
Ел үшін жасалған еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Ол ерлік пен елдіктің шежіресіне мәңгілікке еніп, кейінгі буынға өнегенің алтын қазығы болып қала бермек. Халқы үшін ерен еңбек етіп, еліне қалтықсыз қызмет етудің үлгісін көрсете білген тұлғалар ауданымызда көп болған. Олардың бірі жасампаздық пен ерліктің иесі атанған ерлер – Боранбаев Қабдолда мен ұлы Боранбаев Еділ.
Боранбаев Қабдолда Жалғызағаш орта мектебінде талай жыл ұстаз болып қызмет атқарған. Өзі оқытқан шәкірттеріне терең білім беріп, оқушыларын қанаттандырып, жаңа өмірге жетелеп, білікті ұстаз атана білген. «Түнде жүргенде ай жарығы қалай керек болса, өмірде білім сондай керек» деген қанатты сөзін шәкірттеріне күнделікті айтып, олардан ізденімпаз болуды талап еткен. Өзі дәріс берген оқушылары бүгінгі күні өмір асуында биік белестерден көрініп, ұстаздары секілді халқына адал қызмет атқарып келеді. Қабдолда Несіпбайұлы шәкірттік қызметінен кейін осы Жалғызағаш орта мектебінде жиырма жыл директорлық қызмет атқарған. Осы жылдар ішінде мектептің гүлденіп, ұстаздардың біліктілігін арттыруға сүбелі үлес қосқан. Халыққа білім беру саласындағы сіңірген еңбегі мен мектеп қабырғасында шәкірттерінің өмірін жарқын ету мақсатында атқарған қызметі еленіп, СССР Жоғары Советі Президиумының бұйрығымен «Құрмет белгісі» орденімен марапатталып, «Халық ағарту ісінің үздігі» атағын иеленіп, «Еңбек ардагері» медалімен маратталған. Ел арасында өнегелі өмірімен көзге түсіп, ауылының қадірлі азаматы болған Қабдолда аға өмір жолында қасіреттің дәмінде де татқан. Кеңес үкіметінің саясатымен «Интернационалдық борышты өтеу» деген ұранмен ұлы Еділ Ауған соғысына борышын өтеуге шақырылып, әскери міндетін өтеу жолында ерлікпен қаза тапқан. Бұл хабар бүкіл жұрттың, туған-туыстың, бауырларының және бірінші орында әкесінің қабырғасын қайыстырған. Қабдолда аға өзінің «Ауылым» атты кітабында былай деп жазған екен. «Бұл соғыс біздің жанұямызды қайғыға ұшыратты. Ұлым Еділ Ауған соғысында ерлікпен қаза тапты. Артынан «Қызыл жұлдыз» орденін берді. Орден баламның орнын толтыра алмады.
Бар еді Еділ деген тірегім,
Соғыста тоқтады-ау жүрегің,
Қалмады артыңда ұрпағың
Су сепкендей басылды жүрегім», – деп жоқтау жазған екен.
Еділ Боранбаевтың ерлігі ел есінде мәңгі сақталмақ. Ер өлсе де, еңбегін ел өлтірмейді. Жалғызағаш орта мектебінде Еділ Қабдолдаұлын еске алу шаралары жиі өтіп тұрады. Қабдолда ағаның туған жері Биғаш ауылында ұлы Еділ Боранбаевтың құрметіне арналып көше атауы берілген.
Жақында Қабдолда Боранбаевтың балалары мен немерелерінің ұйымдастыруымен Жалғызағаш орта мектебінде ерлігі еленген қос ердің құрметіне арналып ас беріліп, волейболдан еске алу турнирі өтті. Мектеп директоры Айдын Мейірбеков турнирді салтанатты түрде ашып, Қабдолда Несіпбайұлының шәкірті болғаны жайлы айтып, өнегелі ұстазының өмірінен үзік сыр шертті. Аудандық білім бөлімінің әдіскері Талғат Бекбосыновқа сөз кезегі берілді. Ол кісі ұйымдастырылып отырған шараның жас ұрпаққа берер тағылымды тәрбиесі көп екендігін айтып өтті. Кезінде Киров колхозының басшысы, кейіннен Көксу ауданының әкімі болған Омар Қасымбеков турнирге жиылған қауымға алғысын білдіріп, ойынға қатысушыларға сәттілік тіледі. Қабдолда ағаның балаларының ішіндегі үлкені Ғалия Боранбаеваға сөз кезегі берілді. Ілтипатпен сөз бастаған Ғалия тәте осындай турнирдің өтуіне ұйытқы болған мектеп директоры Айдын Мейірбековті, спорт бөлімінің әдіскері Серік Байғазиевті және мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беретін ұстаз Болат Нұрғожинға Алматы қаласынан әкелген бағалы сыйлықтарын табыстады. Мектеп директорының айтуы бойынша Ғалия тәте осы мектепте 1974 жылдан бастап ұстаздық қызмет атқарған. Балаларға еңбек пәнінен сабақ берген. Осы мектептің асхасында жұмыс істейтін шәкірті «Ғалия тәтенің арқасында салаттың көптеген түрін жасауды және кесте тігіп, тоқыма тоқуды үйрендім» дейді. Қазіргі таңда Ғалия тәте зейнеткер атанып, балаларының қызығына бөленуде.
Турнир басталардың алдында Қабдолда ағаның бауыры, Жалғызағаш ауылының тұрғыны, екі рет қажылыққа барған Сембай ата барша қауымға ақ батасын беріп, елімізге бейбіт өмір тіледі.
Еске алу турнирінде волейбол ойнауға ауданымызға қарасты мектеп ұстаздарынан құралған командалар қатысты. Бірнеше сағатқа созылған ойында топ жарған командалар кубокпен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Жүлделі бірінші орынды Жалғызағаш орта мектебі иеленіп, 50 мың теңгені қанжығаларына байлады. Ал екінші орынға Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебі жайғасып, 35 теңгені, үшінші орынға Т.Рүстембеков атындағы орта мектебі табан тіреп, 20 мың теңгені иеленді.
Турнирді тамашалауға келген және турнирді ойнауға қатысқан командалар, мектеп ұжымы мен ауыл тұрғындарына арналып ақ дастарқан жайылып, астан дәм ұсынылды. Мектеп асханасында істейтін қызметкерлер мен Қабдолда ағаның туыстары тікеден тік тұрып, дастарқанға жайғасқан халыққа ас ұсынып, қызмет көрсетті. Несіпбай ағаның мұндай кеңпейілділік танытқан дархан көңілді отбасына алғысымыз шексіз. Өмірі тек өнеге мен игілікке толы болған Боранбаевтар әулетінің шаңырағына құт-береке мен сарқылмас бақыт тілейміз!
Алима МҰРАТҚЫЗЫ.