Ұлт көшбасшысы атанып, мемлекетіміздің бірлігін берік еткен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасын қазақ халқы өзінің төл болмысын ұмыт қылмасын деген мақсатпен жолдаған болатын. Игілігі мен тағылымы мол бұл бағдарламаның ұлттық санамызды жаңғыртуға тигізетін пайдасы зор. Біз айбыны асқақ ел болып тіліміз бен дінімізді, құндылықтарымыз бен дәстүрлерімізді құрметтеп, ата-бабамыздың ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келген өсиетін дәріптеуге тиіспіз.
Тарих сахнасында есімі мәңгі қалар таудай ірі тұлғаларды, жерін жаудан азат етіп, намысын бірінші орынға қойған өр мінезді батырларды, ел бірлігін жырлаған жырауларды, жұрттың дауын ақылмен шешіп, әділ жолмен жүруді басты қағидаға айналдырған билерімізді, қаламы шалқып, керемет туындыларды өмірге әкелген жазушыларымызды барша халық біліп, оларды пір тұтуға тиіс. Ұлттың ұлт болып қалыптасып, қазақ халқының қанына сіңген бірегейлік пен намысшылдықтың сақталып қалуы осы аталған арыстардың баға жетпес ерлігінің арқасы. Өскелең ұрпақ елінің арыстан жүректі тұлғаларын біліп өсуі тиіс. Тұңғыш Президентіміздің жарқын идеясының арқасында жас өрен рухани азық берер көптеген шараларға қатысып, өзі туып-өскен жерінің төл тамырын тану үстінде. Мұндай танымдық адамзат баласының ой-өрісін дамытып қана қоймай, санамыздың дұрыс бағытта жұмыс істеуіне жетелейді.
Тарихымызды біліп, өткенге көз жүгіртіп, бүгінгі жарқын болашақ бізге қалай келгенін білер болсақ, қолдағы барымызды бағалауды үйренеміз. Дана халқымыз «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген мақалды текке айтпаған ғой. Өз Отаны үшін кез келген биіктіктен, отқа түсер азаматтарымыз көп болса, біздің қамалымызды ешбір жау ала алмасы анық.
Қазақ халқының бақытын баянды етіп, тәуелсіздік туын көк аспанда желбірету үшін туған Тұңғыш Президентіміздің халқы үшін жасаған еңбегі ұшан-теңіз. Жас ұрпақтың өмірін жарқын етіп, қараңғылықтың көгіне өрмелеп шығып, күн болған Ұлт көшбасшысының заңғар идеясы өз жемісін беруде. Бұл бағдарламалық мақала болмысымыздың сақталып, санамыздың жаңғырып, білімнің салтанат құруына жол бастап келеді. Біз ел қорғанына айналуға тиіспіз. Ел қорғаны атану үлкен ерлікті талап етпейді, жүрегімізде Отанға деген сүйіспеншілік сезімі болса жетерлік. Ал «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында осы айтылған Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыратын жүйелі бағыттар көп. Жаңғыру жолындағы сапарымыз сәтті болғай!
Алима НҮСІПОВА.