НАУРЫЗ — БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

Көктем мезгілінде қыстың ызғары кетіп, тіршілік жайнай түседі. Осы керемет мезгілде Наурыз тойы, яғни жыл бастау мейрамы тойланады. Қазақ халқы үшін наурыз киелі мереке болып саналған. Оны дүбірлетіп тойлау дәстүрге айналған.

Биыл Наурыз тойы ауданымызға қарасты ауылдық округтерде кең ауқымда тойланды. Іргесі тыныш, төрі кең Қоңыр ауылының тұрғындары Ұлыс мерекесін думандатып қарсы алды. Мәдениет үйінің орталығында  қазақ үйлер тігіліп, ауыл тұрғындары мерекені тойлауға ұлттық нақыштағы киімдерін киіп, төс қағыстырып, бір-біріне ақ тілектерін тіледі. Ауыл келіншектері ақ дастарқан жайып, ізгі ниеттерін білдіріп, барша жұртты ұлы астан дәм татуға шақырды. Көңілі жарқын қазақ халқы «Малымды алсаң да, пейілімді алма» деп ақ пейілдерін ешқашан тарылтқан емес.  Әрбір   адам   баласын бауырым деп білген халық бұл күні барша жұртты бауырына басып, Ұлыстың Ұлы күнін дүбірлетіп тойлады.

Ата-бабамыздан сан жылдар бойы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан салт-дәстүрлердің бірі осы күні ұлықталды. Үлкен кісілер жаңадан қаз басқан сәбидің тұсауын кесіп, тез жүріп кетсін деп тілек білдірді. Сондай-ақ қол күрес, арқан тартыс, гір көтеру секілді ұлттық ойындардан жарыстар өткізілді. Осы ойындарда оза шапқан жеткіншектерге  орындар беріліп, бағалы сыйлықтар табысталды.

Қоңыр ауылында тойланған ұлы мерекеде ән айтылып, далада күй шертілді. Аузы дуалы ауыл ақсақалдары барша қауымға ақ батасын беріп, елімізге бейбіт өмір тіледі.

Ынтымағы жарасқан көп ұлтты мемлекетімізде бірлігіміз мызғымай, дәстүріміз ұмыт болмай, шаңырағымыз шаттық пен қуанышқа тола бергей!

Алима НҮСІПОВА.