Ауыл шаруашылығы –экономиканың маңызды саласы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің отырысында ауыл шаруашылығында көптеп жиналып қалған мәселелерге үкімет пен әкімдердің, сондай-ақ тұрғындарыдың назарын аударды. «Ауыл шаруашылығына ерекше назар аудару керек. Соңғы жылы елімізде құрғақшылық болды. Былтырға қарағанда жиналған астық көлемі 4 миллион тоннаға кеміді. Бұл шикізатпен және жемшөппен қамтамасыз ету ісіне әсер етті. Болжам бойынша алдағы жылдары да ахуал күрделі болуы мүмкін. Үкімет тұқыммен, жемшөппен, тыңайтқышпен қамтамасыз ету мәселелерін және егін егу науқанын қатаң бақылауда ұстауға тиіс. Субсидияны тұрақты беруге қатысты мәселе жиі көтеріледі», – деді Президент.

Субсидиялау тәсілдерін қайта қарау қажеттігі туралы тапсырма бергенін қайта еске салып, «бұл жұмыс қысқа мерзім ішінде атқарылуға тиіс» деп ескертті. «Біз субсидия алуды жеңілдетуге, оның қолжетімді болуын және ашықтығын қамтамасыз етуге тиіспіз. Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажет. Бұл үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі басымдық екеніне айрықша назар аударамын. Егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді», – деді Мемлекет басшысы.

Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы мемлекет қолдауына мұқтаж салалар қатарына жатады. Құбылмалы климат жағдайларына, аумалы-төкпелі ауа райына тәуелділік, қуаңшылық жайлаған өңірлердің ұлғайып, «дамылсыз сұлу бетін жауын жуатын» өлкелер қатарының азаюы аграрлық экономика ахуалына әсер етпей қоймауда. Бұл үрдіс жаһандық жылынудың жағымсыз салдарлары айқын сезіле бастаған соңғы бір-екі жылда бедерлене байқалуда.

Кезінде бүкіл Кеңестер Одағын асыраған Қазақстан диқандары мен шопандары тәуелсіздік жылдары да билік назарынан шетқақпай қалған жоқ.

Орда бұзарлық отыз жыл ішінде саланы дамытып, ауылды көркейтуге бағытталған тоғыз мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Алайда, осы орайда, Президент Қ.Тоқаевтың тілге тиек етіліп отырған сөзіндегі мемлекет көмегі, түрлі субсидиялар мақсатқа сай, орнымен пайдаланылып келді ме деген сауал туындайды.

Осы түйткіл турасында Президент Қ.Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында  «соңғы жылы елімізде құрғақшылық болды. Былтырға қарағанда жиналған астық көлемі 4 миллион тоннаға кеміді» деп, мәселенің мәнісін бүкпесіз жайып салып, «жуырда болған заңбұзушылықтардың қайталануына жол бермеу маңызды» екеніне тоқталды. Бұл үшін қаржы үйлестірушілер мен субсидия таратушылардың жауапкершілігін көтеру, ең бастысы, құқық қорғау орындарының бақылауын қатаңдату керек, әйтпесе «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қала ма деген қауіп бар. Мемлекет басшысы айтқандай, «егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді». Сонымен қатар азық-түлік молшылығы ел қауіпсіздігінің басты шарты екенін де есте ұстауымыз қажет. Президенттің «ауыл шаруашылығына баса назар аудару» жөніндегі ұстанымы, міне, осыған үндейді.

ҚР Президенті еліміздің жаңа экономикалық саясаты алдағы кезеңде, ең алдымен, барлық қазақстандықтың өмір сүруі мен әл-ауқаты жоғары деңгейде болуын қамтамасыз етумен байланысты екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев осы мақсатта Қазақстан даму банкінің жұмыс форматын елдегі шағын және орта бизнесті дамытуға көмектесетіндей қайта қарауды ұсынды. Жалпы, қазіргі уақытта Қазақстан қоғамы Мемлекет басшысының шешімдері төңірегінде топтасуы қажет. Күшіміз – бірлікте. Біз бірге барлық қиындықты еңсеріп, көздеген мақсатымызға қол жеткізе аламыз. 

Б.Боранбаев,

«Ескелді ауданының

Құрметті азаматы»