ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ

Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев 2014 жылы «Ұлт жос-пары – 100 нақты қадам» бес институттық реформасын қабылдаған болатын. Оның 12-қадамында жаңа этикалық ережелерді енгізуді тапсырған еді. Соның негізінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 5-бабына сәйкес 2016 жылдан бастап ҚР Мемлекеттік қызмет істері  министрлігіне қарасты «Әдеп жөніндегі кеңес» жұмыс істеп келеді.

Әдеп кодексі сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шараларды әзірлеп, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік әдепті сақтаудағы жауапкершілік деңгейін арттыруды қамтамасыз етуді көздейді. Сонымен қатар бұл кодекс мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне қойылатын жалпы қабылданған талаптарды, сондай-ақ олардың мінез-құлқының негізгі стандарттарын белгілейді және халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға ба-ғытталады.

Өткен аптада ауданға Алматы облысы бойынша Әдеп жөніндегі уәкілі Талғат Өмірәлиев келді. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Қайырғали Әлібаев жүргізіп, оған аудандық мемлекеттік мекемелердің басшылары, ауылдық округтердің әкімдері, барлық мемлекеттік қызметкерлер қатысты.

Алғы сөзді алған Қайырғали Айтжанұлы атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымды екенін, өткен жылы алғаш рет Ескелді ауданы мен Талғар ауданы бірлесе отырып жұмыстарын қорытындылағанын айтты. Талғат Әбенұлының осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарын алға тартты.

Өз кезегінде Талғат Әбенұлы мемлекеттік қызметшілердің ұстануы тиіс мінез-құлықтары мен қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлықтарының қандай болуы керектігін айтты. Өзгелерге сабақ болсын деген мақсатта мемлекеттік қызметшілердің қателіктерін көрсететін бейнероликке зер салуын сұрады.

Талғат Өмірәлиев: «Мемлекеттік қызметшілер өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығын,  әділдігін және ашықтығын қамтамасыз етіп, жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбай, іскерлік әдепті және ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауы тиіс. Олар өзге азаматтармен, ұжымда сөз сөйлеуде сыпайылық пен әдептілікті ұстанып, қай жерде болмасын мемлекеттік қызметші әдеп талаптарын сақтауды естен шығармауы қажет», — деді.

Сөз соңында Талғат Әбенұлы облысқа қарасты бірнеше аудандардың басшылары мем-лекеттік қызметке кір келтірген тәртіпті теріс қылық жасағаны үшін мемлекеттік қызметтен шеттетілгенін айтты. Бұл ретте осы уақытқа дейін Ескелді ауданынан бірде-бір рет жағымсыз жаңалық түспеген екен. Оның барлығы аудан басшылығының білгірлігіне байланысты екенін жасырмады. Ал ауданға ат басын бұрып, мемлекеттік қызметшілерге ақыл-кеңесін берген уәкілге жиынға қатысушылар алғысын білдірді.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.