КЕЛІСІП ПІШКЕН ТОН КЕЛТЕ БОЛМАЙДЫ

Бес жыл бұрын іргетасы қаланған «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының келешегіне сол уақытта біраз адамдар сенімсіздікпен қараған еді. Бүгінде қанатын кеңге жайған Кәсіпкерлер палатасы республиканың 14 облысында (Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларын айтпағанда) және көптеген аудан орталықтарында өз филиалдарын құрып үлгерді. Оған қоса жергілікті халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесіп, мыңдаған азаматтарды кәсіпкерлікке тартып отыр.

Осындай кәсіпкерлік секторын белсенді дамытып келе жатқан өңірлік палатаның бірі – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Ескелді аудандық филиалы.

Өткен аптаның соңында облыстық Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшелері мен жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы және кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жиын өткізді. Оған Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшелері, Ескелді ауданының әкімі, аудан әкімінің орынбасары, аудан прокуроры, ауылдық округ әкімдері, аудан басқармаларының басшылары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, қоғамдық бірлестіктің төрағалары, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің төрағалары, шаруа қожалықтары және аудан кәсіпкерлері қатысты.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының облыстық өңірлік кеңесінің мүшесі Ж.Сарғалдақов жиынды ашып, қатысушыларды күн тәртібімен таныстырды. Алдымен аудан әкімі Б.Тәнекенов сөз алып, жүзеге асырылып жатқан жобаларды тілге тиек етті. Осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерді тізбектеп шықты.

Кеңестің күн тәртібінде тұрған мәселелер бойынша алдымен аудандық Кәсіпкерлер палатасы кеңесінің төрағасы А.Хильниченко есебін жүргізді. Александр Викторович өз сөзінде сол бес жыл бұрын құрылған палатаның жай-күйін еске алып, алдымен аудан әкімі Бағлан Сағындықұлына алғысын білдірді. Оның сөзінше өңір басшысы «Менің тарапымнан қандай көмек қажет?» деген алғашқы әкімдердің бірі екен.

Аудандық Кәсіпкерлер палатасы филиалы директоры Ә.Тайжанов 2018 жыл бойынша атқарылған барлық жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталды. Жетістіктерді слайд арқылы көрсетті, тек Іскерік әйелдер кеңесінің даму көрсеткіші төмен екенін және алдағы уақытта туризм саласына көбірек көңіл бөлеміз деді.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Н.Әбілшайықов, облыстық өңірлік кеңестің төрайымы Римма Салықова баяндамашылардың атқарылып жатқан жұмыстарына көңілдері толатындықтарын жеткізіп, жиналғандар тарапынан түскен сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар кеңеске қатысқан аудан прокуроры Қ.Шойбеков кәсіпкерлер заң тұрғысында нені білулері қажет екенін айтты.

Күн тәртібінде тұрған үшінші мәселе бойынша аудандық кәсіпкерлер палатасы кеңесін сайлауға 21 кандидат ұсынылды. Ұсыныс бірауыздан қабылданды.

Қорытынды баяндамалар төңірегінде аудан кәсіпкерлері сұрақтарын қойып, атқарылған жұмыстарға баға берді. Кәсіпкерлер палатасы арқылы білім алып, өз кәсібін өркендетіп отырған М.Қадыров Әбен Бейсекеұлына, бизнес-тренер Жандос Супабековке және осындай зор мүмкіндік беріп отырған аудан басшыларына алғысын жаудырды.

Жеңілдетілген пайызбен несие алып, тігін цехын ашқан кәсіпкер Зібилә Рахымжан да жүрекжарды лебізін білдірді. Осы тұрғыда аудан әкімі алдағы уақытта біркелкі мектеп формасын аламыз деген мектептер үшін Зібилә тігінші сияқты кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерге тіктіру керектегін айтып, ауыл әкімдеріне құлаққағыс жасады. Себебі, шет мемлекеттен әкелетін киімдердің сапасы өте төмен және бағасы тым жоғары. Ал жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсету арқылы аудан экономикасын дамытып қоймай, қолжетімді бағада сапалы заттарға қол жеткізетіндігіміз айдан анық.

Күн тәртібінде тұрған барлық мәселелер толығымен қаралды. Барлық қатысушылар Ә.Тайжанов пен А.Хильниченконың жұмыстарын жоғары бағалап, қанағаттанарлық деген баға берді. «Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, бүгінгі жиында барлық тарап бір-бірімен кеңесіп, алдыға мақсат-міндеттерді айқындап алды.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.