Мәдениет және спорт министрлігікейбір спорт түрлері бойынша балалардың жас және физиологиялық ерекшеліктерін ескеретін бірыңғайстандарт әзірлеуді жоспарлап отыр

Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек Қазақстандағы ДДҰ елдік кеңсесінің ұлттық үйлестірушісі Лаура Өтемісовамен кездесті. Тараптар балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын жақсарту бағытындағы іс- шараларды талқылады, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне хабарлайды.

Кездесуде бірқатар тақырыптар талқыланды: балалардың шектен тыс семіздігі және отырықшы өмір салты, дұрыс тамақтану, жарақат алу, физикалық белсенділікті бөлу және т. б.

Тараптар өскелең ұрпақ арасында дене шынықтыру мен спортты насихаттау басымдыққа ие болуға тиіс екенін, алайда осы екі ұғымды ажыратып, спорттық даярлықтың ұлттық стандартын енгізу қажет екенін атап өтті.

«Балалар мектепке белгілі бір жастан бастап барады, сондықтан балалардың физиологиялық және психологиялық ерекшеліктерін және олардың физикалық белсенділікке дайындығын ескеретін кейбір спорт түрлері бойынша бірыңғай стандартты белгілеуіміз керек. Егер бала кейбір спорт түрлерімен тым ерте айналыса бастаса, бұл оның физикалық немесе психикалық денсаулығына зиян тигізуі мүмкін. Әсіресе, жекпе-жек түрлері туралы айтатын болсақ. ДДҰ сарапшыларымен бірге осындай стандартты әзірлегіміз келеді»,-деді Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек.

Өз кезегінде Лаура Өтемісова ДДҰ-ны жарақаттану тәуекелі жоғары спорт түрлері бойынша жас шектеулері мәселесінде қазақстандық тарапқа кеңес беруге дайын екендігін мәлімдеді.

«Бізде физикалық белсенділік мәселелерімен айналысатын бөлім бар. Атап айтқанда, осындай зерттеулер жүргізетін Португалиядан келген сарапшылар жұмыс істейді. Сонымен қатар,  бұл мәселеде Қазақстан үшін басқа елдердің озық тәжірибелерін зерделеуге және талдауға дайынбыз», – деді ДДҰ-ның Қазақстандағы кеңсесінің ұлттық үйлестірушісі.