Асқар Алтайдың асқақ жыршысы

Қазақ Алтайының киелі топырағында дүниеге келіп, аса дарынды талантымен барша қауымды таңғалдырған, қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы жарық жұлдыздарының бірі, жазушы, драматург Оралхан Бөкейдің туғанына биыл 80 жыл толып отыр. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында қазақ әдебиетінің классикалық үлгілерінің қатарына қосылған, туған жері, Алтайының мөлдір тау бұлақтарындай бірден шөлді қандыратын туындылар қалдырып кеткен талант иесі, философ, публицист, драматург, Оралхан Бөкей адамның сезім тұңғиығына, жан-дүние тереңіне, ой-арманына көбірек үңіліп зерттеген жазушы.
Оралхан Бөкей туған ауылынан Алматыға оқуға аттанарында «Көкшетау асқан сұлу болса, одан шыққан ақын, жазушылар одан әрі сұлуландырды. Біздің Өр Алтайдың сұлулығы одан әсте кем емес. Бірақ оны жырға қосып, сұлулығын көрсететін ақын, жазушылар жоқ десек қателеспейміз. Мен Алтайдың сұлу табиғатын, сарқылмас байлығын танытуды мақсат етемін. Сондықтан да мен жазушы болуды армандаймын. Адам арманын алдына мақсат етіп қойса, оған жетуге тиіс. Мен де мақсатыма жетемін деп сенемін»- деген. Мақсатына жеткен де сияқты. Асқар Алтайдың кербез табиғатын, тамылжыған сұлулығын Оралхандай сүйіп жырлаған жазушы жоқ.Ол- табиғаттың асқақ жыршысына айналған табиғи тума талант. Оның кейіпкерлері де ойлы, сезімтал, арманшыл, киялшыл болумен бірге ойшыл, мұңшыл, жан -дүниелерінде сағынышқа толы аңсау, ынтығу, күрсініс пен өкініш, шексіз ынтызарлық, жұмбақты сыр жатады. Оралхан Бөкей – есімі дүние жүзіне танымал жазушы. Оралхан Бөкейдің шығармалары дүние жүзінің көптеген тілдеріне орыс, ағылшын, француз, неміс, жапон, араб, қытай және басқа да ұлы халықтар тілдеріне аударылған. Оралхан Бөкейдің шығармаларынан 1985жылы «Кісікиік» режиссері М.Самағұлов, 1986 жылы «Сайтан көпір» режисері Д.Манабаев көркем фильмдері және 1986 жылы «Кербұғы» ( балетмейстер Б.Аюханов) балеті қойылды.
Оралхан Бөкейдің еңбегі ескерусіз қалмады. 1976 жылы Оралхан Бөкей «Құлыным менің» пьесасы үшін Қазақстан Республикасы Жастар сыйлығының лауреаты,1978 жылы «Найзағай ізі» повестері мен әңгімелері үшін Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты, 1986 жылы «Біздің жақта қыс ұзақ» повестері мен әңгімелері үшін Абай атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты наградаларына ие болды. Оралханның шығармаларын оқыған адамда Катонқарағайды көрсем деген арман пайда болары сөзсіз. Биыл біздің мекбіміздің ұстазы , ақын Мұратхан Орынтайұлы жазушының қарындасы Ғалия Бөкееваның арнайы шақыруымен Оралханның туған жеріне барып, Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған мерекелік медаль алып қайтты.Ауыл кітапханасында 10- 11 сынып оқушыларының қатысуымен өткен «Сыры нәзік, ойы ордалы жазушы» атты әдеби- танымдық кешімізге Мұратхан Орынтайұлы арнайы қатысып, Оралхан Бөкей туралы ойларымен бөлісіп, қаламгердің Алтайды суреттеген шығармасынан үзінді оқып берді.
Ұлт мәдениеті мен әдебиетінде оның жаратылыс , болмысы да,суреткерлігі де әрдайым таудай биік, қырандай асқақ күйінде қалып, мәңгілік шығармаларымен мәңгі жасай бермек.

Алма Өскенбаева,
Жалғызағаш ауылдық кітапханасының кітапханашысы.