ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖҮЙРІКТЕРІ

Жалғызағаш ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы Диас Орынбасардың ұйымдастыруымен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының аясында «Ұлы даланың жүйріктері» атты көкпар  ойыны өткізілді.

Көкпар – ұлттық ойындардың бірі. Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар, Көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт түріне жатады. Жалғызағаш ауылында өткізілген көкпар ойынының мақсаты – ұлттық ойынды кеңінен насихаттау, жастардың бұл спорт түріне деген қызығушылығын арттыру.

Ұлттық ойында алға озып, бақ сынасуға Жалғызағаш, Сырымбет, Беріктас ауылдары және де басқа да көрші ауылдардың жігіттері қатысты. Көкпар сүйер қауым  өршілдік танытып, ойынды қыздыра түсірді. Қорытынды бойынша Мирас Әдіқұлов ең үздік шабандоз атанды. Рухы биік, талабы таудай қазақ жігіттері бұл ойынды асқан шеберлікпен ойнап, көрерменнің қошеметіне бөленді. Бұл ойында қазақ жігіттері «Ұлы даланың жүйріктері» деген атаққа лайық екендерін сөзбен емес, іспен дәлелдеді.

Ұлы даламыздан бастау алып, сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан ұлттық ойындарымыз әрқашан дәріптеліп, ойынға қызығушылық танытатындардың қатары көбейе берсе екен дейміз.

Алима МҰРАТҚЫЗЫ.