Адам баласының қоғамда бағалануы, дәріптелуі, ардақталуы – тікелей оның адамгершілік қасиеттеріне байланысты. Егер ол айналасындағыларға қайырымды, адал болып, бүкіл қарым-қатынастарын адамгершілік тұрғысынан реттейтін болса, нағыз адамгершілігі мол жан болып, қоғамдағы сыйлы бағасын да, орнын да иемденеді. Ел ішінде жақсы ісімен, жайдары мінезімен, еткен еңбегімен көпшіліктің құрметіне бөленіп жүретін азаматтар болады. Олардың кейбіреуін күллі ел таныса, тағы бірін өзі туып-өскен өңірі мен қызмет етіп жүрген аймағы ғана біледі. Бірақ бұл адамгершілікті ту еткен азаматтардың беделі мен халқына сіңірген еңбегін бір мысқал да кемітпек емес.
Жақсылық – адамның ойы, ниеті, іс-әрекеті. Жаман пиғылдардан аулақ болып, қай кезде болса да адамға қол ұшын беріп көмектесетін, жанашырлық танытатын адамды жақсы адам дейміз.
Адамның ең асыл қасиеті – жақсылық. Адам адамға жақсылық жасау үшін жаралған. Жақсылық пен игілікті іс жасау-үлкен адамгершіліктің белгісі. Басқа адамдарға көмектесіп жүрген көптеген абзал жандар бар. Сондай адамның бірі, бірегейі Ағима Исағұлова.
Ағима (Ағайша) Исағұлова 1945 жылғы 3 ақпанда бұрынғы Талдықорған облысының Басши-Нұрым ауылында дүниеге келген. 1963 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Музыка-педагогика факультетіне (қазіргі Өнер және мәдениет факультеті) түсіп, оқу орнын 1967 жылы «Музыка және ән» мамандығы бойынша бітіреді. Содан бері табан аудармай шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық қызметті абыроймен атқарып келеді. А. Шермұхамбетқызына 1993 жылы доцент, 2010 жылы профессор ғылыми дәрежелері берілді. Оның бастамасымен «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблі, «Шаттық жыры» ансамблі, «Өнер жастан» опера театры мен тағы да басқа өнер ұжымдары құрылды. Соның ішінде «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің құрылуы қазақ өнерінің тарихындағы айтулы құбылыс болғандығы белгілі. Аты аңызға айналған ансамбль әлемнің көптеген мемлекеттерінде өнер көрсетіп, еліміздің мәдениетінің танылуына және дамуына елеулі үлес қосты. Қазақ эстрадасында тек қыздардан құралған алғашқы ұжымға әр жылдары мәдениет саласының майталмандары жетекшілік жасап, оның шығармашылығының өрістеуіне ұйытқы болды. Сондай-ақ А. Исағұлованың ұйымдастыруымен бірнеше халықаралық, республикалық, аймақтық өнер байқаулары, конкурстар мен фестивальдер жоғары деңгейде өтті.
Оның жетекшілігімен «Ақсұңқар» ардагерлер ансамблi ұйымдастырылды. Өнер ұжымы Алматының қарт тұрғындарын өнерге тартуды мақсат тұтады. Ағайша Исағұлова – кезiнде сырнаймен ән шырқап, аты күллi қазақ даласына танымал болған Майра Уәлиқызының сырнаймен ән айту мектебiн жалғастырушылардың бірегейі. Өнерпаз туралы қазақтың кемеңгер ұлы Дiнмұхамед Қонаевтың:
«Мен қазақтың екi-ақ қызын бiлемiн: бiрiншiсi – Хафиза Әбуғалиева аккордеонмен ән салушы едi. Екiншiсi – қарындасым Ағайша баянда ойнап, ән айтады. Бұл қыздар – елiмiзге келген бiртуар таланттар», – деген ұлағатты сөзi растай түседi.
Кезiнде Ағайшаның орындауындағы әндердi тамашалап, сызылта тартқан сырнай үнiне бойы балқып, көңiлi шалқыған Шыңғыс Айтматов: «Оның ән айту шеберлiгiнде шаманизм сарыны жатқандай әсер бередi. Ол бiздiң бәрiмiздi өзiнiң алақанында ұстап, әнiмен тыныстатты» десе керек.
Ал оның өнердегi, ұстаздық қызметтегi серiгi әрi құрбысы әншi-ұстаз Галина Қарамолдаева: «Ағайша Шермұхамбетқызының тұла бойы өнерден жаратылған ба деп ойлаймын. Сандуғаш үндi арқалы әншi, саусағынан бал тамған сырнайшы, нағыз халық сазгерi, «сегiз қырлы бiр сырлы» деген осы да», – деп толғанады.
Бүгінде профессордың ғылыми-әдістемелік еңбектері, музыкалық шығармалары жоғары оқу орындарында, жалпы білім беретін мектептерде пайдаланылады. Еңбектерінің қатарында «Музыка» бағдарламасы бойынша хрестоматия, фонохрестоматиялар, музыка пәнінің мұғалімдеріне арналған оқу-әдістемелік нұсқаулықтар, халық әндерінің жинақтары бар.
Ол кісі ұстаздықпен қатар, халық арасында кеңінен тараған 80-ге жуық әннің де авторы. Исағұлованың өміршең туындыларын өзінің шәкірттері, есімі елге танымал эстрада жұлдыздары Галина Қарамолдаева, Тамара Асар, Дина Хамзина, Ұлжан Айнақұлова, Алтын Махамбетова және тағы басқалар орындайды. «Қазақ» радиосының «алтын қорында» А. Исағұлованың орындауындағы 250-ден астам шығарма сақтаулы. Ол Венгрия, Польша, Чехия, Болгария, Германия, Литва, Украина, Белорусь, Югославия, Түркия, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей елдерінде қазақ өнерін насихаттап, жеке ән кештерін өткізді.
Сонымен қатар ол еліміздің барлық өңірінде «Көкпар» атты авторлық ән-музыка кешін және қайырымдылық шараларын өткізуге мұрындық болды. Ағайша Исағұлова «Алло, мы ищем таланты», «Жаңа ғасыр – жаңа ән», «Ттар әуендері», «Үздік музыка пәнінің мұғалімі», «Аталар сазы», «Татар моңнары» атты халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты.
Ол «Білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Қазақ өнерінің қайраткері», «Жылдің үздік маманы», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Ескелді ауданының «Құрметті азаматы» атақтары мен медаль және төсбелгілермен марапатталып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алған.
Жақсының жақсылығын айт,
Мейірі тассын,
Жаманның жамандығын айт,
Құты қашсын – дегендей, жаныңда жүрген жақсы адамдарды дәріптеу, олардың игі істерін өзінің туып өскен жеріне, халқына дәріптеу біздің басты борышымыз. Ұрпаққа үлгі, өскелең жас ұрпаққа негіз болар әрбір ісіне береке, жақсылық, деніне саулық тілейміз.
Арай Әділ