ЖАЙДАРМАНШЫ ҰСТАЗДАР ТОП ЖАРДЫ

Ұстаздар оқушылар қауымына оқу-білім мен тәлім-тәрбие ғана береді деген ойдан мүлдем арылу керек. Қазіргі заманның ағымына орай жас ұстаздар қосымша білімін жетілдіріп, үнемі ізденісте жүреді. Олар мектеп қабырғасынан тыс уақытта өздерін сан түрлі қырынан көрсетіп жүр. Өткен аптаның сенбі күнінде жас ұстаздар арасында өткен «Жайдарман» ойыны соның дәлелі болды деп айтуға толық негіз бар.

Демалыс күні Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясында Ескелді ауданына қарасты мектептердің төрт жылға дейінгі еңбек өтілі бар жас мамандар арасында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын қолдау мақсатында «Ескелді ауданының білім бөлімінің кубогі – 2019» атты көңілді тапқырлардың ойыны өткізілді. Ойынды аудандық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы кабинетінің әдіскерлері ұйымдастырса, аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитеті демеушілік жасады.

Бұл ойынға Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясынан «Шоқанның еркелері», Ақын Сара ауылы, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінен «Күлмесең қой», Қаратал орта мектебінен «Әлем», Титов атындағы орта мектебінен «Сәттілік», Б.Жолбарысұлы атындағы орта мектебінен «Бақтыбай жұлдыздары», С.Сейфуллин атындағы орта мектебінен «Елтай city», Қарабұлақ орта мектебінен «Нұр ұстаздар», Жетісу орта мектебінен «Оригинал КТК» және Байысов атындағы орта мектебінен «Сұлу қыздар» командалары топ жарды.

«Таныстыру», «Бес жаңалық», «Үй тапсырмасы» атты үш кезеңде өткен тартысты ойында команда ойыншылары кәсіби жайдарманшы ойыншылар сияқты бар өнерлерін сахнада көрсетті. Актерлік шеберліктерін көрсете білген ұстаздар ұтқыр, тапқыр әзілдерімен әділқазылар қауымы мен көрерменді күлдірте білді. Ойын барысында әділқазылар алқасында отырған аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Адия Айтбузинова, білім бөлімінің әдіскері Ботагөз Әлімғазина және жастар ресурстық орталығының мамандары қатысушылардың жарыс тақырыбының ашылуына, әзіл сапасына, музыкалық әрлеу мен регламентті сақтауына мән беріп, жоғары бағалады. Сонымен қатар, ойында қайталаушылық, сахналық мәдениеттен тыс кейбір көріністерге, әділқазылар алқасының мүшелері ескерту жасады. Жалпы ойын барысында тапқырлық пен күтпеген әзілдерді ойыншылар көрсете білді.

Ойынның қорытындысын шығарып, жеңімпаздарды анықтау әрқашан да қиын кезең екені белгілі. Себебі барлық қатысушылар — өз алдына бір жеңімпаз. Дегенмен де әділқазылар алқасының мүшелері барлық шарттарды ескере отырып, өз шешімдерін шығарды. Ойын барысында еш теңдессіз өнер көрсеткен, әрбір әзілінде үлкен мән мен мағына бар, актерлық шеберліктері мығым, сөйлеу мәдениеті мен сахнада өзін-өзі ұстауы жоғары болған Қаратал орта мектебінің «Әлем» командасы бірауыздан І жүлделі орынды жеңіп алды. Әзілдері ұтқыр болған Титов атындағы орта мектебінің «Сәттілік» командасы ІІ орыннан көрініп, ІІІ орынға Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің «Шоқанның еркелері» жайғасты. Жеңімпаздар кубок пен бағалы сыйлықтарға ие болды. Ал қалған қатысушы командалар белсенділік танытқандары үшін алғыс хатпен және сыйлықтармен марапатталды. Ойын соңы өзара құттықтаумен, суретке түсумен аяқталды.

 

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.