Жанымда жүр – Жақсы Адам!

Абай атамыз жақсы адамның кім екенін отыз сегізінші сөзінде былайша талдап берген. Ол үшін, оның Хауас сәлим деген ой-тұжырымына назар аударайық. Хауас сәлим – араб сөзі, оның қазақша мағынасы адамның өзіне тән болған дұрыс қасиеті, мінез-құлқы. Бұл дұрыстыққа адам қалай жеткен дегенді Абай былайша түсіндірген. Адамның Хауас сәлим, яғни, жақсы адам атануы үшін, оған алты шарт қажет, олар: жақсы тән саулығы, жақсы туыс, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаз. Міне, жақсы адам болу үшін қажетті шарттар. Бұл – жақсылықтың өлшемдері. Ал енді, Шәкәрім қойған сауал, «Ең жақсы адам не қылған кісі?» дегенге келсек, оған жауапты тағы да Абайдың өзінен табамыз. Абай айтады, жоғарыда айтылған қасиеттері болған соң, оның «аты адам болады», яғни, жақсы адам атанады. Бірақ ол қандай істерімен жақсы атанбақ, олар: «Алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық…» (2-т., 190-б.). Жақсы адамның алдында үнемі осындай үш мәселе болмақ, солардың нәтижесінде оның адамдығы айқындалмақ, яғни, жақсы адам атанбақ. Абай атамыз атап өткен жақсы ұстаз-ұлт болашағы. Келешектің кемелі, ірге тасын ұстар-тұтқасы. Міне, бүгінгі мақалаға арқау болып отырған кейіпкер, даралығымен дараланып, Мемлекеттің ұлағатты ұстазының атағын алған, Отанға адал қызмет атқарған, Саймасай Батырдың батыр қызы –Гүлнар Саймасайқызы. Мен бұл кісіні Ескелді аудандық білім бөлімі арқылы таныстым. Тарихшы мұғалім іздеп жүріп, тарихына үңілдім. Тарихы тым терең, дара ұстаз. Өмірінің барлық ізгі жолдарын ұстаздыққа арнаған, болашақты тәрбиелеген Гүлнар Саймасайқызы бұрынғы Талдықорған облысы, Гвардия ауданы Шоқан ауылында 1959 жылы дүниеге келген.
« Бала кезімде 3-4 жасымда мектепке барамын деп жылайды екенмін. Ол кезде портфель деген жоқ,кішкентай ғана қара «валетка»-қазіргіше чемодан, үлкендігі 1-2 кітап сиятын, соны көтеріп алып, ішіне бауырларымның оқулықтарын салып алып « сабаққа барамын» деп, көшеге шығып кетіп қалады екенмін. Өзім кішкентай бойыммен валетканы сүйретіп мектепке кетіп бара жатқан жерімнен көршілер, болмаса әке-шешемнің таныстары, ауыл тұрғындары үйге алып келіп тастайды екен. Менен сұрайды екен, қайда барасын десе, мен сабаққа барамын дейді екем. Сонда бала кезімде періштем құлағыма сыбырлап тұрған ғой . 1956 жылы Шоқан ауылында 3 кластық орыс мектебі ашылып, 1 сынып табалдырығын аттадым. Жаңбырлы күні, қыста аязда бойым кішкентай болған соң әкем арқасына арқалап алатын. Қолымда сол баяғы кішкентай,қара валетка. 2 сыныпта Шанхамай ауылындағы орыс мектебіне ауыстым. Арасы 5-6 шақырым. Ол кезде автобус деген жоқ, Газ-51 деген мащинамен апарып тастайды. Кейде,әсіресе көктемде стрижка, «сақпан» басталған кезде машина жетіспейді ғой, сол кезде біз мектептен жаяу қайтатынбыз. Ауылымызда орыс отбасылары аз болды, небәрі 2-3 отбасы. Әйтеуір бір жас ұстаз Александр Михайлович деген практикаға келсе керек, бізді мектепке барғанша , және қайтқанша орысша патриоттық әндер айтқызып қоятын. Содан тіліміз орысша сөйлеуге тез жаттығып кетті. Және сол кезде ауыл кітапханасынан орысша ертегі алып оқимыз, кітапханашы Сания Базарбаева колхоз бастығының әйелі, сондай ақылды кісі болатын, алған ертегілердің мазмұнын әңгімелетіп, түсінгенімізді айтқызып,онсыз келесі жолы ертегіні бермейтін. Жаздық үш айлық каникулға шыққанда әкем бірге ертіп жүріп, өзі атқа мінеді, мені ешекті ерттеп соған отырғызады да тауға шөп шабуға барамыз. Шалғыны қалай ұстау керек, шөпті қалай «шөмелегеу» керек бәрін үйретті. Еңбекқор болу керек , жалқаулық жаман қасиет, жетістікке жету үшін күресу керек , ең бірінші мінез, білім, еңбек, қайтпас қасиеттер осы, осы адамдық қасиеттерді жоғалтпауды құлағымызға жиі құйды. Жетістіктің жемісін ел арасында береді . Сенде еңбектен , жемісіңді барша жұртқа төк. Сонда сенің білімді, еңбекқор екеніңді бәрі біледі. Орынсыз сөйлеп, сүйкіміңді кетірме. Әр сөзіңді ойланып барып сөйле дейтін. Сөз жүректен шықса құлақтан ары аса алмай қалады. Өмір деген өте күрделі , көп қиындықтар кездеседі сол кезде төзімділігің мен шыдамдылғың сонда байқалады- деп әкем мені бала кезден шыңдап өсірді. Айтқанымдай тұрмысқа шықанымда жолдасым сырттай Алматы қаласындағы СХИ-сельскохозяйственный институтқа сырттай бөліміне оқуға түскенде, 1986 жылы желтоқсан айында сессияда жүріп, желтоқсан оқиғасына қатысып, сол жақтан яғни Алматыдан оларды шығармай 2 ай ұстады. Сол кезде әкемнің берген тәлім тәрбиесі маған қатты көмегін тигізді. 1976 жылы 10 сыныпты бітіріп Алматы қаласына оқуға түсе алмай қалдым. Ол кезде оқуға түсе алмасан «ұят». Содан « Министрлер демалып емделетін клиникалық «Алматы» саноторийіне санитарка болып жұмысқа кірдім. Сол жерде күзде глав.врач шақырып алып «направлениямен» РМУ-ға кешке оқитын оқуға түстім. Республикалық медицина училищенің фельдшер факультетіне қабылдандым. Келесі жылы ақшамды алып ауылға келгенде әкем таң қалды, мына ақша қайдан шықты деп. Мен шынымды айттым. Әкем ренжіді. Жоқ, қызым мен сені мұғалім болады деп жүрсем,менің атымды шығаратын сенсің, мен өлсем, сен мұғалім болып Саймасайдың өзіне тартқан кішкентай қызы әкесінің жолын қуып «ұстаз» болып жүр деп ел айту керек, болмайды мына оқуыңнан шық деді. Содан документімді алып, әкемнің жолын қуу үшін, оның өсиетін орындап Алматы қаласындағы Қыздар Педагогикалық Институтына тапсырып, оқуға түсіп кеттім, тарих факультетіне. ЖемПИ-де 5 жыл оқыдым. Сабақ біткен соң қыздар қыдырады, мен Пушкин кітапханасына барып сабаққа дайындалатынмын. Зачет, емтихан кезінде «автомат» алып кетем,яғни тез жақсы баға алдым. Шымкеттен, Манғыстаудан келген қыздарға көп көмектестім, олар орыс тілін нашар білетін. Кураторымыз Аманжолов Керейхан Рахымжонович деген үлкен кісі болды. Әй,осы кішкентай қыз, түбі сенен жақсы мұғалім шығады деп отыратын. Өнер тарихынан Бахтажар Мекшиов деген соғысқа қатысқан қарт ардагер ұстаз сабақ берді. Ол кісі айтатын, әй Саймасайдың қызы сен сабаққа жақсы дайындалып келесің, кейін осы институтпен тоқтап қалмашы, «қара қазанның құлы» болып кетпеші –дейтін. Сол кезде түсінбеппін осы сөздің астарын. Шынында тұрмысқа шыққаннан кейін,мектепте жұмыс жасадым,бірақ мал бар, қойдың кезегін өзім бағамын, сиырдың қорасын өзім шығарамын, жемді күйеуім әкеп тастайды, есіктің алдына соны қара шелекпен өзім тастаймын. 1993 жылдары теңге шыққан кезде халықтың жағдайы қиындап кеткенде ауылдан осы Бақтыбайға ол кезде Крупское деп аталады көшіп келіп, Елтай ауылындағы Сейфуллин атындағы мектепке орналасып өзімнің бар білімімді оқушыларға үйрете бастадым. «Ұяда не көресін»,соны ілерсің демекші, әкем сияқты ұлағатты ұстаз болуға тырысатынмын. Көптеген шәкірттер дайындап шығардым, облыстық, Республикалық жарыстарға қатысып, оқушыларымның қуанғанын көргенде, өзіме-өзім риза болдым. Қазір сол шәкірттерім Қазақстанның түкпір-түкпірінде, шет елдерде әр түрлі салада қызмет атқарып жүр. 1998-1999 жылы Талдықорған қаласында « СОРОС-ҚАЗАҚСТАН» қорының ұйымдастырумен « Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» курсына мектеп атынан мені жіберді. Осы курсқа қатысқаным маған сабақ өткізуіме үлкен көмегін тигізді. Бұл технологияда әр шәкірттің жеке ерекшеліктері ескеріліп, шығармашылықпен жұмыс жасауыма мүмкіндік берді. 1999 жылдан бастап Республикалық ынталы мектептер ассоциясының мүшесі болып мұғалім-жаттықтырушы атандым. Осыдан кейін аудан көлемінде, білім беру басқармасының нұсқауымен әр түрлі тақырыпта коучингтер, семинарлар өткізіп жаңа ақпараттық технологияның стратегияларын сабақта қай кезде қолдануға болатынын үйрете бастады. Аудан бойынша көшпелі семинарларға қатыстыртып өз тәжірбиеммен бөлістім. Тіпті Көксу ауданы Еңбекші қазақ мектебіне де семинар өткізіп, жинақтаған іс тәжірбиеммен бөлісіп, оқушының ойын қалай дамыту керек, оқуға деген ынтасын қалай ояту керектігімен бөлістім. Мектеп директоры Ғалым деген кісі екен, риза болып естелікке кітап сыйлады. Бірінші бетіне былай деп жазыпты.
Гулнар Саймасайқызы

Ұстаз боп Сейфуллин мектебінде,
Үңілген тарихтың сол беттеріне.
Гулнарға білгір маман мың-бір алғыс,
Көрсеткен тәжірбиесін мектебімде.
Әдіскер Гулнар деген есіміңіз,
Жазылсын жылнаманың беттерінде.

2015 жылы Алматыда өңіраралық ғылыми-практикалық конференциясында өзінің «Қазақ хандығының рухани-мәдени даму жолы» тақырыбында еңбегін жинаққа енгіздім. Сол жылғы қазақ хандығының 550 жылдығы еді. Әкемнің қандық қасиеті, яғни домбырамен ойнау бірде-бір баласына дарымай, менің үлкен ұлым Әсеттің 2-ұлы Елжанға дарыпты . Күйші болып конкурстарға қатысады. Биылғы 2023 жылы Астана қаласында өткен «Ақ көгершін» атты байқауға қатысып Гран-при мен қоса алтын медалін мойнына тағып келді. Кәкімжан Елжан Әсетұлы 9-сынып оқушысы».
Адам баласының қоғамда бағалануы, дәріптелуі, ардақталуы – тікелей оның адамгершілік қасиеттеріне байланысты. Егер ол айналасындағыларға қайырымды, адал болып, бүкіл қарым-қатынастарын адамгершілік тұрғысынан реттейтін болса, нағыз адамгершілігі мол жан болып, қоғамдағы сыйлы бағасын да, орнын да иемденеді. Жақсылық – адамның ойы, ниеті, іс-әрекеті. Жаман пиғылдардан аулақ болып, қай кезде болса да адамға қол ұшын беріп көмектесетін, жанашырлық танытатын адамды жақсы адам дейміз. Жаны жайсаң, көңілі ашық, шәкірттердің ұлағатты ұлы ұстазы ретінде ел мәртебесін асқақтатып жүрген, сабырлы мінез, сырбаз қалпынан, қарапайымдылығынан айнымайтын, адамгершілігі мол, жүрген ортасына сыйлы, мейірімді де қайырымды, асау асуларды бағындырып, оны игі істерге бағыттай білген адам. Осы орайда Сүйінбай Аронұлының:
Жақсы адам – елінің серкесіндей,
Халқының қалың жүнді көрпесіндей.
Жақсы болар баланың жүзі жылы,
Орыстың күймей піскен бөлкесіндей.
Жақсының айтқан сөзі тиянақты,
Түйенің аумайтұғын өркешіндей,
Жақсыға үлкен-кіші бәрі жақсы,
Жасынан бірге өскен еркесіндей, – деген жолдары ойға оралады.
Биіктігі де, тереңдігі де, кеңдігі де бір басынан табылатын Гүлнар Саймасайқызы өмірбаянына көз салсақ, оқу орнын тәмамдағаннан бастап мектеп өміріне араласып, осы білім заңғарының ұшар басында қалықтаған жан. Бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған Батырдың сынығы көктемі мен жазы, қыруар күзі жас ұрпақты тәрбиелеуге арналған. «Ұстазым менің ұстазым, өзіңмен өткен қыс, жазым» деген ыстық махаббат осындай ұлағатты ұстаздарға арналса керек. Бүгінде зейнетте болсада талмас қайсарлығымен еңбегін әлі де жалғастыруда. Балларды білім мен ғана өмірге деген қадамдарын нық басуларына да жол сілтеп отырған абзал жан. Шәкірттерге ғана емес өзінен кейінгі жас мамандар мен буындарға да дара жолынан тәжірибесімен бөлісуде.
Көп жылғы еңбегінің жемісі мен жеңісін көру – ол да бір ғанибет. Өзі білім берген көптеген шәкірттері бұл күнде еліміздің әр түкпірінде еңбек етіп, ел құрметіне бөленуде. Ұстаз еңбегі шәкіртімен бағаланатыны аян.
Гүлнар Саймасайқызының да шәкірттері осындай тамаша жетістіктер көрсетті.
Халықаралық, Республикалық, Облысдық, Ауданаралық, ауыларалық жарыстардан жүлделі бас жүлде мен бірінші орындарға иеленген.
Өнегелі де ардақты жан Бұхпантаева Гүлнар Саймасайқызы – үлгілі отбасының қамқоршысы, Отанасы. Ұлдарын ұяға қондырған батыр ана, асыл әже! Білім беру саласында жыл тынбай еңбек еткен жайдары да жайсаң ұстазға біз ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат пен амандық тілейміз.
Қорыта айтқанда, шарапатынан халқына шашу шашып, шәкірт тәрбиелеу жолында еңбек етуге бүкіл саналы ғұмырын арнаған ұстаздың қай тілеуі де хақ. Өз келешегіне өз қолымен жол салып, адал еңбегімен жете алған біртуар қазақ перзентінің өмір жолы мен өнегесі кейінгі жеткіншіктерге адастырмас шамшырақтай бағдар болары сөзсіз.
«Жақсы адам – Алланың нұры» дейді. Бірінші байлығым – халқым деп білген, ойы биік, сөзі де, ісі де ірі, жаны мен қолы бірдей таза, кішілік пен кісіліктен жаралған, періште пейілді, тұғыры биік тұлғаға денсаулық, ұзақ өмір тілейміз.

   Арай Әділ