Қазақтың қайсар қыздары

Қазақ арулары сұлулығымен, ибалығымен, ісмерлігімен ғана емес, ержүректігімен, батырлығымен де аты шықан. Сақ патшайымы Томирис пен бертіндегі Әлия мен Мәншүк, одан да бері Ләззат пен Сәбираға дейін де талай батыр арулар болған. Қазақ халқының арғы-бергі тарихында білек күшімен, шешен тілімен, ақыл парасатымен үлгі болатын батыр қыздар аз болмаған. Ертедегі Қыпшақ қыздары, «Тұрандот ханшайымдар» сұлу сымбатымен, табиғи тартымдылығымен, шығыс қыздарына тән ерекше сән-салтанатымен Еуропаның рыцарларын құмар еткен.
Тұран – Тұран (мемлекеттің аты), дота, латынша қыз деген сөз. Сонда Тұрандот – «Тұранның қыздары» дегенді білдіреді. Десе дегендей-ақ олар расында да өте сұлу, көзге түсерліктей болған. Қазіргі қазақ даласында мұндай қыздар аз болмаған.
Томирис – Тұран патшасы Афрасиябтың қызы. Патшайым болып ел басқарған батыр қыз.
Зарина – Сақ патшасының қыз. Ел тағдыры үшін өз махаббатын құрбан етеді. «Жеке басымның бақытын елімнің еркіндігіне айырбастай алмаймын. Махаббаттан да жоғары нәрсе бар, ол – менің елім», – дейді Зарина.
Бөрте ханым – Шыңғыс ханның әйелі. Қоңырат тайпасының қызы. Жат елдікке пенде болғанмен, ұрпақ тәрбиесінде өз елінің ұлттық тағылымын меңгерте білген.
Гауһар – Қабанбай батырдың жары, Малайсары батырдың қарындасы.
Есенбике – Олжабай батырдың анасы, үйсін Қарасай батырдың қызы.
Назым – Қабанбай батырдың қызы.
Айтолқын – Абылай ханның қызы. Бұл батыр қыздарымыз ұлттық намысты ту етіп, халық тағдыры үшін ерлермен бірге қан майданда ерлік көрсеткен батыл жандар.
Бопай – Кенесарының қарындасы, бес жүз сарбазды басқарып, Ресей отаршылдарына қарсы соғыста ерен ерлік көрсеткен батыр қыз.
Мамыр – Байқазы арғынның қызы. Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» дастанындағы өжет қыз. Махаббаты үшін құрбан болған батыл қыз.
Айбике – Бұланбай батырдың жары, барлаушы сарбаздардың басшысы болған қыз. Талай шайқастарда жауынгерлердің ұлттық рухын көтеріп, ерлікке шақырған батыр қыз.
Ботакөз Есетқызы – Есет батыр Көкіұлының қызы. Батырлығымен, батылдығымен аты аңызға айналған қаһарман қазақ қызы.
Мұндай батыр қыздардың қатарын кешегі Ұлы Отан соғысы мен Тәуелсіздік құрбандары да толықтыра түседі.
Домалақ ана (Нүрила) – Бәйдібек бидің жары. Нүрила барлық адамға өте мейірімді, ақылды, әулие әйел болған. Домалақ ананың осындай қасиеттерін бүгінгі ұрпақ бойына сіңіріп өссе, онда келешегіміздің көкжиегі одан сайын кеңи түсер еді.
Қалампыр ана – Балуан Шолақтың анасы. Жазушы Сәбит Мұқанов «Балуан Шолақ» романындағы аналар бейнесін аса қызық сомдаған. Өмірде өнегелі болған аналар бейнесі көркем өнерде ұрпаққа ғибрат берерліктей тәрбиелік маңызы зор.
Айша Қобыланқызы – атақты Қожаберген жыраудың жары. Халқымыздың тарихында «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» кезең боп таңбалаған зұлмат замандағы қазақтың мұңы мен зарын, арманы мен аңсарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, дәуірдің дауылпазындай дабыл қағып, ерлік пен елдікке үндеген әйгілі «Елім-айдың» әнін шығарған батыл қыз.
Айғаным – Шоқанның әжесі.
Зере – Абайдың әжесі.
Дінасыл – Мұхтардың әжесі.
Қызтумас – Бауыржанның әжесі.
Қалампыр ана – Балуан Шолақтың анасы.
Қарашаш – Жиренше шешеннің жары.
Жоғарыда аталған есімдердің біразы қазақ танымында эталондық, кейбіреуі символдық мәнге ие болған. Мысалы: Тұмар, Зарина – қайсарлық, өжеттік, тәкаппарлықтың, Құртқа, Домалақ ана, Қарашаш – қазақ әйеліне тән ақыл-парасат пен көрегенділіктің, Жібек – сұлулық пен сымбаттың, Айман мен Ақжүніс әйел үшін таптырмайтын қасиет – қулық пен айлакерлік, тапқырлықтың, ал Баян – сұлулықпен бірге махаббатқа адалдықтың, сезімге тұрақтылықтың символы.
Халқымыз «Қызда қырық есекке жүк боларлық айла бар», «Суды құм бөгейді, дауды қыз бөгейді» деу арқылы қазақ қызына тән тапқырлық пен батылдық, айла мен ақыл сияқты қасиеттерді де көрсеткен.
Қорыта айтқанда, халқымыз қыз баланы тіршіліктің тірегі, әлемдегі ізгіліктің алтын діңгегі, жарық дүниедегі әдемілік пен сұлулықтың тәңірісі деп бағалаған.
Қазақ қызы қандай болуы керек: ұлтжанды, қайсар, тәрбиелі, нәзік, намысшыл, сыпайы, бауырмал, жанашыр, адал, білімді, көкірегі ояу, саналы, сүйкімді, махаббатта, достықта адал, бұрымды, инабатты, сымбатты, көрікті, жан-жақты ойлай алатын еліне, жұртына, достарына әрқашан қамқор бола алатын қыз, нағыз қазақ қызы. Мұның бәрі мәдени-әлеуметтік таңба ретінде халық танымында сақталып қалған.
Айбике ару
Айбике ару Абылай ханның жау тылындағы барлаушыларының басшысы болған. Оның қоластында бірнеше тыңшы, барлаушылары болған. Ол ұзақ жылдар бойы «қолға түскен күң» бейнесіне еніп, қалмақ қонтайшысының ордасында күтуші болады. Жаудың күші мен шапқыншылық ниеті туралы Абылай ханға, Қаракерей Қабанбай мен Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек пен Қыпшақ Тілеулі батырларға астыртын құпия хабарлар мен мәліметтерді жеткізіп отырады.
Ержүрек қыз Айбике қалмақ тілін өте жетік меңгерген екен. Оның үстіне Тарбағатай мен Алтайдың таулы өңірлерінде, Зайсан мен Марқакөл маңында кез келген уақытта атпен адаспай жол тауып жүре беретін “жер шолғыш” қасиеті де бар екен. Айбике ару Жоңғар мемлекеті құлағаннан кейін өз еліне аман-есен оралады.
Гаухар батыр
Қазақ пен қалмақ арасындағы соғыс кезінде ерлік істерімен ел есінде қалған қазақ батыр әйелдерінің бірі – Гаухар. Ол атақты Қаракерей Қабанбай батырдың жан жары, Бәсентиін Малайсары батырдың туған қарындасы. Қабанбай батырдың қауіп-қатерге толы сансыз жорықтарында Гаухар ана ерекше табандылықпен қанды шайқастарға қатысқан. Қабанбай мен Гаухардың тұңғыштары Назым да өзінің ерлік істерімен тарихта аты қалған.
1724 жылы қазақтардың сол кездегі астанасы Түркістан қаласына жоңғарлардың қалың қолы тұтқиылдан шабуылға алады. Осы шайқаста Кіші жүздің ханы Әбілхайыр отыз мың әскер, Орта жүзден Сәмеке жиырма мың әскер дайындап, Қабанбайдың бас сардарлығымен жоңғарға қарсы шабуылға шықпақ болып жатқанда, Гаухар жоңғарларлардың қоршауын ерлікпен бұзып шығып, Қабанбайға жаудың жағдайы жөнінде толық мәліметтер береді. 1725 ж. әйгілі “Бұланты” жеңісі осының нәтижесі еді. Кейін Гаухар Қабанбайға өмірлік жолдас болып, уақыт өте келе “Гаухар батыр” атанады. Гаухар батырдың азан шақырып қойған аты Майсара болса керек.
Назым (18 ғасыр)
Назым батыр Қаракерей Қабанбай мен оның жары Гаухардан туған. Әкесімен бірге 18 ғасырда қазақ-жоңғар соғысына қатысып, Отан қорғаған.
1745 жылы жоңғар қонтайшысы Қалдан Серен өліп, жоңғарлардың өз ішінде таққа талас басталады. Осы сәтті ұтымды пайдаланған Абылай хан Түркістан мен Сыр бойындағы қалаларды азат етуді мақсат етеді. Жоңғар тарапынан Қалдан Сереннің ортаншы ұлы, тақ мұрагері Цевен Доржы шығады. Ол өзінің қалың қолымен Абылай әскерлерінен бұрын келіп, бекініп алады. Абылай Жаңақорғанды алуды Қабанбайға бұйырады. Зеңбіректен жауған оқтан көптеген сарбаздар қырылып, Абылайдың қолы еріксіз кейін шегінеді. Не істерін білмей тұрғанда, Назым қазақ жасақтарының оң жақ тұсынан Цевен Доржы тұрған төбеге қарай «Қабанбай! Қабанбай!» деп ұран тастап, суырылып шығады. Қыздың қолында не найза, не сойылы жоқ, бар болғаны қамшы ғана. Мұны көрген қалың қол шыдай алмай “Абылай! Ақ жол! Қабанбай! Абылай” деп айқайлап, зеңбірекшілерді таптап өтеді. Жоңғарларды жеңгеннен кейін, Абылай қыздың осыншама ерлігіне риза болып, оған беліндегі сом алтыннан соғылған белбеуін сыйға тартыпты. Абылайдың жоңғарларды толық талқандауына жол салған сол жеңісі Назымның атымен байланысты аталады.
Бопай Қасымқызы
Қазақтың 1838-1847 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының ұйымдастырушысы Кенесары Қасымұлының қарындасы Бопай ханымның есімі көпшілікке біршама таныс. Ол Кенесары Қасымұлы құрған хандықтың сыртқы және ішкі саясатына белсенді араласып, аянбай тер төгеді. Бопай қолбасшыға өжеттік, көсемдік, жеңіске деген сенім, салқынқандылық, қайсарлық, шешендік тән болған.
Ол өзінің күйеуі Сәмеке мен оның туыстары сұлтан Сартеке және Досан Әбілқайыровтарды да көтеріліске қатысуға шақырған екен. Олар келісім бермеген Бопай 1837 жылы өзінің күйеуін және оның туыстарын тастап, өзімен алты баласын алып, өз тағдырын көтерілісшілер тағдырымен біржола қосады. Бопай зекет жинайтын және көтеріліске қосылмаған сұлтандардың мүлкі мен азық-түлігін тартып алатын 600 адамдық ерекше топты басқарды. Сондай-ақ ол Кенесарының ірі шайқастарына қатысқан және партизандық жорықтар жасайтын болған. Бопай Кенесарының барлық кеңестеріне қатысып отырған, ал Кенесары Бопайдың ақыл-кеңестеріне құлақ асқан.
Жапалақ (18 ғасыр)
Тілеулі батырдың некелі тоғыз әйелі болған екен. Соның бірі ­– Тама Есет батырдың туған қарындасы Жапалақ. Ол жарымен бірге жорықтарға қатысып, құралайды көзден ататын мергендігімен қалмақтардың талайларын жайратып салған. Баласын дүниеге әкелгеннен кейін оның тәрбиесіне айрықша назар аударып, шайқастарға шығуын сиреткен.
Ботакөз батыр (18 ғасыр)
Тама Есет батырдың қызы Ботакөз жас кезінде апасы Жапалақпен бірге жүріп, одан соғыс өнерін үйренеді.
Тарихи деректер бойынша 1742 жылы Есет батыр мен Тілеулі батырды Әбілқайыр хан шақыртып, екеуі Орынборға жол жүріп кетеді. Соны біліп алған жоңғарлар ауылдың жылқысын алып кету үшін шабуыл жасап, қуғыншыларды қырып салады. Ботакөз бірден қолына қару алып, 150 сарбазбен шапқыншыларға қарсы шығады. Осы шайқаста Ботакөз қалмақтардың қолбасшысы Қонды тайшыны атының үстінен жұлып алып, сүйретіп әкетеді. Мұны көрген қалмақтар бытырай қашып, көбі садақ оғына ұшады. Қалмақ қонтайшысы қазақ қызынан жеңіліп, керемет қорланады. Ботакөз Есетқызының осы ерлігін растайтын құнды тарихи құжаттар Ақтөбенің облыстық мұражайында бар екен.
1749 жылы Барақ сұлтанның қолынан Әбілқайыр хан қаза табады. Оның орнына тағына баласы Нұралының отыру рәсіміне Әжібай би елдің бас көтерер бар азаматтарын ертіп, Орынборға аттанып кетеді. Соны пайдаланып, Еділ қалмақтары қорғансыз ауылды қанға бөктіріп, бүкіл малды барымталап айтап кетеді. Мұны естіген Есет Көкұлының қызы Ботагөз аз уақытта өз руының жігіттерін жауға тойтарыс беруге шақырады. 150-дей сарбазды бастап Ойыл өзені бойында қамсыз жатқан қалмақтарға аш бөрідей тиісіп, кек қайтаралы. Сол жерде жауын тұтқындап алып келіп, тартып алынған мал-мүлікті еліне қайтарады.
Бақты (Бақтықыз) (19 ғасыр)
Бақты ­– Алашорда көсемдерінің бірі, азаттық қозғалысының алыбы Мұстафа Шоқайдың әжесі, Торғай датқаның бәйбішесі. Ол 19 ғасырдың ортасында әкесімен бірге Түркістанды жаулаушы орыс отаршыларына қарсы күресіп, жау торабын барлаушылық қызметін атқарған. Оның тапқырлықтары мен жүрек жұтқан батырлығы туралы аңыз-әңгімелер ел арасындакөп сақталған.
Сапура батыр (Көктемір)
Ресей патшалығында шаруалар қолын басуға шыққан орыс әскерлеріне қарсы күрестің аты аңызға айналған қолбасшысы. Әйел басымен қол бастауға қымсынғандай, бір құпия тұлға “Көктемір” туралы аңызды таратады. Орыс әскерлері оның әйел екенін білмеген, тек «Көктемір» деп таныған. Олардың дерек көздерінде Пугачев көтерілісі кезінде қазақ даласында «ұстатпайтын ұстын», «көрінбейтін жан» деп аталған Сапура Мәтенқызы жұмбақ жағдайда өмірден өтеді.
Көктемір Сапура қыз туралы ғалым Е.Бекмаханов “Көрінбейтін адам туралы аңыз” атты зерттеу еңбегін жазған.
Жәнделі қыз (18 ғасыр)
Қалмақ шапқыншылығы кезінде, кейіннен Алтай-Тарбағатайды қытайлар иемденіп қалмақшы болғанда, ерлігімен, тапқырлығымен аты шыққан қыздардың бір – Жәнделі. Оның руы – Найман. Жауынгерлер оның атын ұран еткен. Найман қызы Жәнделі туралы Ноғайбай ақын былай деп жырлаған:
Гүліндей жауқазынның нәзік жүзі,
Халқымыз ұмытқан жоқ асыл қызын.
Адамзаттың аққуы Жәнделінің,
Жауға аттанған Сауырдың жатыр ізі.


А. Оралқызы