Ерікті жарналар дегеніміз не және оны аудару керек пе?

Жинақтаушы зейнетақы жүйесі зейнетақы жарналарының 3 түрінен тұрады. Олар: міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары.

Халық арасында барынша танымал болып үлгерген жарналардың алғашқы екі түріне қысқаша тоқталып өтейік:

— міндетті зейнетақы жарналары, қысқартылғанда – МЗЖ. Бұл біздің  жалақымыздың 10%-ы. Оны жұмыс беруші БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотымызға ай сайын аударып отырады;

— міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары немесе МКЗЖ – жұмыс берушінің зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары үшін өтемақысы.  Мұндай жарналардың мөлшері қызметкердің жалақысының 5%-нан құралады. Бірақ жұмыс берушінің бюджетінен төленеді. Мамандығы шахталарда, кеніштерде, пайдалы қазбаларды өндіру кеніштерінде және басқа да зиянды немесе қауіпті қызмет салаларымен байланысты азаматтар жарналардың осы түрін алуға  құқылы. Мұндай кәсіптердің толық тізімі Үкімет қаулысымен бекітілген және оны adilet.zan.kz сайтынан көруге болады.

 Жарнаның үшінші түрі туралы «БЖЗҚ» АҚ Өңірлік даму департаментінің директоры Мамила Мұсабековадан анықтап білдік.

— Мамила Құрманжанқызы, ерікті зейнетақы жарналары дегеніміз не және оны кімдер төлей алады? 

— Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) – бұл зейнетақы капиталын айтарлықтай толықтырудың тиімді тәсілі.  Атауы айтып тұрғандай, оны кез-келген адам өзі үшін ғана емес, жақындары үшін де, оның ішінде кәмелетке толмаған балаларының шотына аудару арқылы да жүзеге асырса болады. Болашақта олар мұны міндетті түрде бағалап, сізге өте риза болатынына сенімдімін!

— Айтыңызшы, заңды тұлғалар ЕЗЖ енгізе алады ма?

— Әрине, мысалы, заңды тұлғалар өз қызметкерлері үшін ерікті зейнетақы жарналарын міндетті жарналарға қосымша бонус ретінде аудара алады. Сонымен қатар, жұмыс берушінің қызметкердің пайдасына аударған ЕЗЖ жеке тұлғаның табысы ретінде қарастырылмайды, яғни оған салық салынбайды. Жұмыс беруші үшін мұндай шығыстар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегеріледі, яғни бұл жағдайда жұмыс беруші де артықшылықтарға ие болады.

— БЖЗҚ-да ерікті шотты қалай ашуға болады?

— ЕЗЖ бойынша шоттар, жарналардың барлық түрлері сияқты, зейнетақы қорына алғашқы жарна түскен кезде автоматты түрде ашылады, яғни салымшыға БЖЗҚ кеңсесіне барудың қажеті жоқ. Пайдасына зейнетақы жарналары аударылатын жеке тұлғаны сәйкестендіру ЕЗЖ аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер (ТАӘ, ЖСН, туған күні) бойынша жүзеге асырылады. Жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжат деректемелері, тұрақты тұратын жері сияқты барлық қажетті мәліметтерді БЖЗҚ мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен алады.

ЕЗЖ екінші деңгейдегі банктер және «Қазпошта» АҚ бөлімшелері арқылы аударылады. Сондай-ақ, жұмыс берушіге өтініш беріп, соның негізінде ол өтініш берушінің не өтініште көрсетілген үшінші тұлғаның пайдасына ерікті зейнетақы жарналарын БЖЗҚ-ға тұрақты түрде аударатын болады.

— Түсінікті. Ал кейбір салымшылардың ЕЗЖ шоттарында күтпеген сомалардың пайда бола бастағаны қалай орын алды?

— Иә, бізге бұл сұрақ жиі қойылады, бірақ осы туралы бірнеше рет айтқан болатынбыз.

Бұл 2022 жылы Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қорынан (ҚДКБҚ) депозиттердегі кепілдік өтеудің талап етілмеген сомаларын БЖЗҚ-ға аудару рәсімінің іске қосылуына байланысты. Бірнеше жыл ішінде таратылған банктердің депозиторларының талап етілмеген сомалары ҚДКБҚ-да болды. Көптеген адамдар үшін өтініш беру мерзімі әлдеқашан өтіп кетті. Сондықтан заңнамалық деңгейде оларды БЖЗҚ-дағы ерікті зейнетақы шоттарына аудару туралы шешім қабылданды. Салымшылар үшін ең маңыздысы, олардың ЖЗШ-на ҚДКБҚ-дан талап етілмеген сомалар түскен сәттен бастап бұлар зейнетақы активтері сияқты тәртіппен инвестицияланады. Яғни, олар» жұмыс істейді » және инвестициялық табыс әкеледі.

ҚДКБҚ-дан түсімнің бар-жоғын БЖЗҚ және электрондық үкімет сайттарында немесе БЖЗҚ-ның ұялы қосымшасында ЖЗШ-дан үзінді көшірмені қарау арқылы тексеруге болады.

— Салымшылар арасында ерікті жарналар қаншалықты танымал?

— Мен қазір олардың танымалдығы артып келеді деп сенімді түрде айта аламын. Өздеріңіз білесіздер, 2023 жылғы 1 қаңтарға БЖЗҚ-да ЕЗЖ бойынша 358 мыңнан астам шот ашылды (өсім өткен жылмен салыстырғанда 484% астам), онда шамамен 3,6 млрд теңге жинақталған (өсім бір жыл ішінде 107%  астам).

Жарналардың осы түріне деген халықтың қызығушылығының артуы  азаматтарымыздың өз болашағына жауапкершілікпен қарап, ол туралы ойлана бастағанын білдіреді!

— ЕЗЖ бойынша төлемдерді қалай алуға болады? Тек негізгі зейнетақымен бірге жасына байланысты ма?

— Міндетті емес. Ерікті зейнетақы жарналары бойынша жинақтардан төлемдерді 50 жасқа толған азаматтар, мүгедектігі бар адамдар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кететін немесе кеткен, ел заңнамасында айқындалған, кету ниетін немесе дерегін растайтын құжаттарды ұсынған, сондай-ақ, ЕЗЖ бойынша зейнетақы жинақтары Қорда кемінде бес жылдай уақыт болған адамдар ала алады.

— Әңгімеңізге рахмет, Мамила Құрманжанқызы!

Сұхбаттасқан Бақыт Оспанов