ғұндардың жүрегі» атты өлеңі «XX ғасырдың Гомері» атанған ұлы Жамбылдың Грузияға барғандағы бір қызықты сәтіне арналған. Кеңестік дәуірдің тоқырау кезеңі деп аталатын жылдарында туған осы бір ғажайып өлең Жұматай жырларының көкке қолын созған биік шоқысындай көрінеді. Тоғыз ауыз өлеңнің тұла бойында «тоқсанға келген екейлік ғұндардың шалы» Жамбылдың аты мүлдем ауызға алынбайды да:
    Вокзалға қарай бұл елді
    кім бөріктірді?
    Көрікті елдің құшағын гүл
    көміп тұрды.
    Бақтияр, Еділ киетін
    сусар бөрікпен,
    Күржістанға керік қас ғұн
    келіп кірді.
    Бірақ теңдесі жоқ суреткерлікпен сомдалған ұлы ақынның бұл күндері аңызға айналған ерекше бейнесі көз алдына көлбеңдеп тұрып алады.
    Жұматай жырын түсіну үшін Шыбыл шалдың Жамбылға айтатын әйгілі:
    Екейде елу бақсы, сексен ақын,
    Жаратып мінеді екен ерттеп атын.
    Қобызы, домбырасы үнін қосып,
    Гулейді жын ұрғандай кешке жақын,-
    дейтін өлең жолдарын еске алып қана қою аз, яғни қытай жылнамаларының тарихи жазбаларында хатталған шежірелік мәліметтерден де хабардар болуға тиістісіз. Сонда ғана өлеңге өзек болып отырған «Күржістанға келіп кірген керік қас ғұн» ежелгі екейдің (икюдің) ұрпағы, XX ғасырдың алып жырауы Жамбыл екенін жазбай танисыз. Ал, «Ғұндардың жүрегі» атты бұл өлеңнің қадір-қасиетін толық ұғындыру үшін арнайы зерттеу жүргізу артық етпес. Сондықтан біз оған тоқталып жатпай, Жұматай жырларына жақындай түсудің, оның білікті оқырманына айналудың бір жолын мегзей кетуді ғана мақсат еттік.
    Жұматайдың:
    Арттыра берсін білгеннің қадірін өлең,
    Марғұлан айтса, ақылы, сабырлы кенен,
    Богдыхан қызын беретін Үйсіндер кеше
    Едіге таң, ірі ұланын Тәңірі деген;
    Немесе:
    Ғашықтық тәмам, болды ма еркелік тәмам?
    Қарардай әлем Сен құсап жиіркеніп маған.
    Намыс пен мұңнан Мысырға халифа болған
    Ұбақ Қыпшақтай ызадан өртеніп барам,-
    дейтін өрнегі өзге шумақтары да таңғажайып тың теңеулерімен таңырқатып ғана қоймай , тағылымы терең тарих тұңғиығына қарай жетелеп, Абай атамыз айта беретін «білмекке құмарлығыңды» оятады, сезіміңмен қатар зердеңді де байытады. Жұматайда мұндай- оқыған сайын таң қалдыра берер татымды да тартымды, талант құдіретіне тәнті етер таңғажайып өлеңдер тең-тең. Бұл-Жұматайдың бір ғана қыры. Ал оқымыстылығы өз алдына. Тіпті, қолына боксшы қолғабын киіп, шаршы алаңда сынға түскен сәттері де замандастарының есінде.
    Ақын–Алланың ең нәзік жаратылысы. Өзгелер ұқпағанды түйсініп, басқалар сезбегенді терең қабылдай білетін, жүрек қылдарын тек ізгілікке шертткізетін де солар.
    Сондықтан болар бәз біреулерден артық қайғырып артық мұңаятын, көңілсіздік аралына жиі соқтығып, мерттіккен кемедей күй кешетін кездері де бар. Бұл- кемшілік емес, артықшылық. Осыған лайық «адамның басы – алланың добы» десек, артық айтқандық емес. Әрине, ақынды қайғы- мұңның «идеалы», ал өзгелер мұңая білмес мұзжүрек деген ой тумауы тиіс. Бірақ, ақын мұңы өзгерек:
    Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде,
    Көп кещеге қай бетіммен кектенем?
    Бізге бақтың қолы бүгін жетер ме
    Мұқағали, Төлегенге жетпеген?
    Мұң. Ғасырлар толқыны тарқата алмаған-махаббат мұңы.
    «Махаббаты қыз жүрегін таппаса, жігітке одан асар азап жоқ» (М.Горький) болса, таңданысқа орын жоқ.
    Өтіп бара жатты өмір
    Өзендейін тасыған.
    Өтіп бара жатты өмір
    Өлексемнің қасынан,-
    деп кей сәттерде ақын үміт қылының үзіліп, сандалып, құрдымға кеткеніне өкінгені сонша, өмірден баз кешкендей көңілді аңғартса, бірде:
    Іздеймін бір жоғымды
    Іздеймін кеп сенделіп.
    Қарманған сол қолымды
    Алады бір қол келіп,-
    деген нәзік үмітінің дәнекерленіп, бақыты менмұндалап тұрғандай көрінгенімен, шолақ бақыт ақын жүрегін тасқа ұрады.
    Табылған бұл жоғымнан
    Төбем көкке жетеді.
    Сол нәзік қол… қолымнан
    Сусиды да кетеді.
    Қуаныш қайта басылып, ақын жаны көкжиекпен ұштасқан шексіз теңізді шарлаған шағаладай шарқ ұрады. Сірә, ұлы Абайдың:
    Сап, сап, көңлім, сап, көңлім!…
    …Өртенесің, жанасың,
    Өз-өзіңнен бейнетке
    Өз басыңды саласың,-
    деген аталы нақылын көңіліне қондырмаса керек. Жоқ, олай, айтуға, тіпті, қақымыз жоқ. Мүмкін, асау сезімін ақылға жеңдіргісі келген шығар. Бірақ, махаббат дерті асқынып, тұсау бермес тағыдай құрық салдырмаған болар, кім білсін? Тек қыспаққа алынған көңілден ғана әсем жыр туады. Сондықтан Жұматай мұңы, ол тудырған жыр- оқырманға азық, сарқылмас қуаныш. Мұны да ұмытпайық.
    Әрине, Жұматай — ерекше жаратылысымен дараланған дүлдүл ақын. «Қайрат жігері де жетерлік. Пессимизм тайғағына сұлай берместен, ес жиып, болашаққа тұнық көзбен қарау қажеттілігін түсінеді».
    Ой кешсем де мұншама күн;
    Емтиханнан бекер құлап.
    Табиғаттың бір сабағын
    Оқымаған екем бірақ.
    Оқырмын мен өзге әлібін,
    Ал мынаны ұғу бөлек.
    Адам жаны өз мамырын,
    Қайта оралтып тұру керек.
    Шоқтығы биік оптимизм. Өмірдің сан-салалы белестерінен сан сүрінсе де, жарқын болашаққа сенімін өшірмей, алысқа үмітпен қарайды. Көңілдегі қаһарлы қыстан соң, жайдары көктемді оралту қажеттігін ескертеді. Онсыз өмір мәнсіз де сәнсіз соқпаққа ұрынбақ.
    «Ақын- өз елінің жыршысы». Қай ақын болмасын, өз елін шексіз сүю үшін, ең бірінші туған жеріне деген сүйіспеншілігі шексіз болуы шарт. Жалқыдан жалпыға көшкенде ғана сезімдер өміршең келмек. Отанға сүйіспеншілік те туған жердің жасыл шалғынын жырлаудан бастау алмақ. Жұматай да «кіндік кесіп, кір жуған» өлкесін өлең өрнегімен еркін әспеттеп, перзенттік махаббатын шебер жеткізе білген. «Туған жерге» өлеңінде мынадай шумақтар бар:
    Аршалыдан алты қанат үйлер кеп,
    Бас үйткен де, шақырған ба көп елді?
    Үнді үйреткен әбжыландай иреңдеп,
    Ақ түтіндер көк түбіне жөнелді.
    Ғажайып сурет! Ақын жүрегі туған жерінің әрбір тасын құмарлана құшқысы келеді. Тіпті, «үнді үйреткен жыландай ақ түтіндер» де сондай ыстық.
    Туған жерім, әлемдегі ел түрлі
    Таңдай қаға қарауы үшін мың сан күн.
    Әспеттеуге, бейнелеуге көркіңді
    Тілімнің бар акварелін жұмсарын,-
    деп перзенттік парызына адал екендігін аңғартады. Осы ойын «Атамекен» өлеңінде де дамыта түседі:
    Өзені өлең айтқан таныс үнмен,
    Бабамның тері тамып, қаны сіңген.
    Түбінде әр тасының айқас өткен,
    Өлкемнің шығарсам-ау дыбысын мен.
    Сонымен қатар, осы тақырыпқа арналған «Суықсайда», «Арысқа барғанда», «Сарноқайға сәлемдеме» т.б. әсем жырлары бар. Әсіресе «Сарноқайға сәлемдеме» өлеңі өзгелермен салыстырғанда көркемдік ерекшелігі жоғары туынды деуге болады . Негізінен Жұматай- оқымысты ақын. Сол себепті, оның өлеңдерін қаймана қазақ түсіне бермеуі мүмкін. Тек тарих пен философиядан сусындап даралар ғана мағынасына терең бойлай алатын өлеңдер аз емес. Бұл қасиет туған жер тақырыбына арналған өлеңдерінде де аз емес:
    Шыңдарында шынар да, қыран да көп,
    Жер жүзінде көркі бар тұрар бөлек.
    Аристотель: «Адам да, табиғат та,-
    Айтып кеткен,-көркем бір шығарма»,-деп.
    Жоғарыдағы шумақ қарапайым ғана мысал. Бәлкім баз біреулер үшін Аристотель есімі таңсық емес те шығар. Бірақ, кітап бетіне қарауға артық сағаты жоқ шопан, диқан үшін Аристотель есімі экзотика іспетті. Жұматайдың басты ерекшелігі де- өз білімі мен ақындық дарынын ұштастыра білу қасиетінде. Жұматай көп біледі және білгенін өлең шумақтарына еркін сыйғызып , көркемдік қасиетін арттыра түседі. Жұматай өлеңдерінің өміршеңдігінің бір қыры осыдан болса керек.
    «Өзі өлсе де, аты өлмеген» дарабоздарды ардақтап, санадан сандалтпау әрбіріміздің қасиетті борышымыз. «Өлсе орны қара жер емес», атойлай соққан нұрлы жүректер болуы парыз. Ондай есімдер барлық халықтың қордалы тарихында алтын әріптермен таңбаланған. Қазақ халқында да мұндай есімдер аз емес. Құдайға тәубе, кейінгі буын аға буынның ардақты есімдері мен бағаналы еңбектерін ұлықтап, барынша қастерлеуде. Дәлелі ретінде ескерткіштер соғып, митингілер мен мүшәйралар ұйымдастыруда. Ал ақындар өлең жолдарымен өшпес өрнек оюда. Мұндай жандардың есімі ел есінде мәңгі қалары анық. Ал ақынның өлеңдерінде өрілмек…
    Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.
  1. Ж.Жақыпбаев «Кенежирен» Алматы – 2005ж, Раритет
  2. З.Елғондинова «Менің ертегім» Алматы – 2005ж
  3. З.Ахметов «Поэзия шыңы — даналық»
  4. Ә.Тәжібаев «Өмір және поэзия» Алматы – 1960ж
  5. С.Иманасов «Жұматай» Парасат журналы, 2007ж, N10
  6. Х.Жүкел «Жас қазақ», 2006ж,
    • Жыр жұлдызы Жұматай. Шымкент келбеті – 2005 ж. № 27
      8.Ә.Қодар. «Дәуір биігіндегі жаңашыл ақын». Руханият – 2005 ж.
      Кәусар Әбдіғали,
      8-сынып оқушысы