Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ауданымызға іссапармен келді. Алыстан ат арылтып келген Елжан Амантайұлы аудандық аурухананың тыныс-тіршілігімен танысты. Министр медицина қызметкерлерінің жұмысы мен дәрігерлердің пациенттерді қабылдауын тексеріп, олармен әңгімелесті. Елордалық қонақтар қабылдау бөлімінің қызметімен танысып, реанимация, хирургия бөлімдерін аралап, ондағы жұмыс жүйесіне көңіл толымды баға берді.
Аудандық аурухананың жүйелі жұмысымен танысқан министр ауруханада жұмыс істейтін барлық қызметкерлерді жиын залына шақырып, қорытынды сөзін білдірді. Елжан Біртанов алдағы уақытта ақ халатты жандардың жалақысы 30 пайызға өсіп, еліміздің барлық ауруханаларына жаңадан медициналық көлік пен тиісті құрал-жабдықтар келетіндігі жайлы айтты. Сонымен қатар медицина қызметкерлері адам денсаулығына асқан жауапкершілікпен қарап, алғашқы медициналық көмекті сапалы көрсетіп, өз ісінің білікті маманы болуға тиіс екендігін басты назарға алды. Министр ауруханада кадр тапшылығы болмай, әрбір медицина қызметкері өз құқығын білуге тиіс екендігін айтып өтті.
Келесі жылдан бастап әрбір қазақстандық міндетті медициналық сақтандырудан өтетіндігі белгілі болды. Мұндай шешім мемлекетімізде тұратын әрбір адамның денсаулығының қамы үшін қабылданған. Министр «Мемлекетімізде медицина жұмысы дұрыс дамымаса, науқас адам емделудің басқа жолын іздейді. Басқа жол іздеу арқылы адамдар басқа мемлекеттен жәрдем іздей бастайды. Сол себептен медицина саласының жұмысы сапалы болуға тиіс. Барлық айтылған мәселелерді өз бақылауымда ұстайтын боламын», – деп сөзін қорытындылады. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ауданның денсаулық сақтау жүйесінің ұйымдастырушылық жұмысына оң бағасын берді.
Айта кету керек, биылғы жылы аудандық аурухана күрделі жөндеуден өтетін болады.
Алима МҰРАТҚЫЗЫ.