Қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталып отырған тың идеялар уақыт талабы мен ел дамуының тарихи кезеңіне сай, маңызы зор шешім болып табылады. Соның ішіндегі ҚР Тұңғыш Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы елімізге мүлдем жаңаша сипат, тың серпін әкеліп отыр.
Бүгінгі таңда аталмыш мақаланың аясында ежелгі салтымыз қайта жаңғырып отыр. Еліміздің ұлан-байтақ жеріндегі байлықтарды, адам бойындағы қасиеттерді, сонымен қатар жарқын болашаққа жол ашар игі істерді мектеп қабырғасындағы бүлдіршіндердің санасына сі-ңіру барысында мектебімізде түрлі іс-шаралар өткізіліп жатыр. Ұлттық салт-дәстүрімізді, тіліміз бен дінімізді, әдебиет пен музыкамызды, яғни бар рухани байлығымызды оқушылар қауымына дәріптеп отырамыз.
Жақында Көкжазық ауылы Балпық би атындағы орта мектебінің бастауыш сынып ұстаздарының ұйымдастыруымен «Салтымыз – рухымыз» атты мерекелік шара өтті. Бұл үрдісті мектеп қабырғасындағы бүлдіршіндерден бастадық. Мақсатымыз – келешегі кемел, жарқын болашақтың кепілі болатын ұрпақты тәрбиелеу.
Арнайы ұйымдастырылған шара барысында 1,2,3 және 4 сынып оқушылары келген қонақтарға өз өнерлерін көрсетіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар салт-дәстүріміз ұлықталып, әжелер шашу шашып, Қыдыр атаның бата беруімен дүбірлі думан жалғасын тапты. Балдай тәтті балапандар бал тілдерімен өлеңдерін нақышына келтіріп оқыды. Одан кейін әр сыныптың оқушылары «Бесікке бөлеу», «Тұсаукесер» сияқты дәстүрлерден көрініс қойып, үлкендерді бір марқайтты.
Шара соңында әннен шашу шашылды. Ал келген қонақтарға арнайы ақ дастарқан жайылып, ұлттық тағамдар ұсынылды. Ел іргесін биік ұстар бүлдіршіндеріміз аман болсын.
Раушан ЕРШЕКЕНҚЫЗЫ,
бастауыш сынып мұғалімі.