
Бүгінгі күні жастар қауымына үлгі боларлық, өмірі өнегелі істерге толы аға-апаларымыз көп. Солардың бірі – «Жетісу» телеарнасының бас продюсері, белгілі журналист Жұмахмет Жайлаубаев. Оның өмір жолы қандай әсерлі, шым-шытырықтарға толы болса, жастарға берер өнегесі де сондай тағылымды.
Өткен аптаның аяғында облыстық жастар ресурстық орталығы осымен бірнеше мәрте ұйымдастырып отырған «Jas Talks» жобасы аясында жастар қауымын Жұмахмет ағамызбен кездестірді. Кездесу «Рухани жаңғыру» және «Қазақ қоғамы» атты тақырыптар төңірегінде еркін сұқбаттасу, галстуксыз, бейресми форматта өтті. Жиынды Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыру бөлімінің басшысы Дәулет Ауданбаев жүргізіп отырды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жан-жақты зерделеп, «рухани жаңғыру» деп ұрандатамыз да, кей кезде мақаланың шын мәнісін, бізге берер құндылығын ұмытып кетеміз. Ал Жұмахмет Жанахметұлы осы рухани жаңғыруды өз басынан өткізген екен. Өмірлік тәжірибесімен бөлісіп қана қоймай, жастарға тағылымды тәрбие беру мақсатында журналист бар білгенімен бөлісті, ақын-жазушылардың үлгілі сөздерін жалау етті.
Алғашқыда қарапайым тракторшы, кейіннен телеарнада оператор, журналист болып еңбек атқарған Жұмахмет ағамыз бүгінде «Жетісу» телеарнасының бас продюсері. Тек таза еңбек пен адал қызметке сүйенген қаламы қарымды ағамыздың алдын көптеген қиындықтар кесіп отырған екен. Сырттан көреалмаушылық пен аяқтан шалушылыққа көп кезіккен. Соған қарамастан білімін үнемі жетілдіріп, кітапханадан шықпаған. Ал 50 жасқа таяғанда жоғарғы оқу орнын тәмамдаған. Бүгінде сол қиындықтар мен оларға себепші болған жандарға алғысын айтады.
Жұмахмет ағаның өзі қандай білімді, көкірегі ояу, көзі ашық болса, оның оқырмандары да одан кенде емес екен. Кездесу барысында жиналған қауым тарапынан мәні мен мағынасы терең сұрақтар қойылды. Бұл сауалдарға басты кейіпкер өмірлік мысалдарымен жауап беріп отырды. Қатысушылар тіптен орындарынан қозғалғысы келмей, тағы да қосымша уақыт бөлуін сұрады.
Кездесу барысында облыстық «Жетісу» газетінің орынбасары, ақын Жұматай Әміреев сөз алып, әріптесінің шәкірті екенін айтты. Сонымен қатар облыстық газеттің жас журналисі Асыл Сұлтанғазы Жұматай Жанахметұлының кенже шәкірттерінің бірі екенін тілге тиек етіп, жылы лебізін білдірді.
Сөз барысында Жұмахмет Жанахметұлы «Өткен тарихымызды айтып мақтанамыз, ертеңімізге ұзыннан-ұзақ жоспар құрамыз. Бүгінгі күнімізді бос өткізіп жатырмыз» деген еді. Ал ағамызбен әңгіме-сұқбат құрған осы күн босқа өтпеді, оның мәнді сөздерінің арқасында жастардың кеудесінде рух оянды. Бір сөзбен айтқанда, барлығымыз рухани серпіліп қайттық.
Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.