1 МАМЫР — БІРЛІКТІҢ ЕРЕКШЕ МЕРЕКЕСІ

Мамырдың алғашқы күні еліміздің түкпір-түкпірінде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні сән-салтанатпен тойланады. Жылдағы дәстүр бойынша биыл Ескелді ауданы да бірліктің ерекше мерекесін жаңа тұрпатта атап өтті.

Аудан әкімі Бағлан Тәнекенов мерекеге жиналған барша тұр-ғындарды айшықты мерекемен құттықтады. Өз сөзінде «Көптеген ұлттардың ортақ шаңырағына айналған Қазақстан бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгілік жолды нұсқап келеді. Әйтсе де, ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың алтын бесігін тербету аяқ астынан туындаған немесе қазақ даласында өздігінен пайда болған дүние еместігі бұрыннан белгілі. Ел иесі, жер иесі саналатын қазақ халқы қиын замандарда шартараптан бас сауғалаған, тағдыр тәлкегімен босып келген басқа жұртты бауырына басты. Өзінің тоз-тозы шыққанына қарамастан, басқаның қайғысына да ортақтығын танытты. Кеңестік жүйе қыспағымен қазақ даласын паналаған бөтен жұрт осында мәңгілікке тұрақтап қалды, өсті-өнді, ұрпағы жалғасты», – деп өз сөзінде сол жылдардағы қиындықты еске алып, бүгінгі күннің бейбіт өмірін бағалау керектігін айтты.

Салтанатты жиын барысында аудан деңгейін жоғары көтеріп жүрген, жақында елордамызда өткен халықаралық байқауда жүлдегер атанған «Аяназ би» ансамблі мен оларға жетекшілік ететін ұстаздары алғыс хатпен марапатталды.

Құттықтау мен марапаттаудан соң мерекенің көркін әсем әуен мен көрікті би қыздырып, халықтар достастығының жоғары екенін тағы бір дәлелдеді.

З. ЖҰМАБЕКОВА.