ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ ТОЙЛАНДЫ

Көктемнің шырайлы мерекесі Наурыз тойын ауыл жұртшылығы округтің Мәдениет үйінің алдында  дүбірлетіп тойлады. Тұрғындарға мол дастарқан жайылып, «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты концерттік бағдарлама ұсынылды.

Қонақтар әзірленген кон-церттік бағдарламаларды тамашалап, өз ілтипаттарын білдірді. Осыдан кейін Бақтыбай ауылдық округінің әкімі Айдын Исабеков ауыл тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтап, мерекелік тілегін жеткізді: «Баршаңызды еңбек пен ырыстың, ізгілік пен жақсылықтың жарқын мерекесі – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Әз-Наурыз елімізге бақ-береке, мол табыс алып келсін! Ұлыстың Ұлы күні құтты болып, күннің алғашқы нұры әрбір шаңыраққа бақыт, болашаққа деген сенімділік әкелсін! Ұлыс оң, ақ мол болсын ағайын!»

Әр мекеме мерекелік дастарқан жайып, ауыл тұрғындары көжеден дәм татты. Сонымен қатар әртүрлі спорттық ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды.

Ата-бабамыздан келе жатқан қазақ жұртына ғана тән  «Тұсаукесер» рәсімі де мерекенің сәнін келтірді. Ауылдың ардақты анасы, «Алтын алқа» иесі Алтынжамал Анжиева қаз тұрып, енді ғана тәй-тәй басып келе жатқан кішкентай егіз бүлдіршіндердің тұсауын кесті. Бүлдіршіндерге ақ батасын берді.

Мереке соңынан дастарқан жайған мекемелерге заттай сыйлықтар табыс етілді. Ұйымдастыруымен ерекше көзге түскен ауылымыздағы «Диас» балабақшасы жүлделі орынды иеленді.

Жиналған жұртшылық бір-біріне ақ тілектерін білдіріп, риза көңілмен тарқасты.

Айдана Мұхамеджанова,

Бақтыбай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы.